Досымжанымыз үздіктер қатарында

525 Views

Досымжан Таңатаров. Ауданымызда атақты жерлес әншіге аты мен тегі де ұқсас жасөспірім тұрады. Оқушы Досымжан да нағыз дарын иесі. Бірақ ол өнердің емес, спорттың жұлдызы. Неге жұлдыз? Өйткені Досымжан жуырда бокстан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы­ның чемпионатында 34 келі салмақ дәрежесінде жүлделі III орынға ие болды. №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі аталмыш спорт түрімен 3 жылдан бері айналысып келеді. Білікті бапкер Дидар Кекежаннан тәлім алатын Досымжан бүгінгі таңда бокстан облыс бойынша үздік жас спортшының бірі саналады. Неге бұлай жазып отырмыз? Себебі ол облысты былай қойғанда, халықаралық жарыстардың да чемпионы атанған жасөспірім.
Досымжанның бокстан жуырда жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында жүлдегер болғанын жаздық. 20 жасында Олимпиада шыңын бағындырып, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген қазақ халқының даңқты боксшысы Бекзат Саттарханов «Арманым – үш дүркін Олимпиада чемпионы атану» деген екен. Әттең! Арманына жете алмады. Намысшыл Бекзатымыздың қолы жетпеген биіктікке бүгінгі жасөспірім боксшылар жетсе екен деген ниет бар бізде. Оған кімдер жетеді? Бұндай зәу биіктікке Досымжан секілді спортты жанынан артық көретін жасөспірімдер жете алады, әрине. Досымжанның бапкері Дидар Кекежанмен біз аз-кем тілдескен едік. Ол өз шәкірті туралы:
– Досымжан өте талантты бала. Өзіңіз білесіз, жерлесіміз, атақты бокс­шы Ермахан Ибраимов киелі Құлан жерінің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышы. Жаңа өзіңіз тілге тиек еткен Бекзат Саттархановтың, Ермахан Ибраимовтың Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған сәтін біз мектеп тәрбиеленушілеріне әркез айтамыз. Бұл жасөспірімдерімізге мотивация, яғни жігер беруі керек. Қазақтың күрзі жұдырықты боксшылары ешқашан Олимпиада ойындарынан жүлдесіз қайтпаған. Мен Досымжанның болашағынан зор үміт күтемін. Бұйыртса, шәкіртім биік шыңдарды бағындырады деген сенімдемін, – деді.
Бізде Досымжанды бұдан да биік шыңдардан көргіміз келеді. Ол оған әбден лайық спортшы.

Марат Диханбай

Поделиться ссылкой: