Әрбір ұсыныс құрғақ сөз күйінде қалмауы керек

255 Views

Өткен жұмада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісовтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Мансап» орталығы тарапынан 2025 жылдың 6 айында әлеуметтік қамсыздандыру бағытында атқарған жұмыстар қаралды. Күн тәртібінде белгіленген тақырып бойынша мінбеге аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Мамырбаев пен аудандық «Мансап» орталығының басшысы Сапар Құлманов шығып, баяндама жасады. Қос баяндамашы да аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Мансап» орталығы тарапынан 2025 жылдың 6 айында әлеуметтік қамсыздандыру бағытында атқарған жұмыстарды жіпке тізіп, кемшіліктердің барын да жасырмады. Бірақ жыл соңына дейін ол кемшіліктердің барлығын реттеуге де уақыт барын ескертіп өтті. Отырыста Қоғамдық кеңес мүшелері де белсенділік танытып, Мұратхан Шүкеев, Мырзабек Маңғұтов, Сейітбек Кокумбаев және Тұрсынбек Досаев секілді кеңес мүшелері баяндамашыларға бірқатар сауалдар қойды. Әр сұраққа қос баяндамашы да нақты мысалдармен жауаптар қайырды. Одан кейін экономика, қаржы, әлеуметтік қамсыздандыру, экология, табиғатты пайдалану, қоғамдық құқық тәртібін қалыптастыру, жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Сәтжан Әбдіқадыров қосымша баяндама жасады. Отырыс соңында жиында айтылған әрбір ұсыныс назарға алынып, оның шешілу жолдары қағаз жүзінде қалып кетпей, жоспарға еніп, қарастырылу керектігі айтылды.
Өз тілшіміз.

Поделиться ссылкой: