Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
23 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Шатаспасам, сәуір айы болатын. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» сол кездегі директоры Айбек Сәрсеханұлы ауданның бір топ жастарын шағын дәмханаға шақырып, бірқатар белсенді жандардың басын қосты. Олардың қатарынан әріптесім Марат Диханбай екеуміз де табылдық. Саулық сұрасып болғаннан соң бір шыныаяқ кофені ұрттай отырып, жиналғандағы негізгі мәселені талқылауға көштік. Сондағы алғы сөзді алған Айбек:
– Құрметті, аға-інілер! Біз ұжымдағы жігіттермен ақылдаса келіп, жақсы бір істі іске асыруға ниет етіп отырмыз. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы мен облыстық жастар басқармасының «30 игі іс» жобасын ортақ арнаға ұштастырып, мұқтаж бір отбасыға жаңа үй сыйлаймыз деп бір ауыздан келістік. Егер де мүмкіндіктеріңіз болса, баянды бастамаға үн қосуларыңызды сұранамыз. Алдағы уақытта жаны жомарт жандарға да барып, көмек сұрайтын боламыз. Тіпті, біз баспанаға ие болатын бақытты жанды да таңдап қойдық. Сондықтан бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр болып тұр. Күн суытпай, көпбалалы отбасыны жылы шаңыраққа кіргізуіміз керек, – деп өз ұсынысын ортаға тастады. Оңай атқара салатын тірлік емес екенін түсінсек те, бәріміз білек сыбана кірісуге уағдаластық.
Әрине алғашында бәрі ойдағыдай болған жоқ. Бірақ қолдау білдірген жандардың, құрылысқа бір кісідей атсалысқан жастардың арқасында үйдің іргетасы қаланып, шатыры жабылды. Ізінен орталық жігіттерінің күш-жігерінің арқасында үй іші сыланып, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Орталық басшыларының келіссөздер жүргізудегі ептілігін айтсаңызшы! Олар шағын кәсіп иелерімен жеке-жеке тілдесіп, игі іс жүргізіліп жатқанын айтып, үйге пластикалық үлгідегі терезелер қойдырып, тіпті, әр бөлмеге кермелі төбелерді де тартқызды. Осы орайда аталмыш шағын кәсіппен айналысып жүрген жастарға ерекше алғыс айту керек шығар.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жастар бастамасымен салынған шаңырақтың кілтін салтанатты түрде аудан әкімі Ерболат Садырқұлов 15 желтоқсан күні Құлан ауылының тұрғыны Бахтияр Досмайыловқа табыс етті. Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан басшысы жанашыр жастардың ісіне жоғары баға беріп, көмек қолын созған бірнеше жасты арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Ізінен үйдің лентасын қиып, «шаттыққа толы шаңырақта бүлдіршіндер бақытқа бөленсін» деген тілегін де жеткізді.
Біз осы бір игілікті істі өз көзімізбен көріп, қысқа ғұмырын ел тағдырына арнап, Алаш ұранын аспандатып, халық игілігі үшін қара басын қатерге тігіп, күллі адамзаттың мүддесін көздеген Мағжан Жұмабаевтың мына бір өлеңі санаға еріксіз оралды.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн! – деген екен замана сырын ашып, болашаққа жол сілтеген ұлт ақыны.
Иә, өмір шындығын поэзия шындығына айналдырған Мағжан ақынның бұл туындысы бәлкім, осы Айбек Сәрсеханұлы, Әбіләшім Мырқасымов сынды дара жігіттер бастаған орталықтың жас қызметкерлеріне арналған болар…Кім білсін!? Бір білеріміз сол… Жаңа жылды бір отбасы жылы, кең сарайдай үйде қарсы алатын болды. Біз соған қуаныштымыз. Жақсылық жасап жарысайық, ағайын!
Жәнібек СҰЛТАН.