Уәдесін екі етпейтін азамат

98 Views

Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Бәйтелі ауылында тұратын Ауған соғысының ардагері Ермек Дүкенбаевты сырттай білетінбіз. Бірақ ақтарыла әңгімелесіп көрмегенмін. Сырттай маған ол кісі сұсты, мінезі қатқылдау болып көрінетін. Жақында Ермек Шәймерденұлымен пікірлестім. Әу бастағы ойым жаңсақ екен. Ермек Шәймерденұлы  өте сыпайы, адамгершілігі мол, адамды құрметтей білетін азамат екен. Уәдесіне де берік адам болып шықты. Айтқан уақытында редакцияға келді. Міне, уақыттың қадірін білетін адамдар сөйтеді.

Ермек Шәймерденұлы 1981 жылдың 5 сәуірінде Ауған жеріне барып, 1983 жылдың 17 маусымында елге оралған екен. Осы екі жылда небір қиян-кескі жағдайларды бастан өткергенін айтады кейіпкеріміз. «Біздің жас кезімізде әскерге бармау деген жоқ болатын. Барлық кәмелетке толған ер-азамат әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтейтін. Менде өзімнің қатарластарыммен 1981 жылы әскер қатарына шақырылып, 2 жылдық азаматтық борышымды өтедім десем болады. Жастарға айтар ақылым – әскерге барған жөн. Себебі әскер адамды тәрбиелейді. Құдай шүкір, еліміз аман, бауырымыз бүтін. Соғыс ешқандай елге залалын келтірмесе, пайда әкелмейді. Сондықтан бейбітшіліктің қадірін білген абзал» дейді Ауған соғысының ардагері Ермек Шәймерденұлы.

Ермек Дүкенбаев «Ауған соғысына – 20, 25, 30» жыл медалімен марапатталған. Құдай қосқан жары Сәуле Дүйсенбекова екеуі 3 қыздарынан  6 нереме сүйіп, осы күні Бәйтелі ауылындағы сыйлы әрі шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасыларға үлгілі жандардың бірегейі.

Марат Жолдасбек.

Поделиться ссылкой: