Жауһар жырдың жампозы

1 399 Views

Ақын Қуандық Шолақ – 80 жаста

Ақын Қуандық Абашұлының өлеңдерін бала күнімізден жаттап өстік. Кейіннен журналистикада еңбек ете жүріп, сол бала жастан оқып өскен, өлеңдері сана көгінде лезде жатталатын сыршыл ақынмен жүзбе-жүз танысып, әңгімелесіп, тіпті шайырдың құтты шаңырағынан сан мәрте дәм де татқан едік. Жаңа жылдың алғашқы айы қаңтардың 1-інде Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген, өзге салаларда қызмет етсе де, бір сәтке де қолынан қаламын тастамай, әдебиет сүйер қауымға жауһар жыр ұсына білген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түріксойдың «Мақтұмқылы» атындағы төсбелгісінің иегері, жерлес ақын Шолақ Қуандық Абашұлы 80 жасқа толды.
Конфуцийдің «Көктеп шыққанмен гүлдемейтін, гүлдегенмен өнім бермейтін ағаштар да бар» дейтіні секілді, қазақ жазба поэзиясында талантымен талайды тамсандырған марғасқа ақындар да, жай ғана шөпті де шөңгені де өлең етіп жүрген «талантсымақтар» да жоқ емес, бар. Кейбір ақындар бар, Алматыны мекендеп жүрсе де дым жазбайды. Ал бүгінгі біздің кейіпкеріміз Қуандық Шолақ ауылда жатып-ақ өнімді жазып, жазба поэзияда өзіндік қолтаңбасымен мойындалған хас жүйріктің бірі. Ақыры мойындалған дедік қой. Жерлес ақын ағамыз жайлы заңғар жазушы, сөз зергері Әбіш Кекілбайұлының айтқан сүбелі пікірін мысал етейік ендеше. Ол «Мейлінше сөз сапырмай, нақты көркем жазады екенсің.
Жалғыз терек тұғыр еткен бөктерді,
Қарға омбығып тұрып қалған леп белгі.
Ақындығым осы-ақ шығар, табиғат,
Өзіңді оқып беріп қана шектелдім…
Деп айтыпсың. Шығармаларыңның қай-қайсысы да осындай. Жаза түс. Қаза түс. Халқыңның көңілін таба түс» деп, Қуандық Абашұлының өлең жазу стихиясына жоғары баға берген.

«Ақын ем мұңға оранып шер көсеген,
Қалайша шамырқанбан ендеше мен.
Еңбегім өтеуіндей маңдайымнан,
Моншақтап тамшылаған терге сенем.
Қу жанды қуырдақ қып, шоққа салдым,
Жазсам деп жаз дидарлы өлмес өлең». Міне Қуандық ақынның сөз саптауы.Қандай ғажап шумақтар ә! Айызың қанады. Шабыттанасың. Өлеңді Авгийдің ат қорасына айналдырған бәзбіреулердің «жырлары» секілді іш пыстырмайды. Өлеңге деген жан тазалығы осындай болса керек-ті. Ақындық – көзбен көріп, болмаса қолмен ұстайтын нәрсе емес, ол – шын талант иесінің ішіндегі алай-дүлей қайнап жатқан беймәлім құбылыс. Кеудені қысып, шабытты кернеген тылсым күшті шалқыта жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Ал қазақы қара өлеңді құйқылжыта жазу – Құланның Қуандығының қолынан келді.
Қуандық ақын көп оқиды. Көп оқығандығының белгісі болар, табиғатты ерекше суреттейді. Бір жағынан алып қарасаңыз, Жаңатұрмыстай қасиетті өлкенің саф алтындай мөлдір де таза ауасы, сұлулығы Альпі тауларынан асып түспесе кем түспейтін, қысы-жазы асқар шыңын қар басып жатқан ақбасты Алатаудың ғажап көрінісі таңдайдан бал тамызар тұшымды өлеңге айналмай қоймайтыны анық. Қуандық ақынның «Сусамыр суреттері» деген өлеңінде:
-Жартастағы анау, желкілдек желең жекендер,
Желбіреп тынбай барады ойнап бұрылмай.
Қорымтас үстіндегі маңқиып тұрған тау теке,
Көз ұшындағы әрең көрінер қара шыбындай, — деген шумақтар бар. Сойқан суреттеу ғой мынау. «Сусамырға» тартып кеткің келіп тұрады…
Ақиқаттың алдаспанына айналған Шерхан Мұртаза Құланның Қуандық ақынына «Қазақтың рухани кеңістігінде екі Шолақ бар. Бірі – Балуан Шолақ болса, екіншісі – Қуандық Шолақ» деп, өзінің жоғары бағасын берген еді. Шерағаң мұндай пікірді кез келген «ақынға» айтпаған. Қазақтың біртуар азаматы Қуандық ақынның жыр-шумақтарына осындай пікір айтса, онда оның өлеңдерінде өзгеше құрылым бар деген сөз емес пе? Шерағаңнан осындай пікір ести тұра, Қуандық ақынның нашар жазуға хақысы жоқ еді. Шерағаңда көріпкел ғой.
«Бос кетуді өмірден күнә көрем,
Кейінгіге қалар ма мұра менен.
Маңдайыма әлемнің менікі дер,
Жазып кетсем өлмейтін бір-ақ өлең.
Немесе:
Жаратылған жан секілді ем өлең-деп,
Жүре алмаспын жер бауырлап, төменде.
Алты Алашты аспандатар дара, оқшау,
Бір биік боп қаларыма бек сенем» деп жырлайды ақын ағамыз. Ол – нағыз талант иесі. Сондықтан жауһар жырымен әдеби ортада табиғат тамыршысы атанған хас талантты бағалай білейікші.
Сөз соңында біздің айтар ұсынысымыз, осындай талантты ақынның мерейтойлық жасы жетім қыздың тойындай аталып өтпесе екен. Әкімдікте отырған ақ жағалы шенеуніктердің мәдениетке деген көзқарасы бөлек болып, ақынға жоғары деңгейде құрмет көрсетілсе деймін. Көкейге келген ойды іркімей жаздық. Нәтиже болар деп үміттенеміз. Алдияр оқырман! «Құлан таңы» газетінің ұжымы Қуандық Абашұлын мерейлі 80 жасқа толуымен құттықтай отырып, сіздердің назарларыңызға ақынның бір топ өлеңдерін ұсынады.
Кіріспе орнына
немесе оқырмандармен тілдесу
Алаштың айналсам деп айбынына,
(Жасырмай ашық айтам жайды мына:)
Үкісін үмітімнің үлпілдетіп,
Кеп тұрмын кішігірім кәусәр бұлақ
Қоссам деп ұлы Абайдың айдынына.

Жүрегін жыр лебімен өрнектеген,
Ақынмын, (жаза алмаспын ермекке өлең)
Бір сенің көңіліңнен шығу үшін
Әлі ешкім қаламына ілікпеген,
Келемін берсем деумен өрнекті өлең.

Тақпайтын жан жүйемнің гүліне мін,
Өзіңе өзімсініп жүгінемін.
Жүрегім саусақтарын жая келдім,
Жанымның жеткізсем деп жылы демін.
Әр сөзден мән іздеумен, дән іздеумен,
Өлеңім өзегіне үңілемін.
«Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп»
Дөңбекшіп шығам кейде түніне мың.

Жырының қуантардай нұрыменен,
Ақынмын ар бағынан жыр үлеген.
Жанымды жаялық қып, келіп тұрмын
Жүрегін жыршыл жұрттың жылытардай,
Берсем деп шымыр өлең, жұмыр өлең.

Жанымның жарқыраған күн шуағын,
Қалтқысыз жеткізсем деп құлшынамын.
Төріне көңіліңнің жақсам деумен,
Кеп тұрмын мәңгі маздар жыр шырағын.

Ақын ем мұңға оранып шер көсеген,
Қалайша шамырқанбан ендеше мен.
Еңбегім өтеуіндей маңдайымнан,
Моншақтап тамшылаған терге сенем.
Қу жанды қуырдақ қып, шоққа салдым,
Жазсам деп жаз дидарлы өлмес өлең.

Бір бақыт шақырғандай күлімдеген,
Ғажап бір күйде жүрмін бүгінде мен.
Сенемін, көп ұзамай бақыт құс боп,
Басыма қонарына тұғырлы өлең.

Халімді сұрар ма інім, сұрар ма аға,
(Кім білсін, басы шикі күлер бала)
Басымды тауға да ұрдым, тасқа да ұрдым,
Қазақы қара өлеңнің бақ, бағытын
Салсам деп соны соқпақ, тың арнаға.

Салсам деп соны соқпақ, тың арнаға,
Ішімнен қиялдана, құмарлана.
Жетсем деп жүрегіне ойлы оқырман,
Алдыңа келіп тұрмын ақ тілекпен,
Сыйынып құдіретті бір Аллаға.

Таудың тарпаң өзені
Ожауын үсті-үстіне сапыра бұлт,
Қанатын көтергендей қапыла кілт.
Шатқалға шашыратып ақ көбігін,
Толқындар опыр-топыр жатыр ағып.

Айтатын арманы асқақ, назы бардай,
Қолтығы жүгіргенде жазылардай.
Етекке емпеңдейді, енесіне
Жарыса жамыраған қозылардай.

Сақтықпен сыбдырлатпай төлін ерткен,
Бас қойды шөліркеген елік еппен.
Толқындар дөңбекшиді, аңдаусызда
Атандай құздан құлар белі кеткен.

Бұлттарды ысырып жапқан шыңды,
Шығыстан ұсынды боз ақ таң сүлгі.
Толқындар-шуылдақ көп балалардай,
Қойтасты қозғалта алмай жатқан сынды.

Сусамыр суреттері
Сескенгені ме, қап-қара бұлттан құрымдай,
Сытылып шығып ала шың тапқан бір ыңғай.
Епсекті қолмен жағызып алып жеңешем,
Бие бауырынан ажыратып алған құлындай.
Жартастағы анау, желкілдек желең жекендер,
Желбіреп тынбай барады ойнап бұрылмай.
Қорымтас үстіндегі маңқиып тұрған тау теке,
Көз ұшындағы әрең көрінер қара шыбындай.
Еңіске қарай еңкілдей аққан ақ бұлақ,
Иықтан түскен шашбаулы жалғыз бұрымдай.
Кең туннель іші дариялар ақса қақалмас,
Заманына сай соғылған алып құбырдай.
Жылтырұшқан анау, құз басындағы мұз бөрік,
Мұз балақ қонар жалғыз да жайлы тұғырдай.

Азайған азаматтар
Өзіндей өзге жанын сезінетін,
Азайған азаматтар сөзі бекім.
Көбейді көбік езу көрсоқырлар,
Абалап ит орнына өзі үретін.

Адалдық жансыздармен жағаласып,
Әлі де алмағандай араны ашып.
Қосақта қой терісін жамылып жүр,
Түлкі айла,
қанды ауыз,
араны ашық.
Ашкөздік қасамға алып қолат, қырды,
Замана көрсетуде қабақ түрлі.
Кешегі абыройсыз атқа мініп,
Естіні тазқараға талаттырды.

Жасқаумен қолы ұзындық – тоқпақ көпті,
Арамдық адалдықты шетқақты етті.
Сұқ иттен сумаңдаған нысап қашып,
Бетінен қазанымның қақпақ кетті.

Көзге ұрып адалдықтың епсіздігі,
Айғайлап тұр ұятсыз бетсіздігі.
Туғандай бүгіндері құдық құлқын,
Қомағай, қорқаулар мен
тексіз үні.

Бір биік боп
Қадыр да емен, Тұманбай да емеспін,
Шахановқа шендестірер жоқ ешкім.
Талғап, толғап аз жазса да саз жазар,
Қоңыр әуен – Қуандық қой демес кім?

Армандаған шығуды ойлап шепке есен,
Альпинистей қиындықпен беттесем.
Өнердегі өресі озық өр тұлға,
Боп қалсам деп мұз жастанып, от кешем.

Жаратылған жан секілді ем өлең – деп,
Жүре алмаспын жер бауырлап төменде.
Алты Алаштың аспандатар дара оқшау,
Бір биік боп қаларыма сенем, бек.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: