Ел есінде – еңбекпен еленген ер
Қоғамда елеулі еңбек еткен, туған өлкесінің өркендеуіне адал қызмет жасаған азаматтар ел есінде әрдайым сақталады. Сондай ардақты есімнің бірі – Жексен Асаубаев. Ол кісі 1930 жылы Жақсылық ауылында дүниеге келген. Ауыл тұрғындарының жадында ерекше еңбегімен, адалдығымен, шынайы адамгершілігімен сақталған абыройлы жан. Ол Қазақстан мал шаруашылығының үздігі, Қазақ КСР-нің мал шаруашылығына еңбегі сіңген шебері, бірнеше орден-медальдардың иегері атанған. Қысқасы өзінің бүкіл саналы ғұмырын еңбекке арнаған.
Балалық шағы қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келіп, 1930-1935 жылдары отбасы «байларға көмектескен» деген айыппен қуғынға ұшырап, әкесі Асаубайдың туысы Тоқтамыс бай тәркіленіп, итжеккенге айдалады. Осы себептен отбасы Қырғыз жеріндегі Ош ауданына көшіп барып, біраз уақыт сонда өмір сүреді. Атамыз «Ағайынды төртеу едік» – деп еске алатын. Үлкені – Шүкірбай. Әскерге шақырылып, майданға аттанған соң хабарсыз кеткен. Ортаншысы – Нұрбай. Бала кезінде дерттен көз жұмған. Кенжесі – Кеңес. Өмірден ерте озған. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан Жексен ата төрт ағайынды болса да, жалғыз өсіп жастайынан еңбекке араласқан. Анасы Айшамен бірге 15 жасынан бастап мал бағып, еңбекқорлығымен көзге түсе бастайды. «Әлі есімде, сол кезде Сталиннің суреті бар медаль алған едім», – деп еске алатын.
1945 жылы еңбек жолын ауылда шопан болып бастаған. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігімен көзге түсіп, 1964-1973 жылдары қой фермасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Ал 1979 жылы артта қалған тауарлы сүт фермасының басшысы етіп тағайындайды. Оны да алдыңғы қатарға шығарып, бұл саланың да үздігі атанады. Осы салада үздіксіз 12 жыл еңбек етіп, 1991 жылы зейнеткерлікке шығады.
Жексен атаның еңбек жолындағы жетістіктері – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. 1959–1962 жылдары қойды жылына 2 рет төлдету әдістерін енгізіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл бастама өңірде алғаш рет қолға алынған болатын. Нәтижесінде қой еселеп артып, аудан көлемінде үздік көрсеткішке ие болды.
Оның адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі елеусіз қалған жоқ. «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Еңбек даңқы» ордендерімен, сондай-ақ, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Еңбегімен ерекшеленген азамат ретінде 1963 жылы есімі Қазақ КСР-нің «Алтын кітабына» енгізілді.
Оның Мәскеу сапары да ел аузында әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. 1961 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қаңтар пленумына делегат болып қатысып, Мәскеуге арнайы сапармен барған. Бұл сол замандағы ең жоғары марапаттардың бірі болатын. Жамбыл облысынан небәрі 5 адам қатысқан бұл жиынға қарапайым қойшы ретінде делегат атануы – Жексен атаның ел алдындағы абыройының, еңбектегі үлесінің жарқын дәлелі еді. Жамбыл облысынан барған делегацияны сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров бастап барған. Сондай-ақ, делегация құрамында облыс басшылары А.Махмутов, Б.Алпысбаев, С.Ленков сынды азаматтар болған. Солармен бірге жалғыз малшы ретінде Жексен Асаубаев барады. Ол шындық пен адалдықты ту еткен адам болатын. Пленумнан соң Асанбай Асқаров Жексен Асаубаевты арнайы үйіне қонақ қылып, оның жол шығындарын өтеп, құрмет көрсеткен.
Жексен Асаубаевтың қоғамдағы беделі тек еңбегімен өлшенбеді. Ол ауыл өміріне белсене араласты. Сарбұлақ тауына қатынау үшін 20 шақырым жолды өз қаражатына трактор жалдап, жол салғызды. Құм ішіне де жол салуға себепкер болды. Су мен газ тарту мәселесіне де жанашырлық танытып, елдің тұрмысын жақсартуға үнемі атсалысып отыратын. Жамбыл облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңес пен райсоветтің депутаты болған кезде әрдайым ел ішінде белсенділік танытып, ауылдастарының мұң-мұқтажына құлақ асып, шешу жолын табуға тырысып, халық қалаулысына айналды.
Алайда Жексен Асаубаев ешқашан атақ пен даңқтың соңына түспеді. Кеудесінде орден-медаль жарқырап тұрса да, қарапайым қалпынан айнымады. Әділетсіздікке төзбей, шындықты бетке айтатын тік мінезі мен адалдығы – ел арасында оны қадірлі еткен қасиеттерінің бірі болды. Оның әділдігі мен адалдығын көрсететін осы бір ерекше оқиғасы әлі есімде. «Жұмыста жоғары көрсеткіштер үшін жаңа «Волга» көлігі берілген болатын. Облыс басшысы Асанбай Асқаров жұмыс барысын бақылап, не керек екенін сұрағанда, сасқалақтап «ештеңе керек емес» деген. Жанымдағы уәкіл көлік сұра деп сыбырлай берген. Соңында батылым жетіп, көлік керек екенін айттым, – дегені бар еді. Бір апта ішінде-ақ көлік келді. Бірақ ауыл басшылары көлікті алып, кейін қайтадан қайтаратынымды айтты». Кейін бұл істі шешіп, көлікті Жексен атаға қайтарып берген. Бұл да болса, басшылықтың әділеттілігін айғақ етті.
2014 жылы өмірден озған Жексен Асаубаев артына жарқын із, өнегелі өмір жолын қалдырды. Ол тек өз отбасына ғана емес, ауыл тұрғындарына да үлгі бола білген азамат. Оның есімін ауыл тарихында аманат етіп қалдырып, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жеткізу – парыз. Осындай өнегелі өмір иелері ел үшін еткен еңбегімен ерекшеленген азамат ретінде қазақтың мақтанышына айнала берері сөзсіз. Мұндай өмір жолы – бүгінгі жас ұрпақ үшін үлкен мектеп, шынайы еңбек пен төзімнің үлгісі.
Әнуарбек Тұрманбетов,
ауданның Құрметті азаматы.
