Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Апта басында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кезекті кеңес отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевтың төрағалығымен өткен жиынға аға прокурор Нұрлыбек Абдешов, полиция бөлімінің басшысы Олжас Омарбеков және білім саласының қызметкерлері мен жасөспірімдердің құқықбұзушылығына жауапты мамандар қатысты.
Кеңес күнтәртібінде 3 мәселе қаралды. Оның ең алғашқысы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналып, білім бөлімнің бас маманы Анар Базаркұлова кәмелетке толмаған жастар арасында құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықты азайтып, өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жалпы, ауданда 38 білім беретін мектеп бар. Оның 8-і бастауыш мектептер болса, 28-і орта мектептер. Ал, қалған екеуі негізгі мектептер санатына жатады. Осы білім ошағының барлығында 14944 бала білім алса, олардың тәрбиесімен 1021 жауапты педагог айналысады. Оның 42-сі тәрбие және құқықтық тәрбие жөніндегі мектеп директорының орынбасары, 49-ы психолог, 36-сы әлеуметтік педагогтар. Сонымен қатар, бұл тізімге 37 тәлімгер мен 859 сынып жетекшісін қосуға болады. Бір өкініштісі, аудандағы 38 мектепте білім алатын 14944 балаға небәрі 5 қана аумақтық полиция инспекторлары бекітілген. Бірақ, соған қарамастан аудан әкімдігіне қарасты қос бөлімнің қызметкерлері бірлесіп, нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Мәселен, 2021 жылдың 8 айында бекітілген кестеге сәйкес, әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі, сенбі күндері түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында түрлі форматта рейдттер жүргізілген. Сондай-ақ, білім бөлімі тарапынан педагогтерге балалардың отбасында қатыгездікке ұшырауы, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша «Зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған орай әрекет ету», «Балалар мен жасөспірімдер арасында девиантты мінез-құлықтың алдын алу шаралары», «Қиын балалармен жұмыс жүргізу нұсқаулығы», «Әртүрлі санаттағы балалармен жұмыс жүргізу алгоритмі» тақырыбында нұсқаулықтар таратылса, психологиялық көмек көрсету қызметтері және оқушыларға қысым көрсететін жағдайлар, мұғалім мен оқушы, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік жағдайы, сонымен қатар оқушыларды мазалап жүрген мәселелеріне жауап беру мақсатында мектептерде «Сенім жәшігі» және республикалық бала құқықтарын қорғау «111 сенім телефоны» ақпараттық жадынамалары мектеп фоелеріне қойылған. Одан бөлек жыл сайын «Қауіпсіз мектеп», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Бала құқығы – адам құқығы», «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн», «Түнгі ауылдағы балалар», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Мектепке жол» республикалық акциялары тұрақты ұйымдастырылуда. Аталмыш мәліметтердің барлығын білім бөлімінің бас маманы толық баяндап берді.
Сонымен қатар, жиында кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушыларының өмір қауіпсіздігін сақтау, теміржол бойында қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында профилактикалық сынып сағаттары ұдайы ұйымдастырылып тұратыны айтылды. Нақты атап өтер болсақ, теміржол аймағына жақын орналасқан Т.Рысқұлов, Т.Әубәкіров, М.Горький және Ақыртөбе орта мектептерінде «Теміржол – жоғары қауіпсіздік аймағы» тақырыбында ауқымды іс-шаралар өткізіліп, оған 1334 оқушы қамтылған.
Бүгінгі таңда оқушылар қауіпсіздігін бейнекамера арқылы да бақылауға болады. Осыған сәйкес аудан аумағындағы 38 мектепте барлығы 360 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Олардың 194-і мектеп сыртында болса, 146-сы ішіне орналастырылған. Ағымдағы жылы аудан орталығы Құлан ауылында орналасқан Ә.Бөкейханов, Ш.Уәлиханов, Ю.Гагарин мектептері және Құлан мектеп-гимназиясы мен №1 мектеп-лицейіне турникеттер орнату жоспарлануда.
Жиын барысында Анар Базаркұловадан бөлек Гүлзира Ускенбаева, Лаура Башанова, Олжас Мұсақұлов, Бауыржан Самылтыров сынды жауапты мамандар есеп берді. Олар «Жомарт түлек» жобасының орындалу барысы, қысқы маусымға дайындық, Құлан агротехникалық жоғары колледжіндегі қазіргі ахуалға тоқталды.
Кеңес соңына қарай аудан әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаев жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін мамандардың жауапкершілігін арттырып, олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқару керектігін алға тартты. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен оның дұрыс қалыптасуы әрбір саналы азаматтың алдында тұрған борышы екендігін еске салды.
Барлық тапсырмалар мен ұсыныс-пікірлер комиссия хаттамасына енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.