Аласармайтын ақын

1 270 Views

9 ақпан – мұзарт шыңның мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Дәл осы күні бірқатар басылымдар ақиық ақынның туған күніне орай түрлі мақалалар, естеліктер, эсселер жазып, оқырман айызын қандырып еді. Сондай-ақ, бұл мереке сан алуан іс-шараларға ұласқаны да белгілі. Біздің ауданымызда да қазақ поэзиясының асқақ шыңы атанған ақынның құрметіне орай рухани кештер, әдеби іс-шаралар өтті. Соның бірі – аудандық орталықтандырылған кітапхана мен балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Әдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы» атты рухани іс-шара болды.
Аталмыш кешке Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушыла­ры мен кітапхана ұжымы қатысып, өлең сөздің падишасы болған Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан шашу шашты. Ақынның өмірді, махаббаты, туған жерді, ізгілікті жырлайтын өлеңдері өз өрнегімен өрілді. Тәлімі мол, мағынасы терең, пайымы тұнық әдеби кеш оқушылардың көкірек көзесін көрікті ойға толтырды. Кеш барысында Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер де шырқалды, ақын туралы бейнеролик те көрсетілді. Кеш соңында кітапхана қызметкерлері мұзбалақ ақынның осы уақытқа дейін баспадан жарық көрген кітаптарына шолу жасап, бұл еңбектерді аудандық орталық кітапхана мен балалар кітапханасынан оқуларына болатынын жеткізді.
Расымен, Мұқағали – сөнбес сәуле. Оның сәулесі өзінің әрбір өлеңінен жарық беріп, жылуын төгіп тұр. Кейде тас жүректей қатал, кейде мейірімі шексіз өмірдің айшықты сәттерін өнерге айналдырды, өлеңге арнады. Тағдыр-таланында қисапсыз қиындық пен талай теперіш көрген ақын өзінің романтикасын жоғалтпады. «Шыда, шыдай түс, шыда тағы» деп мойымауға, «Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға» деп риясыз махаббатпен өмір сүруге, «Өлсем, өлем өзімнің жерімде мен» деп отанды шексіз сүюге үндеді. Бұл, әрине, тек Мұқағалида ғана кездесетін сарын. Оның өлеңдері осы тектес дүниелерді жүрекке құяды, көңілге қондырады, санаға сіңдіреді. Оның ұлылығы сонда – өзінің туған жері Қарасаз түгілі, барша қазақ елі оның өлеңдерімен ауызданған. Жөргектегі сәбиден ақылы асқан абызға дейін Мұқағалидың өлеңінен бір шумақ болса да, жатқа білетіні екібастан. Себебі, Мұқағали – өз биігін бағындырған алып қыран, талай жанға пана болған алып бәйтерек. Сол үшін оны елі сүйеді, ұлты ұлықтайды.

Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: