Тәуелсіздік баға жетпес құндылық

1 142 Views

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап, білім, ғылым, мәдениет, денсаулық салалары болсын, жан-жақты дамып келеді. Мен ұстаздық қызмет еткен соң, білім саласы бойынша сөз қозғасам деймін.
Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал Қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықта тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан – өз діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз? – деп ойлансақ, бұл – туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сөзі. Күні кеше еліміз тәуелсіз болса деген арман ұшқын шашса, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың абыройлы беделінің арқасында әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналып отырғаны шығар күндей шындық.
«Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деген батыр Бауыржан Момышұлының даналы сөзі тасжүрек адамның өзін елітпей қоймайды. Бұл сөзге бірдеңе деудің өзі артық. Біздің бір білетініміз, Баукең айтқандай, Отаннан, Тәуелсіздіктен артық байлық жоқ жер бетінде.
Жуырда мектебімізде «Тәуелсіз елдің білімді ұстаздары» деген тақырыпта байқау өтті. Өзім 1991 жылы дүниеге келгендіктен, сол байқауға қатысуды құп көрдім. Нәтижесі мені қуантты. Эссе жазудан жүлделі бірінші орынды иелендім. Бұл жеңіс маған ерекше шабыт сыйлады. Көп жұрттың жеткіншектері біздің елдегідей бейбіт өмір сүруді армандайды. Елінде тыныштық заман орнағанын қалайды. Құдайға шүкір, біз, бейбітшілік елінде ғұмыр кешіп жатырмыз. Құдай осы қалпымыздан айырмасын. Азаттығымыз мәңгі болғай!

Гүлназ Телешова,
Максим Горький атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: