Жүрекке жылулық сыйлаған концерт
Жүрекке жылулық сыйлаған концерт
Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары Көгершін, Құмарық, Көкдөнен және Каменка ауылдарына концерттік бағдарламамен барып, жаны жайсаң ауыл тұрғындарының қошеметіне бөленді.
Бізге жеткен мәлімет бойынша «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан» деген тақырыппен ұйымдастырылған 4 ауылдағы жылжымалы мерекелік концерттерде халық әндері мен сом жүректің қылын тербететін патриоттық әндерді аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары орындапты.
Қазір аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған Басқар Битанов атындағы халықтық театрдың әртістері көптеген байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Көгершін, Құмарық, Көкдөнен және Каменка ауылдарында өткен жылжымалы концерттік бағдарламада Басқар Битанов атындағы халықтық театр әртістері театрландырылған көрініс қойып, көрермендердің шын ықылас пейіліне кенеліпті. Одан бөлек Айкен Асан, Нұрлан Әмірбетов Қожахмет Берікұлы триосы Ерболат Қарақойшының «Елім деп соққан жүрегім», Жансая Сәрсенбаева Ұшқын Жамалбектің «Ұлы елім», «Достар» триосы Руслан Мамытовтың «Қазақ деген ұлы елміз», «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблі Алтынбек Қоразбаевтың «Айхай 25», Досым Сүлеевтің «Қайдасың», Сейдолла Бәйтерековтың «Күнге табыну», Айдана Лесқұл Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені», Қожахмет Берікұлы «Айналайын осы ауылдың қыздар-ай!», Жансая Сәрсенбаева мен Айдана Лесқұл дуэті Медет Салықовтың «Мың алғыс», Нұрлан Әмірбетов пен Күлімкөз Пірімқұлова дуэті Дүйсен Бықыбаевтың «Ағайын», Айкен Асан «Қазағым» және әншілер тобы Мэлс Өзбековтың «Көкдөнен тау» әндерін шырқаса, «Әдемі-ау» халықтық би ансамблінің қыздары да би билеп, көпшіліктің алғысына кенелгенін естідік.
Марат Диханбай.
