«Батаменен ел көгерер»

455 Views

атты облыстық байқауда жүлделі I орынды жеңіп алды

«Бата беріңіз десең, тілек айтып» кететін ақсақалдар көп қазір. Шерағаң жазғандай, бұл да бір қазақтың «Бір кем дүниесі» негізі. Баяғы шалдар қандай еді. Кеудесі толған қазына еді. Ал қазіргілер ше? Қазіргі «шалдардың» кө-ө-ө-ө-ө-ө-бісі әлгінде айтқанымыздай, бата беріңіз десең «басын алып қашады». Күйініш қой, бұл дегеніңіз. Қожайхан ағаны білем, батаны төгілтеді. Өткенде айтыста Ораз аға да керемет батасын берді айтыскерлерге. Ұйып тыңдайсың. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Көгершін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Өтегенов те бата беріңіз десең, тосырқап қалмайтын азаматтың бірі. Ол жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қордай ауданы Әлжан ана ауылында батагөй ардагерлер арасында өткен «Батаменен ел көгерер» атты облыстық байқаудан жүлделі I орынды жеңіп алды. Алдыңғы толқын ағалардың осындай ақ тілеулі батасын естігенде бір жасап қаласың ғой, шіркін. Өз басым Серік Өтегеновтың ізденгіш, кітап көп оқитын азамат екенін білемін. Ол жергілікті би-шешендердің, Шерхан Мұртазаның дастархан басында берген батасын, ақын Фариза Оңғарсынованың жас жұбайларға берген батасын жатқа біледі. Осының бәрін оқымаса, қайдан біледі әйтпесе. Осы мақалаға тұздық ретінде «Уатсап» желісімен сөйлесіп, бата сұраған едік Серік ағадан. Тосылған жоқ. Төгілтті-ай келіп маржан сөздерді. Алдияр оқырман, Серік Өтегенов айтқан Төле би бабамыздың бала Сабалаққа берген батасын (атақты хан Абылайға) сіздердің де назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Аллаға жағайын десең, азанды бол балам,
Халыққа жағайын десең, қазанды бол балам.
Сабалақтай баланың,
Оң болса екен сапары,
Мол болса екен қатары.
Сегіз қырлы шартарап,
Кең жайылсын атағы.
Елдің ұлы бола біл,
Еліңе ақыл сала біл.
Алла ісіңді оңғарсын,
Халықтың қамын толғарсың.
Пана болып халқыңа,
Көз қырыңды сал салтына.
Адал жүріп қызмет қыл,
Қарай көрме қайырылып,
Жерде жатқан алтынға.
Дүние бұзар адамды,
Байлығыңа мақтанып,
Босқа алқып шалқыма.
Қанша аспандап кетсеңде,
Сен баласың халқыңа.
Бердім осы батамды,
Балам маған налыма.
Дәулетің мен бақытың,
Жетсін жеті ұрпаққа.
Алтын зерлі ақ бозат ат,
Астыңда сенің арысым.
Қолаң шашты қой көзді,
Алғаның бірге қартайсын.
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір үйдің атасы болма,
Бір елдің данасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол.
Әмин!

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: