Бір бала (Эссе)

530 Views

Далада ұзаққа жүрсең қара суық желдеп ұрып, құтыңды қашыратын, сырттағы тірлігің біткенше, жылы үйді аңсатып тұратын қыстың бір заңды құбылысы болып тұрған күн. Міне, енді кешқұрым қараңғылық түсе, бағанағы соғып тұрған қара суық жел әп-сәтте басыла қалып, жапалақтап қар жауа түсті. Ауданның орталығы кешкілік жұмыстан қайтқан адамдардың, мектептен тарқаған балалардың қарасынан азайып, көлік қозғалыстарының да сейілген уақыты басталған еді. Екпіндеп жауған қарлы ауа-райында қандайда бір жол қозғалысында оқыс жағдай орын алмас үшін полиция қызметінің автокөлігі төбесіндегі жарығын қосып, күнделікті өз міндеттерін атқарып, көше бойлап келеді.
Күндізгі қара суықтан әбден жаураған жеткіншек қара балаға мына бір түнгі тымырықта жауып тұрған қар жып-жылы болып көрінді. Қара суық желдің тоқтағанына қуанды. «Шіркін, бір ыңғайлы жерге жата қалып ұйқыға кетсем, ал мына жауған қар аппақ мамық көрпе бола қалып, үстімді жапса»– дейді бала аңсары. Ұйқыға кетіп бара жатып, қалжыраған баланың санасында жөргегінен бағып-қаққан әжесінің жылы алақаны маңдайын сипап жатса, енді бірде, шошынған күйге түсіп, өз әкесі мен анасының айқайы, өзіне көрсеткен жәбірі сандырақтатып жатыр. Арақтан босаған шөлмектің жаңғырығы құлағына түрпідей тиіп, бойын жиырады.
Көше бойында ақырын жүріп, бақылап келе жатқан полиция қызметінің автокөлігі балабақшаның тұсына келіп кідірді. Кенет, автокөліктің жарығынан аппақ қар үстінде ағаштың ығында бүк түсіп жатқан адамның қарасын аңғарды. Сақшылар баланы бірден көлікке отырғызып, бойын жылытып, мән-жайды ары қарай анықтауға кірісті.
Әке-шешесі арақтың ішкілігіне салынып, сол ащы суды бауыр еті баласынан артық көрген соң, әжесі өз қамқорлығына алып жетілдірген. Қазір қартайып қарай алмайтын жағдайға түскен соң, өз ата-анасына берген екен. Тұрып жатқан үйін қыздары сатып, өз қолдарына көшіріп алған. Алайда, бауырының баласын қарт кісімен қосып сыйғыза алмаған. Міне, бала енді өз әке-шешесіне бір жағынан жат болып өссе, енді бір шындығы ата-ана өз баласын арақтың кесірінен мейіріміне баса алмайды. Күре жолдың қашықтығына қарамастан, сонау Алматы облысынан он үш жастағы баланың әжесін іздеп келе беруінің себебі – осы болатын.
Қара бала қазақы тәрбиені, қазақи отбасыны іздеп қарт әжесін сағынды. Көздері жәудіреп, қаланың орталығындағы балаларды бейімдеу орталығына әкеліп, кетіп бара жатқан полиция қызметкеріне жалтақтап қарай берді…

Г.Ниязқұлова,
аудандық полиция
бөлімінің Ювеналды полиция
тобының аға лейтенанты.

Поделиться ссылкой: