Жаһан жұрты әрқалай тойлайтын 1 мамыр мерекесі

660 Views

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл мереке елімізде бейбіт те берекелі өмір сүріп жүрген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің жолын ынтымақ деп аталатын даңғылға тоғыстырады. Тарихтың үркіншілік тұстарында дөңгеленген жер шарының әр қиырынан қоныс аударған бұл жандар біршама жылдан бері қазақ жерін өз үйіндей көріп, қазақ халқын өз бауырындай сыйлады. Қазақтар да жарты нанын жырып берді. Дастарханын ортақ қылды. Міне, осындай татулыққа үндейтін бұл мереке туралы түрлі қызықты ақпараттар да жетерлік. Солардың бірқатарын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

Бұл мерекенің шығу тарихы 1886 жылдың 1 мамырынан басталады. Сол күні Чикаго қаласында Америка жұмысшылары жаппай ереуілге шықты. Жұмыстың қиындығынан әбден қажыған азаматтар бірнеше күн ереуілде жүрді. Олар жұмыс уақытын 12 сағат емес, 8 сағат болуын талап етті. Полиция қызметкерлері мен ереуілшілердің арасында қанды қақтығыс болып, жергілікті газеттердің деректеріне қарағанда, 50 адам көз жұмған. Құқық қорғау органдары жұмысшыларды басып шаншып, ереуілді тоқтатқандай болды. Бұл күн АҚШ тарихында таңба болып қалды.
Кейін екі жылдан кейін, 1889 жылы Париж конференциясында Екінші интернационал басшылары бұл күнді мереке деп танып, жұмысшылардың ереуілге шығып, талап қоятын күні деп бекітті.
Еңбеккерлердің халықаралық ынтымақтастық мерекесі алғаш рет 1890 жылы Аустра-Венгрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция елдерінде аталып өтілді.
Ал КСРО-да 1917 жылы өткен төңкерістерден кейін, билік басына жұмысшылар табы келіп, 1 мамырды мереке деп бекітті. Ал 10 жылдан кейін 1 мамырға демалыс берілді.
Кеңес кезінде еңбек пен жұмыс культке айналғандықтан, 1 мамыр кеңес адамдары үшін үлкен мәні мен маңызы бар мерекеге ұласты. Бірінші мамырды жақсылыққа балап, көп күтетін. Мерекенің танымал болғаны соншалық – балаларға «Первомай» деп ат қойылып, елдімекендерге «Первомай» деп атау берілді. «Первомай» деген елдімекен, ауыл атауын бәріміз естіген болармыз. Сол жылдары сәбилерге Даздраперма деген есім жиі қойылған. «Да здравствует первое мая» тіркесінің қысқаша нұсқасы, яғни, «Бірінші мамыр жасасын» дегенді білдіреді.
КСРО құлағаннан кейін бұл мереке Ресейде Еңбек пен көктем күні деп өзгертілді. 1992 жылдан басталған жаңа мереке Ресейде әлі тойланады.
1 мамыр мерекесінің тууына АҚШ елі мұрындық болғанымен, қазір бұл мереке бұл мемлекетте жоқ. Жұмысшылардың кәсіби мерекесі бар, ол қыркүйек айының алғашқы дүйсенбісіне қойылған.
Әлемнің 142 мемлекеті 1 мамырды жұмысшылар күні деп атап өтеді. Олардың арасында Африка елдері де бар: Зимбабве, Замбия, Нигерия. Басында әлем елдерінде 1 мамыр жұмысшылардың төңкерісі, таптық бөлініс, таптық күрес ұғымдарымен мәндес болатын.
Испанияда бұл күн гүлдердің мерекесі деп есептеледі.
Сицилияда кішісінен бастап, үлкендеріне дейін 1 мамыр күнінде жергілікті діни нанымдарға сай бақыт әкеледі деп есептелетін түймедақ баданасын жинайды.
Ал елімізде бұл мереке 1996 жылдан бастап тойланып келе жатыр. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды.

Ахмет ҚАМШЫБЕК.
Деректер интернет ресурстарынан алынды.

Поделиться ссылкой: