“Жоқ-тың” бәрі “Бар-ға” айналса…

906 Views

Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханның «Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды» деген өнегелі сөзі бар. Біздіңше, бұл сөздің мағынасы тым тереңде жатыр. Яғни, ұлт қайраткерінің осынау ұлағатты сөзінен кез келген еңбек адамы өз жұмысына бел шешіп кіріспейінше, одан нәтиже шықпайтынын аңғаруға болатындай. «Әлихан Бөкейханның жоғарыда сөз еткен ұлағатты нақылынан тәбәрік алып, қаперіне қондырған әкімдер бар ма?» дегенде сең соққан балықтай күй кешетініміз анық. Біреу, екеу, үшеу… Саусақпен санарлық қана. Осы орайда, аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың атқарып жатқан толайым тірлігіне тұрғындар тарапынан «бес» деген баға берілмесе де, қауымның көпшілігі аудан әкімінің іскерлігіне дән риза екенін байқадық. Бұл осы аптадағы аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлының ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші турасындағы халық алдындағы кезекті есеп беру жиналыстарында анық аңғарылып тұрды. Бекітілген кестеге сәйкес аудан басшысының 3 ақпан күнгі есептік кездесуі Ақниет ауылдық округінен басталды. Ауылдық округ және аудан әкімдерінің халық алдындағы бірлесіп өткізген есебі Ақниет ауылдық округінің орталығы болып есептелетін, ұлт үшін қалтқысыз қызмет еткен дара тұлға Д.Қонаевтың есімін еншілеген ауылда өтті. Есепті жиналыста жергілікті тұрғындар алдымен ауыл әкімі Нұрдос Тұрабаевтың жылдық есебін тыңдады. Әкімнің баяндамасын тыңдай отырып, биыл Ақниет ауылдық округінде ұзақ жылдан бері сөз болып келген көгілдір отынның мәселесі толығымен шешілетінін естідік. Одан кейін, аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы ортаға шығып, 2020 жылы аудан аумағында атқарылған баянды жұмыстардың ретін жіпке тізді. Д.Қонаев ауылында ауыз судан проблема жоқ. Газдың жайы белгілі. Жарыссөз барысында сөз сөйлеген тұрғындар сөзінен аңғарғанымыз – Д.Қонаев ауылына балалар бақшасы, ал, Әбілқайыр елді мекеніне ауыз су қажет екенін естідік. Ауыл тұрғындарының пікірін мұқият тыңдаған Ерболат Салқынбекұлы биыл округке газ құбыры тартылатынын айтып, бір жылда барлық істі тындырып тастауға мүмкіндік жоқ екенін ескертті. Дегенмен, халық ұсынысын тиісті хаттамаға енгізіп, балабақша жұмысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс атқару керек екенін айтты. Бұл тұрғыда ауыл әкімі де құр отыра бермей, белсенділік танытуы тиіс.
Бұдан соң, аудан әкімінің есеп беру жиналысы Көгершін ауылдық округінде жалғасын тапты. Жалпы, округ әкімі Ержан Айдархан әкімдік қызметте бұрын-соңды тәжірибесі болмаса да, білікті маман екені көзге көрініп тұр. Баяндамасының мәтіні де жұп-жұмыр. Өзге әкімдер секілді қағазға көп қарамайды. Сондықтан есептік кездесуде ауыл әкімінің атқарған жылдық жұмысына көгершіндік жамағаттың көңілдері толатыны байқалып тұрды. Алайда, «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша аз қамтылған немесе көп балалы тұрмысы төмен отбасыларға берілетін үйдің құрылысы Көгершінде бітпей қалған. Есепті жиында биыл бұл жоба тағы да жалғасатыны айтылды. Бір үйдің құрылысын аяқтай алмаған ауыл әкімінің екі үй салуды ұйымдастыруға қауқары жетер ме екен… Ол жағын енді уақыт көрсете жатар. Жарыссөз барысында сөз сөйлеген Болат Жансеріков ақсақалдың мына бір сөзі орынды айтылғандай көрінді бізге. «Дана қазақта «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген бар. Біз Көгершінге ауылдық мәдениет үйін салуды көптен бері сөз етіп келеміз. Алайда, содан шығып жатқан нәтиже аз. Кезіндегі мәдениет үйіміз қандай еді. Ауданда ондай мәдениет ошағы жоқ еді. Қазіргі күніміз мынау. Содан соң, С.Есенов көшесіне асфальт төсеуді де хаттамаңызға түртіп қойсаңыз. Менің сіздердің жұмыстарыңызға берер бағам қанағаттанарлық», — деді ауыл ақсақалы. Айтпақшы, Көгершін ауылындағы хакім Абайдың тегімен аталатын көшенің әбден тозығы жетіп тұр. Бұл да Ержан Айдархан бас ауыртатын мәселе. Өз кезегінде тұрғындар тілегін байыппен тыңдаған Ерболат Салқынбекұлы Болат ақсақал айтқан мәселеге жіті назар аударып, оны бақылауда ұстап отырғандығын айтты. Мәдениет үйінің барлық құжаты дайын, алдын ала қолдау бар, тек наурыз айында өтетін бюджеттік қаралымда қаражат мәселесі шешілсе, биыл Көгершінге мәдениет үйі салынатын болады. Ал жол мәселесіне келсек, биыл басқаны қойғанда Көгершін, Жаңатұрмыс, Ақыртөбе ауылдарында міндетті түрде көше асфальттанады. Сол тізімге Абай көшесін енгізуді тиісті сала басшысына жүктеді аудан әкімі. Жалпы аудан әкімінің жылдық қорытынды есебін тыңдаған ауыл жұртшылығы Ерболат Садырқұловтың қажырлы еңбегі мен жүйелі жұмысын жоғары бағалайтындықтарын жеткізді.
Түс мезгілінен соң есепті жиналыс «Ең үздік үлгілі ауыл» байқауына қатысқан Көкдөнен ауылдық округінде өтті. Рас, Көкдөнен ауылдық округінде көп мәселенің түйіні шешілген. Ең бастысы, көкдөнендіктер өзге ауыл тұрғындары секілді көгілдір отынның зардабын көріп отырған жоқ. Оның үстіне, тышқан жылы Көкдөненнің батыс жақ кіре берісіне қақпа (арка) орнатылды. Бұл жұмыстың барлығы ауылдық округ әкімі Төлеген Атабаевтың баяндамасында айтылды. Дегенмен, Көгершіндегідей, Көкдөнен ауылында да «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы салынып жатқан үйдің құрылысы бітпей тұр. Содан соң, жергілікті тұрғындар есепті жиында тау аңғарынан келетін судың мәселесін қозғады. Дегенмен, осылай бола тұрса да, Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде өткен қос әкімнің есепті жиналысына жергілікті халықтың тарапынан көбінесе алғыс айтылды. Алайда, тұрғындардың тарапынан дұрыс айтылған ұсыныстар да болды. Мәселен, ауылдық округке қарасты Жақсылық ауылының тұрғындары елді мекенге жаңа медпункт, балабақша, жасөспірімдерді спортқа баулитын спорт залы салынып, пайдалануға берілсе дейді. Негізінен, ауыл әкімі Төлеген Атабаевқа да, аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа да ауылдық округ тұрғындарының «ұзында кеткен өші, қысқа да кеткен кегі» жоқ. Сондықтан да болар, көпшілік оларға деген ақ алғысын жеткізіп, қызметінің өркендей беруіне ниеттес екендіктерін білдіріп жатты. Ауылдық округ тұрғындарының қойған сауалдарын талдап, саралап жауап берген аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы бұл мәселелер де алдағы жылдар еншісінде шешілетіндігін жеткізді.

Марат Диханбай

Поделиться ссылкой: