Татулықты ту еткен мереке
Алғыс айту күні – тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшіліктің мерекесі . Алғыс айту күні – ұлттық құндылықтарымызды ұлан-байтақ жерімізді, қасиетті тілімізді, тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды бүгінгі бейбіт заманымызға дейін жоймай, аман сақтап ұрпағына мұра етіп қалдырған ата-бабаларымызға сан мың алғыс айтсақ та аз екендігі даусыз. Сонау патшалы Ресейдің реформасы кезінде қазақтың байтақ даласына Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан жүздеген мың, яғни миллионнан астам шаруалар қоныстанды. Елдің есінде қалған зобалаңдар мен зұлмат жылдарды тарихтан ешкім де өшіре алмайтыны баршаға белгілі. Одан кейін Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қырқыншы жылдардың басында, майдан даласында соғыс қимылдары қыза түскеніне қарамастан, көптеген жазықсыз жандарды қынадай қырған саяси қуғын-сүргіннің бет қаратпас жоспары бойынша кең көлемде репрессия да қатар жүріп жатты. Осы Сталин режимі кезінде Қазақстанға Кавказдан 500 мыңнан астам адам, сондай-ақ, орталық өңірден 100 мыңнан астам поляк, Волга бойынан 800 мыңдай неміс, шығыстан 20 мыңдай кәріс отбасылары жер аударылып келді. Саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріндегі 11 арнаулы лагерьлерде мыңдаған тұтқындар болды.
Тұтқыннан босағандардың көпшілігі Қазақстанда тұрақтап қалды. Қазақстанға Ұлы Отан соғысы кезінде 350 мың адам эвакуацияланды. 1950-1956 жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді. 1960 жылдардың бас кезінде халқымыз мыңдаған дүнгендерге де пана беріп, бауырына басты. Одан бұрын 1930 жылдары конфискеленген мыңдаған шаруалар жер аударылып келді. Өнеркәсіп құрылыстарына 1 миллионнан астам адам келді. Сөйтіп Қазақстанда қолдан жасалған көп этносты халық қалыптасты. Әрине қазақ жеріне өз еркінен тыс келген бұл адамдардың ешқандай кінәсі жоқ. Иә, сонымен жоғарыда аталған кезеңдерінде тарих тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі мекен болып, алтын бесікке айналды.
Қазір Қазақстан – еңсесі биік, заңы, тілі, бағыты, мақсаты айқын мемлекет. 1 наурыз – біздің елімізде 2016 жылдан бері, биыл 10-шы рет Алғыс айту күні ретінде атап өтіліп келеді.
Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
1 Наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының да құрылған күні. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа міндеттеріне байланысты бұрынғы қоғамдық келісім кеңесі 2024 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша Ақсақалдар кеңесі болып қайта құрылды. Кеңес құрамына әр ауылдық округтен елге сыйлы, ауылға қадірлі, көпшіліктің құрметіне бөленген ауыл ақсақалдары және этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері енгізілді. 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлт болмысын қалыптастыратын тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты басты құндылықтар айқындалды. Аталған бастамаларды жүзеге асыруға атсалысу Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша Ақсақалдар кеңесінің басты міндеті болып табылады. Еліміздегі Алғыс айту күні – үйлесім мен өзара түсіністік орнатқан, бірлік пен ынтымаққа негізделген мемлекеттік саясаттың көрінісі.
Алғыс айту арқылы адамдар арасындағы түсіністіктің, сыйластықтың жаңа қыры ашылды. Өткен ғасырда солақай саясаттың құрбаны болып, депортацияға ұшыраған түрлі этнос өкілдері бір үзім нанды бөлісіп жеп, үйлеріне паналата білген дарқан көңіл, қонақжай қазақ халқына ризашылық білдіріп, риясыз көңілдерін білдіруде. Біздің ауданымыздың да жергілікті тұрғындары сонау 1940-шы жылдары қиын-қыстау кезеңде өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатса да, өзге ұлт өкілдерін өз үйлеріне құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанды бөліп жеді, бүгінгі күні олар «біз қазаққа бауыр басып кеттік» деп елдегі татулығымызға ризашылығын білдіруде. Өте орынды. Бұл елдегі татулық пен бірліктің көрінісі. Бүгінгі күні біз ауданымыздағы барлық этно-мәдени бірлестіктерге ауданымызда бірлік пен ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз. Ағайын-туыс бауырларына, көршілеріне, барша жақындарына алғыстарын білдіріп тұрса, адамдардың бір-біріне сыйластығы да арта түсетіні анық.
Біз, аудан тұрғындары ел денсаулығының күзетшілері болып отырған ауданымыздың денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлеріне, еліміздің және әрбір отбасының болашағы жас ұрпағымызға сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған ауданымыздың барша ұстаздар қауымына, аудан аумағында елі үшін жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына, төтенше жағдай қызметкерлеріне, ел дәулетін еселеп, байлығымызды ұлғайтып еңбектеніп жүрген егінші-диқандарымыз бен малшылыр қауымына зор алғыс айтамыз. Татулықты ту еткен «Алғыс айту күні» мерекесі баршаларыңызға құтты болсын! Төл газетіміздің барлық оқырмандарына алғыс айтамын. Отбасыларыңызға бақ-береке, амандық-саулық, мол қуаныш тілеймін.
Серік Өтегенов,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша ақсақалдар кеңесінің
төрағасы.
