Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
52 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды дамыған мемлекетіміз жаңа кезеңге өтті. Замана көшінен қалмау мақсатында өміріміздің көптеген салалары жаңарып, іс-әрекеттің мүлдем бөлек, жаңа моделі қажет болды. Бұл, әлбетте, мемлекеттік қызметті де айналып өтпейді. Кез келген мемлекеттің беделі оның мемлекеттік қызметшісіне байланысты болса, ел тізгініне ие болар келер буынның «әмбебап» болуы заңды. Осы орайда, елімізде Президенттік кадр резервіне жаңа іріктеу 1 қыркүйектен басталды.
Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалады деп түсінбеу керек. Резервте тұрғандар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.
Президенттің кадрлық резервіне қабілеті жеткен кез келген жастың ілігу мүмкіндігі бар. Тек, білімің мен білігің, ұшқыр ойың, қиыннан қиыстырып, қиындықтан алып шыға алатын, сын тұрғысынан ойлай алатын ақылың болса болғаны. Ең басты талап – үміткердің жасы 35-тен аспауы, жоғары білімі және 5 жылдық жалпы жұмыс тәжірибесі, орта деңгейде мемлекеттік тілді білу. Іріктеуге қатысу үшін 2021 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында PKRezerv.kz сайтында тіркеліп өтінім беру, ол үшін қолданыстағы электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек және NCALayer бағдарламалық жасақтамасын орнату қажет.
Жеке кабинетте профильді толтыру және электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қою қажет. Содан соң, қажетті құжаттарды, яғни жеке куәлік көшірмесі, жоғары білім туралы дипломдардың көшірмесі, еңбек өтілін растайтын құжаттың көшірмесі және мемлекеттік тілді білетіндігі туралы сертификатты жүктеу қажет.
Айта кететіні, Президенттік резервте болу мерзімі – 3 жыл.
Президенттің жастар резервін құру бір күнде пайда болған дүние емес. Айта кету керек, бұған дейін де елімізде құқық қорғау органы саласында осындай тәжірибе енгізіліп, өзінің жетістігін де берген. Бұл жоба елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды.
Аудандық ішкі саясат бөлімі.