сапалы дайындық – оң нәтиже кепілі

541 Views

Жаңа ғасырдағы мектеп алдындағы міндет – егеменді еліміздің жас ұрпағын жан-жақты дамыта отырып тәрбиелеу. Мектептегі басты тұлға мұғалім десек, мемлекеттің білім саясаты ең алдымен осы мұғалімдер арқылы жүзеге асырылатыны сөзсіз. Бірақ, әрине мұның барлығы педагогтың жеке іс-әрекетіне тікелей байланысты. Мұғалімнің алдында тұрған басты мақсаты, іс-әрекетінің нәтижесі – рухани жан дүниесі бай, адами капиталы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Бүгінде, жоғарыда сөз етілген мұғалім еңбегін бағалайтын бірден-бір көрсеткіш – Ұлттық Бірыңғай тестілеу.
Биыл Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Ұлттық бірыңғай тестілеудің 4 кезеңі бекітілгені баршамызға мәлім. Алғашқы ҰБТ-ны қаңтарда, екінші кезеңін наурызда тапсырса, үшіншісі және негізгісі – маусымда, төртіншісі – тамызда өтті. Мұғалімдер қауымы, мектеп бітірушілер, олардың ата-аналары өз балаларының он бір жыл алған білім деңгейін анықтады. Түлектер ҰБТ-ны 4 рет тапсырып, ең үздік нәтижесімен жоғарғы оқу орнына түсті. Осы ретте, біздің ауданда білім көрсеткіші қалай? Осыған тоқталсақ.
Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, ауданда 28 орта мектепті барлығы 712 түлек бітіріп шыққан. Ал, биыл аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің арқасында еселеніп «Алтын белгіні» ақтаған 27 түлек болса, 26 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.137 баллмен Т.Рысқұлов ауданы бойынша ең жоғарғы баллды Ақыртөбе орта мектебінің оқушысы Майкен Әкежан иеленді. Ұлттық тестілеу қорытындысы былтыр 70,72 пайызды құраса, биыл ауданның орташа баллы 73,5%-ды құрап отыр. Демек, білім сапасы 2,78 пайызға өскен. Бұл аз да болса, көңіл толтыратын көрсеткіш.
Десек те, кейбір ауыл мектептерінде білім деңгейі төмен. Жасыратыны жоқ. Ол ҰБТ-ға қатысу пайызының көрсеткішінде де айқын байқалады. Яки, жыл сайынғы түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу пайызы мен олар алған баға көрсеткішінен ауыл мектептеріндегі көптеген өзекті мәселенің төбесі қылтияды… Осыдан-ақ, мектептердегі білім сапасының деңгейін байқауға түлектердің ҰБТ-ға қатысу пайызы-ақ кепіл болатынын аңғарамыз.
Ахмет Байтұрсынов: … «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» деген. … Демек білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – ұстаз, оның шығармашылық ізденісі, жүйелі жұмысының нәтижесі.

Дариға ДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Поделиться ссылкой: