Бәрекелді, ДАНА!
Қазіргі күні бокс сүйер қауымның көзайымына айналған Дана Дидай біздің ауданымыздың мақтанышы екенін білесіздер. Ол Абай ауылында дүниеге келген. Қазір Дана Дидай жасөспірімдер арасынан болашақ Олимпиадаға үміткерлер дайындайтын республикалық колледжде оқиды. Жерлесіміз бокстан Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы екенін де айта кетейік. Сондай-ақ, Азия чемпионы деген атағы тағы бар. Әлем чемпионатының күміс жүлде иегері. Түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Тізе берсек, кө-ө-ө-ө-ө-өө-ө-ө-өп. Қайсыбірін айтайық.
Мына фактіні біз ешқашан жазудан жалықпаймыз. Дана небары 15 жасында өзінің мықтылығын дәлелдеп, жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жеңімпазы деген атаққа ие болды. Кез келген спортшының өмір жолына үңіліп қарасаңыз, ерте бастан мұндай табысқа кенелгендері аз екенін байқайсыздар. Бұл ерекше дарынды адамдардың қолынан келетін іс қой, ендеше.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын Польшаның Кельц қаласында жастар арасында әлем чемпионаты өтіп, сол жарыстан жерлесіміз, талантты боксшы ару Дана Дидай 75 келі салмақ дәрежесінде сәтті жұдырықтасып, күміс медаль иеленген еді ғой. Сонда Дана финалда тек үндістандық Тхокчем Санамача Чанудан жеңілуге мәжбүр болды. Олай дейтін себебіміз, төрешілер осы кездесуде Дананың дөп соққыларына көз жұма қарады. Сөйтіп әділетсіз шешім шығарды. Бұл жөнінде жерлесіміз де өз пікірін әлеуметтік желіде жазды. Біз де Данадан бұл жөнінде сұрағанымызда:
– Иә әділетсіздік болды. Алайда, бұл мені жігерлендірді. Орыс халқында «Все худшее к лучшему» деген сөз бар ғой. Бұл маған керісінше, мотивация болды. Жуырда Азия чемпионаты өтеді. Сол жарыста үндістандық боксшымен қайта кездесіп, төрешілер «бармақ басты, көз қысты» етпейтіндей, есемді қайтарсам деймін. Осындай әділетсіздікке тап болған кезде әрдайым қолдаушым бола білетін өзімнің жеке бапкерім Жанбек Кульниязовқа ерекше алғысымды білдіремін, – деп еді «Құлан таңына» берген сұхбатында.
Жуырда әлем бойынша туристер көп баратын Дубай қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Бұл жарысқа Дана Дидай да қатысты. Дубайда өткен айтулы додада 18 мемлекеттің спортшылары бақ сынады. Жеңілгендерінің салы суға кетіп, «келесі жолы көрерміз» дегендей, тістеніп елдеріне қайтты. Ал жеңгендері елдеріне марқайып, жүлдемен оралды. Сол жеңгендердің қатарында Дана қарындасымыздың болғаны қандай қуаныш десеңізші!
Мына деталь ащы да болса, шындық. Кез келген қарсылас соққысынан именетін еліміздегі теңдессіз жас спортшы кім десеңіз, дәл осы Дана Дидайдың есімін атар едік. Олай айтуымызға да мысал мың. Өйткені, Дана өзі қатысқан жарыстың барлығынан жүлдемен оралып жүр. Сен мықтысың, Дана! Елің саған сенеді.
«Triplee G» деген лақап атпен әлемге танымал атақты боксшы, отандасымыз Геннадий Головкинді өз кумиріне балайтын Дана Дидайдың алға қойған мақсаты көп. Әлбетте, ең бірінші кезекте – Олимпиада шыңы. Ендеше жерлесіміздің мақсаты орындалсын. Біз оған сенеміз. Жас бұрымды арудың шаршы алаңда әрдайым жолы болып, мерейі үстем бола берсін.
Марат Диханбай.