Ардагерлер ардақталды

545 Views

Қазақ қашанда үлкеніне құрметін аямай, алақанында аялай, қамқорлық пен ізеттілікті көрсете алатын халық. Бір сөзбен айтқанда, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтай алатын ұлттың бірі. Бұл қасиет ата-бабамыздан мирас болып бүгінгі күнге дейін жетті. Сондай-ақ, бұл халқымызға тән тағылымы мол дәстүрлердің бірі әрі бірегейі.
Осы бір қағиданы қаперінде ұстаған аудан басшысы Ерболат Садырқұлов Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудандағы бір топ ақсақалдардың шаңырақтарына арнайы барып, оларға құрмет көрсетті. Ерболат Салқынбекұлы елдің дамуына, рухани жаңғыруына ерекше үлес қосқан ақсақалдарды құттықтап қана қоймай, хал-жағдайын да сұрап, мерекелік сый-сияпатында тарту етті.
Аудан басшысы ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері Асаубай Сүлейменовтың отбасына барды. Кездесу барысында аудан әкімі Отан үшін кеудесін оққа тосқан, кейінгі ұрпаққа бейбіт күнді тарту еткен майдангерге шексіз алғысын жеткізді.
– Бүгінгі жас буын өзіңіздей нар тұлғалы азаматтарға қарап, еліктеп, бой түзеуі керек. Сонымен қатар, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің, ерлік пен патриотизмнің қандай болатынын сіздер айтқан әуезді әңгімелерден ұғынуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, өзіңіздей қазыналы қарияларымыз кемел келешектің, баянды болашақтың кепілі деп білемін. Сол үшін сізге де майдандас жауынгерлерге де, жалпы еліміздегі барлық қарияларымызға зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, — деп сұрапыл соғысты өз көзімен көрген қарияға құрмет көрсетті.
Бұдан соң Ерболат Салқынбекұлы Жаңатұрмыс ауылында тұратын соғыс ардагері Шалданбай Шаңбаевтың шаңырағында да болды. Сонымен қатар, аудан басшысы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қуандық Шолақтың отбасында болып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қауырсын қалам иесіне шығармашылық табыс тілеп, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: