Бейбіт күннің батыры
Коронавирус індеті бүкіл елді дүрліктірген сәттен бастап көптеген жандар күдік пен күмәннің арасында өмір сүріп, әуре-сарсаңға түскен жайы бар. Ауруханаларда орын тапшы болып, дәріханаларда дәрілердің азайғаны көңілді көншітпеді. Санасы сергелдеңге түскен біршама адамды үрей билей бастады. Күннен-күнге бұл аурудың өршіп бара жатқанын теледидардан көрген көрермен одан сайын дүрліге түсті. Міне, осындай жауапты кезеңде жанын салып, аянбай қызмет еткен медицина қызметкерлерін айтпасқа болмайды. Күн-түн демей, ауру белгілері байқалған жандардың сауығып кетуіне барын салды. Осы бір ақ халатты абзал жандармен бірге Қанат Копабаев та індеттің өршуіне қарсы тұрды. Қанат Айтқұлұлының негізгі мамандығы электрик. Сонымен қатар, аудандық орталық ауруханада емделіп жатқан жандарды оттегі баллондарымен қамтамасыз етеді. Қос қызметті қатар алып жүрген нағыз әмбебап маман. Ауданымызда коронавирус белгісі алғаш байқалған мамыр айынан бастап Қанат Айтқұлұлының жұмысы да қауырт болып, қиындай түсті. Себебі, осыған дейін ол күніне шамамен 4-5 оттегі баллондарын орнататын болса, індет өршіп тұрған шақта бұл жұмысы бұдан 2-3 есе қиындай түсті. Індет белгілері байқалған жандардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында ол жанын салып жұмыс істеді. Тынысы тарылған, өкпесі қабынған жандарға қол ұшын созып, оттегімен қамтамасыз етті. Бұл нағыз ерлікпен пара-пар. Сондай-ақ, Қанат Копабаев аудандық орталық ауруханада оттегі баллондарын орналастыратын жалғыз маман. Осы бір жағдайға қарап, Қанат ағамыздың жан-жақты әрі жауапты маман екендігіне көзіміз жетеді.
Қанат Копабаевтың осы бір жауапты кезеңде атқарған жұмысына тоқталатын болсақ, шаш етектен. Оның талай жанның өмірін сақтап қалғанын ауыз толтырып айтуға болады. Міне, осындай жүйелі әрі тыңғылықты жұмыстың еленуі керек екені де екібастан. Қанат Айтқұлұлы «COVID-19» індеті кезінде жанқиярлық ерлік пен қайырымдылық көрсеткені үшін, «Aq jol» демократиялық партиясының Президиумы атынан марапатталды. Бұл, әрине, қажырлы қайраттың нәтижесі.
– Мен үшін кез келген адамның өмірі мен денсаулығы ең бірінші орында. Осындай сын сағатта халыққа көмектесу – менің басты парызым. Коронавирус індетінен емделіп шыққан жандардың жүздеріндегі жылуды көргенде, өзімнің міндетімнің айқын әрі адал орындалғанын іштей сеземін, – деп өзінің ойын білдірді. Біз де бейбіт күннің батырына ізгі ниетімізді білдіріп, қызметінің қарымды, көпшілікке жағымды болуын тіледік.
Ахмет ҚАМШЫБЕК.