ЕРІКТІЛЕРДІҢ БАСТАМАСЫМЕН

616 Views

Имандылық иірімдері

Бұған дейін біздің газет Абай мен Жаңатұрмыс ауылдарында ауыл тұрғындарының қолдау көрсетуімен және жастардың осы игілікті іске ұйытқы болуы арқасында мешіттер жанынан асханалар салынғанын жазған еді. Осындай иманды істі Жақсылық ауылының жастары да қолдап, ауыл ақсақалдары Әскербек Омаровтың және Берікбай Ахметовтың, ауыл имамы Серікқан қажы Тоқышбаевтың, «Оңғарбай» шаруа қожалығының жетекшісі Қажымұрат Байтұмановтың ұйытқы болуымен осы жазда асхана құрылысын бастап та кеткен болатын.
Жақында біз Жақсылық ауылындағы «Сүйімбай қажы» мешітіне ауыл қарияларының өтінішімен барып, ауыл азаматтарының қолдауымен бой көтере бастаған асхана үйін көріп, оған көңіліміз әбден толды. Өйткені, жастардың көшбасшысы болып жүрген Мәулен Мәлікеевтің қолдауымен ерікті жастар қазірдің өзінде асхананың қабырғасын қалап, шатырын жауып қойыпты. Осыған Жақсылық ауылы маңында тұрған екі кірпіш зауыты (басшылары Ерболат пен Нұрбол) қайырымдылық жасап, 20 мыңнан 40 мың дана күйген кірпішті тегін беріпті. Қажымұрат Байтұманов бізге ауыл азаматтарының ішінде демеушілік көрсеткендердің атын атап, түсін түстеп берді. Олардың есімдерін атайтын болсақ, «Жақсылық» шаруа қожалығының жетекшісі Тұрсынбек Досаев, «Ақниет» қожалығының басшысы Ғалымжан Жусанбаев, жеке кәсіпкерлер Жомарт Тұрықбаев, Қойшыман Әбдірахманов, Талғат Егембердиев тағы басқалары бар.
Осынау иманды іске әр жылдарда мектеп бітірген жастар да ұйытқы болуда. Мәулен Мәлікеев бізге бір топ ерікті жастардың есімдерін атап берді. Олардың ішінде Айдар Төке, Еркебұлан Батырханов, Жасұлан Сәбитов, Дастан Жапсар, Құлан Мамықов, Ерболат Теміров және Хамит Жапабаев және басқалары бар.
Ауыл имамы Серікқан қажының «Сүйімбай ата» мешітіне келгеніне он үш жылдың жүзі болып қалыпты. Мешітті Сүйімбай ұрпақтарының ішінде беделі бар Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымовтың әкесі Сағи ақсақал салдырғанын дүйім жұрт біледі. Жақсылық ауылында осындай иманды іс қолға алынып жатқанда ол кісінің жұрттан сырттап қалғаны жөн емес-ау. Өйткені асхананың шатыры жабылғанымен оның әлі де он-сан керек-жарағы алынған жоқ. Сондықтан жұрт: «Көп түкірсе көл» деген сеніммен құрылыс жұмыстарын бастап отыр. Олар ауылдың сыртта жүрген азаматтары да асхана құрылысына өз үлестерін қосатын шығар деген үмітте.

С.Қожеке.
Жақсылық ауылы, Көкдөнен ауылдық округі.
Суретте: бастамаға бас болып жүрген «Оңғарбай» шаруа қожалығының жетекшісі Қажымұрат Байтұманов, жастар ұйытқысы Мәулен Мәлікеев және ерікті жастар белсендісі Қанат Омаров.
Суретті түсірген автор.

Поделиться ссылкой: