Саябақ – саған да, маған да ортақ орын
Табиғат түлеп, көктем мен жаздың шуақты күндері келісімен адамдар таза ауада тыныстап, бой сергітетін орындарды іздейді. Мұндайда елді мекендердегі саябақтар ең ыңғайлы әрі сүйікті демалыс орындарының біріне айналады. Әсіресе балалар алаңқайы, жүгіруге арналған жолақтар, көлеңкелі ағаштар мен орындықтар – тынығуға таптырмас тұрақтар. Бірақ соңғы уақытта осы жайлы мекендердің келбетін бүлдіріп жатқан көріністер жиі кездеседі. Қоқыс төгу, шемішке шағу, орындықтарды сындыру, темекі тұқылын бейберекет тастау секілді әрекеттер көзіңе жиі шалынады. Бұл немқұрайлық па, әлде мәдениетсіздік пе? Санада сауал көп, бірақ нақты жауап жоқ.
Бұл жағдай бір адамның емес, тұтас қоғамның мәдени деңгейін көрсететіні анық. Таза қоғам – таза ортадан, ал таза орта – әрбір азаматтың саналы әрекетінен қалыптасатынын ұмыт қалдырғандаймыз.
Құрметті аудан тұрғындары! Саябақтағы тазалық тек қызметкерлерге ғана емес, ондағы әрбір келушіге тікелей байланысты екенін түсінетін кез әлдеқашан жетті.
Орындықтың жан-жағына шемішкенің қабығы үйіліп жатса, қоқыс жәшігі жанында тұрса да бөтелке мен қалдықтар жерге лақтырылса, бұл жай ғана салақтық деп қарауға бола ма? Жоқ. Бұл – мәдениетсіздік. Себебі қоғамдық орын – бәрімізге ортақ кеңістік. Онда сіз де, мен де, ата-әжелеріміз де, бүлдіршін балаларымыз да демалады. Мұндай ортада тәртіп пен тазалық – ең басты талап болуы тиіс.
Кейде «басқалар да шашып жатыр ғой» деп, өрескел қателікті ақтап алуға тырысамыз. Бірақ қоғамда тәртіпті бір ғана адам емес, бәріміз бірге орнатамыз. Бір адамның жаман үлгісін көріп, соны қайталау – өзімізге ғана емес, болашағымызға жасалған қиянат.
Халық арасында кең тараған бір сөз бар: «Тазалық – табалдырықтан басталады». Бұл бекер айтылған тәмсіл емес. Егер әр адам өз ауласын, өз көшесін, өз отырған орнын таза ұстауға тырысса, бүкіл ауылдың, қаланың келбеті өзгерер еді. Сол сияқты саябаққа келіп демалған адам да өз орнын жинап, қалдығын жәшікке салса, келесі келген кісіге таза орта қалдырар еді. Саралап, ой елегінен өткізсеңіз, бұл – үлкен тәрбие. Әсіресе, балалар да үлкендерден көріп өсетінін ұмыт қалдырмаған абзал. Қоғамдық орындарда жүргенде әркім өз әрекетіне сын көзбен қараса – орта өзгереді. Қоқыс тастамау, темекі шекпеу, орындықты сындырмау, гүлдерді таптамау – бұл қарапайым ғана талаптар. Бірақ оны орындау – азаматтық ұстанымның көрінісі.
Біздің өңірде қабылданған «Құлан – мәдениет мекені» атты тұжырымдама – кездейсоқ бастама емес. Бұл – әрбір тұрғынның мәдениетті, тәртіпті әрі жауапты болуына бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі. Тазалық та – сол мәдениеттің айнасы. Адамдардың сөзінен емес, ісінен байқалатын қасиет – осы.
Саябақ – жай ғана ағаш пен орындықтан тұратын аумақ емес. Бұл – үлкен кісінің естелігімен, баланың күлкісімен, жас жұбайлардың серуенімен көмкерілген ортақ мекен. Саябақтағы әрбір бұрыш – біреудің жүрегіне жақын, біреуге өмір бойы есте қалатын орын болуы мүмкін. Сондықтан оған немқұрайлы қарау – өзіңе де, өзгеге де құрметсіздік.
Сіз отырған орындыққа ертең балаңыз отыруы мүмкін. Сіз шемішке шашқан жолмен анаңыз жүріп өтуі ықтимал. Сынған орындықта ардагер ата демалғысы келіп, жайғасар орын таппай кетуі мүмкін. Осындай қарапайым шындықты ескеріп жүрсек, көп нәрсе өзгеретіні анық.
Тәртіп те, тазалық та – өзімізден басталады. Біреуді кінәламай тұрып, өзімізге қарап үйренейік. Егер әр адам өзінен бастап тазалық сақтаса – сенбіліктің де, бақылаудың да қажеті шамалы болар еді. Үлкен жауапкершілік – ұсақ істен басталады. Мейлі бір қағазды жерге тастамау болсын, мейлі қоқысты жинап кету болсын – мұның бәрі санада тазалық орнағанының белгісі.
Саябақ – саған да, маған да ортақ. Бұл ортақтық тек пайдалану құқығында емес, жауапкершілікте де бірдей болуы керек. Осыны әркім жүрегіне түйсе, қоғам шын мәнінде мәдениетті болмақ.
Айналаны таза ұстау – әсемдікке деген көзқарас қана емес, рухани биіктік, жан тазалығының да көрсеткіші. Біз қандай тәрбие көрсек, балаларымыз да соны қайталайды. Сондықтан бүгінгі әрекетіміз – ертеңгі ұрпаққа қалатын мұра.
Құрметті жерлестер! Саябақты өз үйіңіздей таза ұстаңыз. Тәртіпке бас иіңіз. Мәдениет пен әдептіліктің шынайы көрінісі – әрекетімізден білінсін. «Құлан – мәдениет мекені» екенін сөзбен емес, іспен дәлелдейтін уақыт келді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.
