Әлеуметтік саланың мамандары марапатталды

656 Views

Қоғамда сан түрлі мінезді адамдар кездесетіні белгілі. Олармен ортақ тіл табысу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Дейтұрғанмен, әлеумет­тік сала мамандары бұл қиындықты ешқашан да жатсынбаған. Керісінше көмек сұрап, қайырыла келген әрбір жанға жылы қабақ танытып, қол ұшын созуға әрдайым дайын.
Қыркүйек айының соңғы жек­сен­бісі – әлеуметтік қызмет көрсету мамандарының төл мерекесі. Кәсіби мереке қарасаңында аудан­дық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков бір топ мамандарды жи­нап алып, арнайы марапаттады. Жыл бойы үздік жұмыс істеген мамандар­ға құрмет көрсетпес бұрын, олардың атын атап, кәсіби мерекемен құттық­тады. Сондай-ақ, Айхан Жамбылұлы бүгінде әлеуметтік сала мамандарына артылған жүктің ауырлығын айтып, қиындыққа қарамастан аянбай ең­бек етіп жүрген Арман Мамырбаев, Гүлмира Тілепбергенова, Жадыра Саңғышова, Сәуле Умеева, Ерлан Алшабаев, Мейрамкүл Халықова сынды мамандардың жұмысын ерекше атап өтіп, бірнеше қызметкерлерді аудан әкімінің және аудандық мәслихат­тың алғыс хаттарымен марапаттады.
Бүгінде аталмыш бөлімде 4 сектор, 1 бөлімше бар. Онда бас-аяғы 41 маман жұмыс істейді. Олар аудан тұрғында­рын жұмыспен қамту, әлеуметтік кө­мек көрсету, жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын созу бағытында қызмет атқа­ру­да.
Дәл осы күні марапаттар легі мұ­нымен таусылған жоқ. Сапар Құлманов басқаратын аудандық жұмыспен қамту орталығының да мамандары ар­найы марапаттарға ие болды. Сапар Тілеубердіұлы жетекшілік ететін «Халықты жұмыспен қамту орта­лы­ғы» КММ бүгінде өз міндеттерін мінсіз атқарып келеді. Әсіресе, «Нә­ти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сы аясында бірқатар игі бастамалар қолға алынуда. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасының басты бағыттары бойынша аудан тұрғындары жұмыс­пен қамтылып, кейбірі өз кәсіптерін бастауда. Атап айтар болсақ, бүгінде 248 азамат қайтарымсыз грантқа ие болса, 432 азамат несие алып, өз кәсі­бін ашуға мүмкіндік алған. Орталық­­тың ықпалымен «Еңбек» бағдарла­ма­сы­ның үшінші бағытына жататын «Жас­тар тәжірибесі» бойынша да нәтижелі істер атқарылуда. Сондай-ақ, еліміздің солтүстік өңірлеріне көшіп, онда жұ­мысқа орналасқан жерлестеріміз де жетерлік. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге орталықтың дирек­торы Сапар Құлманов мәлімдеп берді. Орталық басшысының айтуынша, келер жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 75 жоба қолға алынғалы отыр екен. Бұл дегеніміз келер жылы да бірқатар азаматтар жұмыспен қамтылады деген­ді білдіреді.
Жұмыс барысында кездескен қиын­дықтарға қарамастан, нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқан әлеуметтік сала мамандарын кәсіби мерекелерімен біз де құттықтаймыз. Еткен еңбекте­рі­ңіз елеусіз қалмай, еселене берсін демек­піз!

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: