Спорт — денсаулық кепілі

124 Views

Өткен сенбіде Спорт күніне орай, ардагерлер арасында волейболдан, жастар және ардагерлер арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Аудандық кірістер басқармасының жанында орналасқан орталық саябақта мерекелік шараның ашылу рәсімі өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы қатысып, сөз сөйледі. Қайрат Әбілханұлы өз сөзінде ауданымыздың спортшылары көптеген байрақты жарыстарда олжалы болып жүргендігін тілге тиек етіп, спорт ардагерлері мен спортшыларды мерекелерімен құттықтады. Іс-шара барысында еңбегі елеулі бірқатар азаматтарға, ауданымыздың абыройын аламан додаларда асқақтатып жүрген жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына да алғыс хаттар табыс етілді. Аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш іс-шарада спорт ардагерлері де сөз сөйледі. Содан соң командалар әр тарапқа бөлініп, әлгінде біз атаған жарыстарға қатысты.
Ол жарыстардың қорытындысы бойынша да ақпарат алдық. Нәтижесі мынадай. Ардагерлер арасында волейболдан ұйымдастырылған жарысқа 5 команда қатысып, жүлделі үшінші орынды Көкдөнен, жүлделі екінші орынды Құлан, жүлделі бірінші орынды Көгершін ауылының ардагер волейболшыларынан құралған команда жеңіп алыпты. Футболдан аудан тұрғындары арасында өткен жарысқа 12 команда қатысқан екен. Енді команда көп болғанымен, жүлде санаулы екендігі баршамызға белгілі. Бұл жарыста жүлделі үшінші орынды «Көгершін – 2», жүлделі екінші орынды «Көгершін – 1» командалары иеленіпті. Ал жүлделі бірінші орынды «Құлан АТР» командасы еншілепті. Футболдан ардагерлер арасында өткен жарыста жүлделі үшінші орынды Тереңөзек, жүлделі екінші орынды Көкдөнен, жүлделі бірінші орынды Құлан ауылының командасы жеңіп алған екен.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: