Намысты нанға сатпаған хас батыр

795 Views

Батыр бабалардың есімін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың тікелей міндеті. Осы бір қағиданы санасына қазық қып қағып жүрген жандар өткен аптаның жұмасында ұлтарақтай жер үшін көзсіз ерлік танытқан батыр жерлесіміз Құдайберген Бәйетұлының құрметіне қойылған ескерткіштің алдына жиналды. Сани­тарлық талаптар толықтай сақ­талған шараға аудандық ардагерлер Ке­ңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ау­дандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаман­баев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері және мекеме басшылары, батырдың туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Батырын ұлықтаған ел» деп айдар таққан іс-шарада елі үшін күрескен, Сиқым руынан шыққан батыр, есімі бүкіл қазаққа мәлім мыңбасы, орақ тілді би Құдайберген Бәйетұлының өмірлік жолы, көзсіз батырлығы, ел үшін жасаған жақсылығы баяндалды. Әсіресе, ел басына күн туған қысылтаяң сәтте қолына найза алып, соңынан сарбаздарын ертіп, Қоқан хандығына қарсы соғысқан ерлігі жайында кеңінен сөз қозғалды. Мәселен, ілкімді шарада алғашқы болып сөз алған Қожайхан Бижанов батырдың еліміз үшін жасаған істерін тізбектей келе, шарапаты мол іс-шараның мақсат-міндетін кеңінен баяндап берді. Аудандық ардагерлер Ке­ңесі төрағасының айтуынша, дәл осындай іс-шаралар өскелең ұрпақ­ты тәрбиелеуде ерекше рөл атқара­ды. Ал, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев оябы бөлек баяндама жа­сап, өткен тарихқа терең үңілді. Бөлім басшысы өз баяндамасында бір­қатар билер мен батырлар жайында сөз қозғап, оның ішінде Құдайберген Бәйетұлының өмірі мен өнегелі жолы тарих бедерінде ерекше орын алатынын атап өтті.
Іс-шара барысында батыр бабаның кейінгі ұрпақтары да сөз сөйлеп, тың деректермен, ақпараттармен бөлісті. Атап айтар болсақ, батырдың кейінгі ұрпағы саналатын Гүлзада Төреқұлова іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға шексіз алғысын айтып, батасын берді. Ал, батыр жайында тың ақпараттарды жинап жүрген Асқар Бектенбай артына тарихи із қалдырған танымал қоғам қайраткері жайында кеңінен сыр шертті. Өз сөзінде ескерткішті орнату кезінде орын алған қызықты деректер мен батыр туралы жинақталған айшықты ақпараттармен таныстырды. Сондай-ақ, Асқар Бектенбай Құдайберген Бәйетұлының «датқа» атағы болмағанын айтып, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. «Елінің ертеңі үшін бар күш-жігерін жұмсаған батырлар есімін әрдайым ұлықтап отыру – біздің тікелей мін­де­тіміз. Ол үшін Құдайберген баба­мыздай тұлғаларды жастарға мықтап та­ныстыруымыз қажет. Ал ол үшін барлық жұмысты тазалықтан, абаттандырудан бастаған жөн болар. Шыны керек, ескерткіштің жан-жағындағы тазалық жұмыстары сын көтермейді. Менің бұл өтінішімді осындағы жауапты мамандар қолға алады деген сенімдемін» деп ес­керткіш жанында тұрған Құлан мектеп-гимназиясына батырдың есімін беру керектігін айтты.
Осылайша тарихи кештің соңына дейін батыр бабаның есімін тарихта қалдыру мақсатында бірқатар ұтымды ұсыныстар мен ойға қонымды пікірлер айтылды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: