Ерлікпен қаза тапқан Рахат Сланбековтің отбасына 3 бөлмелі пәТердің кілті тапсырылды

462 Views

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан полицейлер мен әскерилер Мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын. Сол бүлікте ерлікпен көз жұмған батырлардың бірі Тараз қаласы полиция басқармасының 1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбеков.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденін марқұмның анасына табыс етті. Сондай-ақ, артында жары, бес ұл-қызы қалған батырдың отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілті берілді.
ҚР Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімінде өткен шараға Рахат Сланбековтің отбасы, туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Олар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аймақ басшысы сын сағатта ерлік танытқан Рахаттың есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тыныш­тығын күзету жолында, қаскөйлерге қарсы күресте опат болған батырларды түрлі Мемлекеттік наградалармен марапаттап, лайықты құрмет, отбасыларына қажетті көмектер көрсетуді тапсырған болатын.Бүлікшілердің қолынан қаза тапқан Рахаттың ерлігі мен өрлігі өзінің әріптестеріне, кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол қызметтік міндетін абыройлы, адал атқара отырып, өзінің нағыз патриот, елжанды ер азамат екенін дәлелдеп кетті. Елдің амандығы, бейбіт тұрғындардың тыныштығы жолында өзін құрбан етті. Рахат секілді батыр ұландардың есімін елі ешқашан ұмытпайды.
Арыстай азаматтың қазасы бәрімізге ауыр тиді. Отбасы мен жақын туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Артында қалған ұл-қыздарына тек жақсылық, ұзақ ғұмыр тілейміз, – деген облыс әкімі Рахаттың жақындарына ІІ дәрежелі «Айбын» орденін және 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Аймақ басшысы туған жерін, қаласын қорғау кезінде көз жұмған әскерилердің, полиция мен қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің отбасыларын мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын, жергілікті әкімдік те әркез көмектесуге әзір екендігін жеткізді.
Өз кезегінде Рахаттың анасы Ұлбосын Жапарова Отан үшін опат болған ұлының қазасына көптің ортақтасқанына, ерлігі ескерусіз қалмай, Мемлекеттік наградамен марапатталғанына ықыласын білдіріп, елдің амандығын тіледі.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: