Ұлттық тәрбие – болашақ кепілі
35 ViewsӨткен жұмада Тереңөзек ауылындағы «Балауса» бөбекжай-бақшасында «Ұлттық тәрбие – болашақ кепілі» деген тақырыпта семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – балалар бойына халықтың дәстүр танымындағы өсиеттерді…
Өткен жұмада Тереңөзек ауылындағы «Балауса» бөбекжай-бақшасында «Ұлттық тәрбие – болашақ кепілі» деген тақырыпта семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – балалар бойына халықтың дәстүр танымындағы өсиеттерді ұғындырып, оларды адамгершілікке, инабаттылыққа және мейірімділікке тәрбиелеу.
Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы. Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Ата-бабаларымыз қай заманда да ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Жан-жақты жетілген, бойына ұлттық құндылықтар, сана сезімі қалыптасқан парасатты азамат тәрбиелеп өсіру, отбасының, балабақшаның, барша халықтың міндеті. Семинар барысында балабақша ауласында ата-аналармен бірігіп жасалған ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Осы іс-шарада балабақша меңгерушісі Алтынай Сазанбаева сөз алып, «Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды» деген пікірін жеткізді.
Келген қонақтарға балабақшаның әжелерінен құралған «Ару әжелер» тобы «Жүгіріп шықтым белеске» атты халық әнін орындап берсе, «Ұлттық құндылықтар – болашаққа цифрлы көпір» атты танымдық ата-әжелердің қатысуымен көрініс ұсынылды. Онда «Інжу» тобының бүлдіршіндеріне атамыз Нұржан мен әжеміз Зида балаларға ұлттық құндылықтар мен қазіргі жаңа технологияны салыстыра отырып, олардың өзара байланысын түсіндірді. Атамыз домбырамен күй шертіп, әжеміз өю-өрнек түрлерімен таныстырып, бесік жырын айтып берді.
«Әке – асқар тау» дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орыны ерекше. Келесі кезекте балабақшамыздың «Әкелер» мектебінің өкілі, ата-ана Абылай Тлеуханов және тәрбиеші Гүлнұр Букетова «Анар» ересек тобының бүлдіршіндеріне «Бес кеней» ұлттық ойынын ойнауды түсіндіріп көрсетті.
Балаларды ұйымшылдыққа, шапшаңдылыққа, отансүйгіштікке, тілін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында «Алтын асық» интеллектуалды танымдық ойыны ұсынылды. Ойын «Іңкәр» мектепалды тобының бүлдіршіндерімен ұйымдастырылды. Тәрбие жетекшісі Динара Жарылқасынова ойынды балалармен жоғары деңгейде өткізді.
Іс-шара соңында бүлдіршіндер ұлттық аспаптармен «көңілді оркестр» туындысын орындады. «Ата толғау» күйіне бүлдіршіндер би биледі.
Семинар соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы сөз алып, әжелердің ұрпақ тәрбиесінде тигізетін пайдасы ұшан-теңіз екенін атап өтті.
А.Сазанбаева, «Балауса» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.