Достығымыз жарасқан

661 Views

Еліміздегі ұлтаралық достықты нығайтатын мерекелер баршылық. Бұл мерекелер арқылы түрлі этностар өз мәдениетімен қатар ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетіп, ортадағы бірлікті бекемдей түседі. Міне, сондай мерекелердің бірі – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1 мамырда тойланатын бұл мерекенің маңызы мен мәні ерекше. Әлеуметтік, қоғамдық, мәдени жағынан алғанда, бұл мерекенің деңгейі де өте жоғары. Себебі, бұл атаулы күн арқылы елімізді мекендеп отырған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір-біріне деген сыйластығы да артады, сенімі де ұлғаяды.
1 мамырдың мазмұны мен ерекшелігіөте зор. Бұл күн елімізде 1996 жылдан жылдан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Дегенмен, одан ілгерідегі кезеңде Кеңес Одағындағы еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1 мамыр тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгенде мүлдем жаңаша мән-маңызға ие болғаны анық. Айтулы күн ұлыстар мен ұлттардың бірлігін ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерін жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндеп келеді. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.
Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері мекендеп, тату-тәтті тұрып келеді. Олар бір-бірін сыйлап, бір шаңырақ астында мерекелі де берекелі күн кешіп отыр. Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған еліміз ұлттар арасындағы татулығы арқылы жаһан жұртына есімі мәшһүр. Тарихты қарайтын болсақ, ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы ашаршылық, соғыс кезеңдерінде Қазақстанды паналаған ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басып, бірліктің озық үлгісін көрсетті. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік кезеңнен бері қарайғы уақытта қазақ елі өзге ұлт өкілдерін жатсынбады, керісінше өз бауырындай көріп, жанашырлық танытты. Осының бәрі еліміздің даналығы мен кеңдігінің арқасында.
Міне, осындай тарихи, мәдени жағдайлардан кейін қазақ жерін паналаған түрлі этностар әлі күнге дейін елімізді тұрақты мекені етіп келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Осының арқасында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнін тойлап келеміз. Бұл еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің айқын көрінісі. Сол үшін бірлік туын көкке көтеріп жүре берейік.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: