Ауданда түсіндіру жұмыстары басталды

1 054 Views

Ауданда түсіндіру жұмыстары басталды

Бүгінде күн тәртібінде тұрған негізгі тақырып – Конституцияның жаңа редакциясын таныстыру. Осыған байланысты осы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында актив мүшелерінің қатысуымен жиын өтіп, жаңа саяси реформалар жан-жақты түсіндірілді.

Жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім  басшы­лары мен ауыл әкімдері қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі жаңа жобаны әзірлеу шамамен жарты жылға жуық уақытты алғанын атап өтті. Сондай-ақ, іс жүзіндегі талқылау жұмыстары Мемлекет басшысы­ның өткен жылғы Жолдауынан басталғанын жеткізді. Осы мақсатта өткен жылдың қазан айында парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылғанын, аталмыш топ заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелерімен тұрақты түрде айналысқанын айтты.
Аудан басшысы жаңа жоба аясында 77 бапқа түзетулер енгізілгенін тілге тиек етті.Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссияның құрамы бекітілгенін де атап өтті. Комиссия құрамына шамамен 130 адам енген. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, сарапшылар, медиа мамандары, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Аудан басшысы алдағы уақытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтып, әріптестерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Ал аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек бұл өзгерістер халық пен мем­лекет арасындағы құқық­тық сенімділікті арттыратынын атап өтіп, алда ауқымды жоспарлы жұмыстардың тұрғанын жеткізді.
Жалпы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына аудандық ардагерлер де белсенді түрде қатыспақ. Бұл туралы жиында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов мәлім­деді.
Айта кетейік, ұсынылып отыр­ған жоба Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Сонымен қатар екі жаңа бөлім енгізіліп, төрт бөлімнің атауы өзгертілген.

 Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: