Мен өмірді жырлау үшін келгенмін

573 Views

Қазақтың маңдайына біткен біртуар ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген Мұқаңның азан шақырып қойған аты – Мұхамедқали. Әкесі Сүлеймен 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Калининград түбінде неміс фашистермен болған шайқаста қайтыс болған. Сондықтан да әжесі Тиын мен анасы Нағиманның тәрбиесін алған Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар келгендіктен, оның өмірі ертегідей болды дей алмаймыз.
Ол 1948 жылы аудан орталығындағы мектеп-интернатты ойдағыдай тәмамдайды. Сөйтіп Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Өкінішке орай, аталмыш жоғары оқу орнын және кейіннен Шет тілдер институтын да аяқтай алмайды. Ауылға қайта оралып, ауылдық кеңестің хатшысы, бастауыш мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі, сегізжылдық мектепте мұғалім, аудандық газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Шалкөде ауылында қызыл отау меңгерушісі, комсомол қызметкері болып істейді. Қазақ радиосында дикторлықтың дәмін де татып көреді. Алғашқы «Қырман басында», «Қойшы бала – Кәкітай» атты тырнақалды туындылары сол кезеңде «Советтік шекара» («Хантәңірі») газетінде жарияланды. 1951 жылы бірқатар өлеңдері «Жастар жыры» жинағына енді. 1954 жылы бір топ өлеңдері сол кездегі таралымы көп әрі оқырман іздеп жүріп оқитын «Жұлдыз» журналында жарияланды. Мұқағали Мақатаевтың ерекше дарынын алғашқы болып бағалағандардың бірі ақын Әбділдә Тәжібаев екені белгілі. Ол 1960 жылы 18 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетіне ақынның бір топ өлеңдерін жариялап, жүрекжарды ақ тілегін жазып, оқырман назарына ұсынған. Мұқағали Мақатаевтың 1962 жылы «Аппассионат» поэмасын «Солтүстік Қазақстан» газеті де басқан.
Мұқағали Мақатаев шығармаларында аударламалары ерекше орын алады. Ақын Шекспирдің сонеттерін, Уитменнің «Шөп жапырақтарын» және Дантенің «Құдіретті комедиясы» атты өлеңдерін ана тілінде сөйлетті. Сонымен қатар Александр Пушкин, Александр Блок, Николай Некрасов секілді классик ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударып, оқырмандарға ұсынды. Мұқаң қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосты. Ақынның шығармашылығының басым бөлігі туған өлкеге, Отанға, қоршаған ортаға, Анаға, қазақ халқының тарихына арналады. Ақын қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде артына өшпес мұра қалдырды. 1976 жылы ақын жүрегі мәңгілікке тоқтады.
Ол өлеңді Көктен іздеген жоқ. Қазақтың өзінен іздеді. Сонысымен оның өлеңдері құнды. Жастардың да іздеп жүріп оқитыны сондықтан шығар, бәлкім. Мұқағали ақын – жалпыхалықтық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, поэзияда оның бірден өз жолы бар екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың.

Фариза ЕЛЕМЕС,
«Тілдерді оқыту орталығы» аудандық бөлімше меңгерушісінің міндетін атқарушы және оқытушы.

Поделиться ссылкой: