«Жұмабектің бажасымын»

657 Views

Өткен аптада әлеуметтік желіде кең таралған «Жұмабектің бажасымын», «Че там, ағам майор» сынды видеолар халық арасында қызу талқыланды. Оспадар қылықтарымен көпшілікті күлкіге қарық қылған адамдардың бұл видеолары біршама уақыт бойы трендтен түспегенін әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары біледі. Видеоның астындағы пікірлердің санында да есеп жоқ. Пікірлердің арасында «Жасай берсін Жұмабектің бажасы» деп бұл істі әжуә ететін адамдармен қатар «Түк көрмеген жабайылар» деп ашынған жандар да табылды. Ал егер осы секілді «комментарийлердің» бірнешеуін сіздерге ұсынатын болсам, не күлеріңізді, не жыларыңызды білмей, мең-зең күйде болуыңыз әбден мүмкін.
Видеода жол ережесін бұзып, қарсы жолақпен жүрген «Жұмабектің бажасы» өзін тоқтатқан полиция қызметкерлеріне дөрекі сөйлеп, жоғары жақта тіреуі барын ескертеді. Алайда осыдан кейін «Жұмабектің бажасы» кешірім сұраса, Жұмабектің өзі жұмыстан шығарылды. Кімге пайда, кімге зиян?
Ал басқа бір видеода қоғамдық көлікте сөзге келіп қалған екі адамның біреуі «Че там, ағам майор, че там, аты Ержан» деп ашуға беріліп, жоғары жақта өзінің «ағалары» бар екенін айтады. Өзін Ернұр деп таныстырған бұл жігіттің де ағасы «майор Ержан» жұмыстан босатылмаса болғаны.
Осыдан кейін елімізге танымал әзілкештер мен вайнерлер де алдыңғы видеоларға түрлі пародиялар жасап, елді еріксіз күлкіге қалдырды. Күлеміз. Мысқылдаймыз. Кейін өзіміз де осындай жағдайға ұрынбауымызды іштей тілейміз.
Бүгінде бұл видеолардың өзектілігі жойылды. Ешкімге де қызық емес, ешкім де талқыламайды. Көрсетілімі көп болған видеолардың трендте тұру уақыты – ары кетсе 1 апта. Ал қазір ештеңе болмағандай, ойсыз, қамсыз ғұмыр кешіп жүрміз. Себебі, бұл қалыпты жағдай. Ағаларға сеніп, көшеде тайраңдап жүру – қалыпты жағдай. Шешілмей жатқан мәселелерді көкелеріміз арқылы шешу – қалыпты жағдай. Жалғанды жалпағынан басып, проблеманы бір «звонокпен» шешу – қалыпты жағдай. Ал бұл – патология болу керек қой. Жоғарыдағы видеода «Жұмабектің бажасы» мен «майор Ержанның інісі» неге дөрекі сөйлеп, қасындағыларды қаңбақ құрлы көрмей тұр? Себебі, олар ағаларын медеу тұтып тұр. Ал олар ағаларына неге сеніп тұр? Себебі, олар өз мәселесін өзі шеше алмайды. Содан кейін өз құқы мен хақын асыра пайдаланады. Бұл біреудің құқы мен хақына еріксіз қол салуға апарады. Ал осыдан кейін бұл жағдай жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа әкеп соғады.
Ал біздің социум бұл мәселеге салқынқандылықпен қарайды. Тіпті, өміріміздің ажырамас бөлігіндей болды. Кезінде ата-бабаларымыз ел тағдырын білегінде күші бар, жүрегінде оты бар батырларға сеніп тапсыратын еді, ал қазір «өміріміздің пульті» ағаларымыздың қолында. Енді кімге сенеміз?

Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: