Мәдениет дегеніңіз– театрдан басталады

634 Views

Жерлесіміз Мәлік Ақүрпеков басқаратын Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрдың шығармашылық ұжымы өткен сейсенбіде ауданымызға келіп, «Асқаровтың аққайыңдары» атты спектакльді көрермендер назарына ұсынды. Бардық. Көрдік. Көкейде мынадай ой қалыптасты есесіне. Әншейінде, «болмайтын нәрсені болдыға балап», сүбелі сөзден гөрі бөспе сөзді құп көретін ақ жағалы шенеуніктер, ақыл айтудан гөрі, арыз жазуға қолы қышып тұратын ағасымақтар осындайда неге мәдениет үйінің залынан табылмайды» дейсің да… Мәдениет дегеніңіз – театрдан басталмай ма? Әй, бұны түсініп жатқан кім бар, қазір…
Облыстық драма театрда біздің тағы бір жерлесіміз, Қазақ ауылының тумасы, белгілі актер, ҚР Мәдениет қайраткері Әлімбеков Жүніс Нұрғазыұлы қызмет етеді. Жүніс Нұрғазыұлы биыл – асқаралы 60 жасқа толды. Өзі айтқандай, «Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсету – көптен бергі арманы» екен.
Әлімбеков Жүніс Нұрғазыұлы театр сахнасында көптеген рөлдерді сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына кенелген атақты актер. Ол қазақ халқының даңқты батыры Бауыржан Момышұлының, соғыс ардагері Ағәділ Сухамбаевтың, жеке басы үшін емес, ұлттың тағдыры үшін қызмет еткен қайраткер Асанбай Асқаровтың кесек болмысын театр сахнасында сомдады. Өзінің облыста өтетін шығармашылық кешінің алдында туған жерге келіп, өзі басты рөлді сомдайтын «Асқаровтың аққайыңдары» атты спектакльді көрермен назарына ұсынуды жөн көрген екен. Спектакльді аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов және аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов арнайы барып, тамашалады.
Спектакльден өзгеше әсер алдық. Күңірендік. Іштей өз-өзімді жегідей жеп, аласұрдық. Біз неге сонша майдаланып кеттік? Ірі едік қой. Сөзіміз кесек еді ғой. Түрмеге қамалатындай Асқаровтың не жазығы бар еді?.. Қиыыын. «Кімнің кім екенін халық біледі, халық білмесе Құдай анық білетіні» хақ. Түйгенім – осы спектакльден.
Спектакль соңында аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов сөз сөйлеп, аудан әкімінің Құттықтау хатын оқып беріп, ақшалай сыйлық табыс етті. Аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та өз ойларын білдіріп, актердің өнердегі талантына құландықтар тәнті екенін айтты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: