Мұғалімдер құрметке бөленді

983 Views

Ескі заманнан қалған мына есті сөз естен кетпестей санада сақтаулы. Жазайық, оқыңыз. Ескендір Зұлқарнайынның дәуірі. Бірде одан көпшіліктің ішінен суырылып алдыға шыққан бір оқымысты: «Сен неге әкең Филипп патшаға қарағанда ұстазың Аристотельді көбірек құрмет тұтасың?» деп сұраған көрінеді. Сонда Ескендір: «Әкем Филипп менің тәнімді тәрбиелеп, Көктен жерге түсірді, ал ұстазым Аристотель болса, керісінше, менің жанымды тәрбиелеп, жерден Көкке көтерді» деп жауап қайырыпты. Қандай жауап десеңізші. Біздің бұнымен не айтқымыз келіп отыр дейсіз ғой? Қанша даттау айтып сын садағына ілсек те, ұстаздың аты — ұстаз. Себебі, ханды да, қараны да ұстаз оқытқан. Сондықтан әр мұғалім қашанда болмасын зор құрметке лайық.
Ұлағатты ұстаздар мерекесіне орай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Ұстазым биік мәртебең!» деген тақырыпта ілкімді іс-шара ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде:
– Ұстаз жайында жыр жазбаған ақын, сөз саптамаған жазушы жоқ шығар жер бетінде. Осы отырған барлығымыз мұғалім тағылымын алып өстік. Хакім Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп бекер айтпаса керек-ті. Осы сөздің өзі ұстаз дейтін ұлы мамандықтың қасиетін айрықша бағамдап тұрғандай көрінеді. Біздің әулетті де ұстаздар династиясы десек жарасады. Сондықтан өздеріңізге деген менің ықыласым бөлек. Мерейлеріңіз әрқашан үстем болсын. Сіздерден тәлім алған әрбір шәкірт ауданымыздың атын асқақата берсін. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін,-деді.
Бұдан соң жиын барысы марапаттау рәсіміне ұласты. Атап айтсақ, №1 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Балжан Қабылбекова, Құлан мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухартас Тасқанбаева, Ақыртөбе орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлсара Рахатова облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен бірге аудан әкімінің 100 мың теңгелік сертификатына ие болса, аталмыш басқарманың алғыс хатымен бірге аудан басшысының 100 мың теңгелік сертификаты Қызылпан Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Айнұр Жиенбаева мен Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жомарт Ибраимовқа табыс етілді. Ал, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлназ Ахатаева, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Айнұр Сейтханова, Өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Самылтырова, Абай шағын орталықты орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлзат Есалиева, Бірлес шағын орталықты орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ақсұңқар Аралбаев, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің педагог-психологы Айжан Мәлібаева, Максим Горький атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шайгүл Алдабергенова, Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінің биология пәнінің мұғалімі Назгүл Метерқұлова, Максим Горький атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Толқын Байтикова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлзира Ускенбаева, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсім Оңалбаева, Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Айман Нусипова және Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Ғани Мұсабековтерге 100 мың теңгелік сертификатпен қоса аудан әкімінің алғыс хаты, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы табыс етілді.

* * *

Дәл осындай тақырыптағы іс-шара аудандық мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офи­сінде жалғасын тапты. Шара барысында аудан әкім­дігі білім бөлімінің басшысы Майра Базарова мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы­ның төрайымы Айнұр Баймұратова құт­тық­тау сөз сөйледі. Бөлім басшысы Май­ра Айдар­бек­қызы өз кезегінде Ыбырай Алтын­сариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қым­бат, өйт­кені — мұғалім мектептің жүрегі» деген өне­гелі сөзі­нің астарында терең мағына жатқанын ай­тып, ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында толайым табысқа жетулеріне тілектестігін біл­дір­ді. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы­ның төрайымы Айнұр Баймұратова батыр Бауыржан Момышұлының «Ел дегенде езі­ліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет» деген ғибратты сөзін мысалға келтіріп, ұрпақ тәрбиесінде осынау сөздің мағынасы зор екендігін сөз етті. Жиын соңында Айтқұл Шынасілов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбарам Шотаева, «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Ақзада Шайманова, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Бегімбетова, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің педагог-психологы Ақмарал Ускенбаева, Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Қалдыкүл Бегелтаева, Алғабас орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нархан Мукашева, Максим Горький атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сұлтанқұлова, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің мектепалды даярлық пән сыныбының мұғалімі Ая Джангурбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлмираш Қырықбаева, Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Назгүл Мырқасымова, Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Раушан Бисетаева, №1 мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Ольга Федченко және Жамбыл орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Асқар Оспановтарға алғыс хатпен бірге кәсіподақ ұйымы атынан 50 мың теңгелік ақшалай сертификат табыс етілді. Марапаттау рәсімі аяқталған соң Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің педагог-психологы Ақмарал Ускенбаева мен №1 мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Ольга Федченко ортаға шығып сөз сөйлеп, осындай зор құрметке бөлеген аудандық білім бөлімінің басшысы мен білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымына алғыстарын жаудырды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: