Қылқан жапырақты ағаштарды қорғайық, олардың қоры шексіз емес…

320 Views

Бүгінгі күнде «Ақыртөбе орман­дарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің қарамағында 17038 га орман қоры жері бар. Оның ішінде 5537 га жері орманды алқаптар. Мекеменің Мақпал орманшылығының тау алқабындағы Мамай, Қайыңды, Сөгеті, Қараарша сайларында қылқан жапырақты ағаштар өседі. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2024 жылғы 21 қарашадағы «2024 жылдың Жаңа жыл алдындағы кезеңінде қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас талдарын қорғауды күшейту туралы» №27-03/331-11Қ бұйрығына сәйкес, мекеме тарапынан қорғау, бақылау жұмыстары жүргізілуде. Орман-тоғайларымыз жанға дауа болуымен бірге жеміс-жидек, дәрілік өсімдіктер және жабайы аң-құстарға бай. Сонымен қатар бір-гектар орманды жер бір гектар ауылшаруашылық алқабына қарағанда 3-10 есе оттегіні көп шығарады. Орман ішіндегі ауада қаладағы ауаға қарағанда әртүрлі микробтар 40-70 есе аз. Бір гектар орман алқабы жылына 50-70 тонна шаңтозаңды тазартады.Табиғат әлемі өзара бір-бірімен тығыз байланыста. Олар бір-бірінсіз тіршілік етіп, өмір сүре алмайды. Осы байлықты ел пайдасына айналдыру – біздің негізгі міндетіміз! «Әр нәрсенің жауы бар» демекші, өкінішке орай осы әсем қылқан жапырақты ағаштарды Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мерекелік шыршаға кесу жағдайлары кездесіп тұратындығы ащы шындық. Бір күндік мереке үшін табиғат байлығына нұқсан келтірмейік. Кесілген ағаштарды қалпына келтіруге орта есеппен 20-30 жылдай уақыт керек. Сондықтан жердің көркі, денсаулыққа шипа орман алқабын, оның ішінде әсемдік беріп тұратын қылқан жапырақты ағаштарды қорғап, келешек ұрпаққа табиғи қалпында жеткізу орманшылардың ғана емес, осы табиғат аясындағы әрбір перзенттің қасиетті борышы екендігін ұмытпайық. Заңсыз ағаш кесуге жауапкершілік арттырылып, ол үшін қылмыстық жауапқа тарту қарастырылған. Орманды жерлерден заңсыз ағаш кесу жағдайларын байқаған жағдайда тез арада телефон арқылы «Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің 5-34-97, ұялы телефон: 8705-737-10-33, рация: 7311*3 нөмірлеріне хабарласыңыздар. Бұл сіздердің табиғатты қорғау жолында өз үлестеріңізді қосқандарыңыз болып табылады.

Н.Сералиев,
«Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау

жөніндегі мекемесі» КММ-нің орман қорғау инженері.

Поделиться ссылкой: