ЕКІ ДОСТЫҢ ТАРТУЫ құмарықтық тұрғындарды зор қуанышқа бөледі құмарықтық тұрғындарды зор қуанышқа бөледі

459 Views

Өткен жылдың наурызында іргемізге енген індет жалпы қазақ халқын көп нәрседен айырды. Біраз жанды ет жақынымен еріксіз қоштастырып, қабырғасын қайыстырды. Ол аз десеңіз, барлық сала жұмысын тұралатып, елдің әлеуметтік дамуын тежеп, халықтың материалдық жағдайын нашарлатып жіберді. Бірақ, бұл тәжтажал бізді «қайырымдылық» деген құнды қасиеттен айыра алған жоқ. Керісінше, бір шаңырақ астына біріктіріп, жұмыла жүк көтеруге үйретті.

Пандемия басталысымен-ақ, мемлекет басшылары індетпен күресуге мықтап кірісті. Қомақты қаржы бөліп, денсаулық саласына үлкен мән берді. Сондай-ақ, көптеген кәсіпкерлерді тартып, мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Тіпті, сол жылды «Еріктілер жылы» деп атап, игі бастамаларды іске асырды. Дәл осындай мәндегі бастамалар бүгінде жалғасын табуда. Солардың бірі – «Жомарт түлек – 2021» жобасы. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасын қолға алынған жобаның мән-мақсатын түсінген түлектер бүгінде өзінің туып өскен өңіріне сан түрлі тартулар жасауда. Солардың қатарына құмарықтық қос жігіт Әсет Бағыбаев пен Сержан Баденовті қосуға болады.
Бүгінде Әсет Алматы қаласында құрылыс фирмаларының бірінде қызмет етеді. Ал Сержан болса, ауыл жастарын спортпен шұғылдануға шақырып, бар білгенін үйретіп жүр. Тай құлындай тебісіп, бірге өскен жігіттердің ойы бір арнада тоғысып, жуырда ортақ шешімге келіпті. Бұл туралы бізге Әсет Бағыбаев кеңінен әңгімелеп берді. «Биыл мектеп бітіргенімізге – 20 жыл. Өздеріңіз білетіндей, жиырма жылдық түлектер ортақ қаражат жинап, сан түрлі сауықтарға жұмсап жатады. Біз досым Сержан екеуміз ысырапшылдыққа жол бермей, керісінше мерейлі дата қарсаңында өзіміз туып өскен ауылымызға ерекше тарту жасауды жөн санадық. Осылайша ауыл орталығында орналасқан саябақтың бір бұрышына заманауи үлгідегі «Street Workout» алаңын ашуды ойладық. Бұл ұсынысты ұсынған Сержан досым болатын. Маған қатты ұнады. Алла сәтін салып, бүгін міне, сол бастаманың ашылу салтанатына келіп отырмыз. Келешекте бұл орын әуесқой спортшылардың сүйікті орнына айналады деген сенімім мол» деп өзге де ауыл түлектерін қайырымдылық жасауға, аталмыш жобаға өзіндік үн қосуға шақырды.
Жобаның жалпы құны – 1 500 000 млн. теңгені құрайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген «Street Workout» алаңы қарапайым тұрғындардың спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік туғызатыны айтпаса да белгілі.
Аталмыш алаңның салтанатты ашылу рәсімінде ауыл тұғындары мен әкімдік қызметкерлері қос жігітке шексіз алғыстарын жеткізді. Соңына қарай аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: