Екпе егудің екінші кезеңі басталды

758 Views

Коронавирус індетіне қарсы екпе егудің ауданымызда екінші кезеңі басталды. Оған алдымен жедел жәрдем, жан сақтау, жұқпалы аурулар, санитарлық эпидемиялық қызметкерлері вакцина салдыруға келді. Ақ халатты әріптестерін ынталандыру мақсатымен «Спутник V» ресейлік препаратын салдыруға ауданның бас дәрігері Шындос Мырзалиевтің өзі келді (суретте).
– Осыдан 21 күн бұрын, яғни, 4 ақпанда біздің 50 медицина қызметкері бірінші рет вакцина салдырған болатын. Енді міне, екпе егу қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай екінші қайтара салына бастады. Бізде қазір екпеге дейінгі және екпеден кейінгі бақылау кабинеттері жұмыс істеуде. Алғашқы кабинетте жалпы тәжірибесі бар дәрігер Салтанат Жомартова жұмыс істейді. Ал арнайы дайындықтан өткен медбике Ғалия Кенжеғұлова алғашқы күні 25 медицина қызметкеріне вакцина салды. Медбике Фарағат Серікбаева екпеден кейінгі бақылау кабинетіне келген ем қабылдаушылардың осында жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болуын қадағалайды, – дейді бас дәрігердің әдістемелік-ұйымдастыру жұмысы жөніндегі орынбасары Раушан Көшербекқызы Жұманқұлова.
Раушан Көшербекқызының айтуына қарағанда ауданда 800-ге тарта медицина қызметкері бар екен. Алайда екпе олардың барлығына бірдей салынбайтын көрінеді. Алдағы наурыз айында бірінші кезеңде қамтылмай қалған медицина қызметкерлеріне, одан соң мектеп мұғалімдері мен педагогтарға, балабақша қызметкерлеріне салынады. Ауданда 236 адам «COVID-19» індетімен ауырған. Осы жолы олардың барлығына вакцина егіледі. Егер адамдар екпені неғұрлым көп алатын болса, коронавирус инфекциясына қарсы иммунитеті қалыптасқан адамдар қатары көбейеді екен. Бұл вакцина алмаған адамдар үшін де ауырып қалу ықтималдығын азайтады. Сондықтан ұжымдық иммунитетті тез дамытсақ, соғұрлым індеттің таралуына тезірек тосқауыл қоя аламыз.
Қазіргі екпе егу – бұл эпидемияға қарсы күрестің ең тиімді жолы болып табылады.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: