Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
14 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Жалпы қазір кәсіптің сан алуан түрі бар. «Бастаймын», «Ілгері жылжытамын», «Кеңейтемін» десеңіз, ешқандай кедергі жоқ. Тек бойыңызда жігер мен талпыныс, ізденіс пен ұдайы даму стратегиясы болса болғаны. Жоғарыда сөз еткен қасиеттерді бар бойына жинап, болмыс-бітімімен ерекшеленіп тұратын бір жігітті өз басым жақсы танимын. Есімі – Данияр.
Ол Луговой ауылындағы қазыналы қарттардың бірі болған Ниязқұлов Бейсен ағаның елордада тұратын үлкен баласы. Өзі – өте пысық. Тірлікке де икемді. Бейтаныс адаммен тіл табысу, олармен тұрақты қарым-қатынас орнату ісіне өте ұқыпты. Бір сөзбен айтқанда, сол Даниярдың бойында кәсіпкерге керек қасиеттің бәрі бар.
Бар болғаннан шығар, бәлкім. Былтыр ол кәсіп ашты. Жай ғана кәсіп емес, үлкен кәсіп. Ең бастысы, онлайн форматта, қашықтан жұмыс жасауға болады. Қызық па?! Ендеше әрмен қарай оқыңыз…
Данияр дәл қазір аудан аумағында «Алло такси» қызметін іске қосқан азамат. Қарамағында 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – такси жүргізушілері. Қызметкерлердің тапқан табысы да жаман емес.
Біз Даниярдың өзімен телефон арқылы тілдестік. Тарихы тереңде жатқан кәсіптің жұмыс барысын, оны ашуға не түрткі болғанын сұрап білдік. «Шынын айту керек, дәл қазіргі таңда бұл кәсіп елімізде кең көлемде дамып келеді. Осыдан бір жыл бұрын бастағанбыз. «Кәсіпті ашуға не түрткі болды?» дедіңіз ғой. Ендеше сіздің сауалыңызға нақты жауап беріп көрелік. Осыдан екі жыл бұрын жаңа жыл мейрамы қарсаңында ауылға арнайы келдім. Отбасымызбен бірге қонаққа барған болатынбыз. Сағат 12-ден асып кеткен. Дереу үйге қайту керек болып, такси шақырттық. Көлік жүргізушісі келместен бұрын бағаны келісуге кірісті. Сол сәтте аяқ тастам жердің өзіне бес есе артық баға сұрады. Жанымызда кішкентай бүлдіршіндер болғандықтан, амалсыздан келістім. Әрине, дұрыс шығар. Ол кісінің еңбегін жоғары бағалаймын. Мейрам кезінде жанұясын асырау үшін қызметте жүрген болар деп топшыладым. Бірақ үйге келіп, терең ойға баттым. Мейлі, мен ауылға бір келгенде дәл осындай бағаны қалтам көтерер. Бірақ, күнделікті көлік қызметін қолданатын ауыл азаматтарының шамасы жетпейді ғой деген ойға тоқтадым да, дереу амалын іздеуге кірістім. Аллаға шүкір, бүгінде бастаған кәсібіміз ақырындап іске асып келеді» – деп, кәсібінің алғашқы қадамдарымен бөлісті. Сондай-ақ, Данияр бізге кәсіп бастаудағы басты мақсатын да айқындап берді. «Ауыл ауласында өскен жігітпіз ғой. Сол себепті де ондағы тыныс-тіршілікпен жақсы таныспыз. Шалғай аудандарда жұмыссыздық белең алып тұрғанын өз басым жақсы білемін. Жұмыс бар болған жағдайда да күнделікті күйбең тіршілікке жалақысын жеткізе алмай жүрген жандар бар. Біздің орталықта қызмет ететін жігіттердің басым бөлігінің тұрақты жұмысы бар. Бірақ жалақысы аз. Оларға қосымша табыс көзі болу үшін осы жобаны қолға алып отырмын. Тағы бір баянды бастамамен бөлісе кетейін. Қазіргі таңда жұмыс ауқымы көбейіп, қосымша қызметкерлер алып жатырмыз. Мәселен, жуырда ғана операторлық қызметке мүмкіндігі шектеулі жандарды алдық. Бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз»,– деп келешекте іске асырылатын жоспарларын да баяндап берді.
Енді такси қызметін қалай қолдануға болады? Осы сауалға сауатты жауап іздеп көрелік.
Ең алдымен сізге Play Маркеттен қызметтің арнайы қосымшасын жүктеп алу керек. Кейіннен ұялы телефон нөміріңіз арқылы тіркеліп, тапсырыс беруге мүмкіндік аласыз. Немесе саll орталықпен тікелей байланысқа шығып, тапсырыс беруге де болады екен. Бірақ, ең тиімдісі — бірінші нұсқасы. Себебі, қосымша арқылы тапсырыс берген тұтынушыға арнайы бонустар бөлінеді. Бонус жинай алсаңыз, келесі тапсырысыңызды сол арқылы төлеуге де болады. Тиімді ме?! Меніңше, иә!
Ендеше не тұрыс?! Қосымшаны жүктеп алып, Данияр ұсынған қызметті қабыл алыңыз.
Жәнібек СҰЛТАН.