Қариялар қалыс қалмайды

83 Views

Бүгінгі геосаяси жағдай алаңдатып отырған алмағайып заманда ардагерлер ұйымдарының тәуелсіздігімізді сақтап қалуда, ел бірлігін нығайтуда алатын орны бұрынғыдан да арта түсуде. Ел тыныштығы, көп ұлтты Отанымыздағы халықтар бірлігі ерекше құнды дейтін болсақ, осы құндылықтарды жүзеге асыруда ақсақалды қарияларымыз, яғни өмірлік тәжірибесі мол ардагерлеріміздің атқарып отырған жұмыстары ұшан-теңіз. Мұны Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстарынан да айқын аңғаруға болады. Біздің бастауыш ұйымымыз ардагерлердің Республикалық бірлестігінің, облыстық және аудандық ардагерлер ұйымдарының нұсқаулары мен хаттамалық тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша белсенділікпен жұмыс атқарып келеді. Аудан орталығы болғандықтан Құлан ауылдық ардагерлер ұйымы аудандағы ең үлкен ұйымдардың бірі және бірегейі. Қазіргі таңда Құлан ауылдық округінде есепте тұратын зейнеткер – ардагерлер саны 2081 адам. Оның ішінде 715 ер адам, 1366 әйел азаматшалар, 11 тыл еңбеккерлері, 36 әлеуметтік көмек алатын жалғыз басты зейнеткерлер.
Тек қана 2025 жылдың өзінде емделу шипажайларға 29 мүгедек зейнеткерлер барып, денсаулықтарын түзетіп қайтты. Ауылдық ардагерлер ұйымы есебінде 9 бастауыш ұйым бар. Олардағы мүшелер саны 1775 – ті құрайды. Осы 9 бастауыш ұйым ауыл ішіндегі мектеп, мекемелерде құрылған. 7 алқа мүшесі, 3 тұрақты комиссия, 23 ардагерлер кеңесінің мүшелері бар. Олар ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласады. Бірдебір мерекелік іс-шаралар ардагерлердің қатысуынсыз өтпейді. Ауданға қарасты ауылдарда жаңадан ашылатын мектеп, балабақша, спорттық кешендердің барлығына қариялар барып баталарын беріп, ақ тілектерін айтып жүреді.

Ауылымыздың ардагерлері ешқандай да қайғы-қуаныштардан сырт қалмайды. Шет жақтан балалары келіп әкелеріне ас берсе де біздің ардагерлер үнемі мұндай іс-шаралардың басы қасында жүреді. Сонымен бірге қариялар аудан ғана емес, облыс көлемінде өткізілетін мәдени іс-шаралардан да қалыс қалған емес. Атап айтқанда, Тараз қаласында облыс ардагерлері арасында өткізіліп жататын спорттық жарыстардың барлығында да жүлделі орындарды иеленіп келеді.Сондай-ақ, аудан, ауыл әкімдерінің қандай да болмасын жиналыстарына ардагерлеріміз үзбей қатысып, проблемалық мәселелер көтеріп, оларды жою жөніндегі ойларын ортаға салып, ерекше белсенділік танытып отырады.
Ардагерлер ұйымы өзінің есебінде тұратын қариялардың туған күнін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Мұндай қуанышты сәттерде бастауыш ұйымның алқа мүшелері мерейтой иелерінің отбасына барып жылы лебіздерін білдіреді. Сый-сыйапаттарын жасайды. Мәселен, ғасыр жасаған анамыз Толыбаева Захираның отбасында болып құттықтап қайттық. Сонымен қатар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамында ауылымыздың 40 шақты қыз-келіншектеріне сыйлықтар берілді. Мұндай мерекелік сыйлықтар ардақты ардагерлерімізге 1 қазан –Қарттар күнінде және Жаңа жылдық салтанатта да көрсетілді.Мұндай имандылық, мейірімділік бағытындағы қамқорлық шаралары алдағы уақытта да көрсетіле беретін болады.
Ауған соғысының 37-жылдығын да ардагерлеріміз назардан тыс қалдырмай, аллеяға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Аудан, ауыл әкімдігімен бірлесе отырып, ардагерлер саябағына және де Құдайберген Датқа ескерткішіне шырша талдар отырғызылды.
«Шешендік өнер – асыл қазына» тақырыбында мәдениет үйінің кітапханашыларымен бірігіп, Жастар орталығы қосылып, ардагерлермен бірге дөңгелек үстел өткізді. Құлан ауыл ардагерлері өздері ардагерлер саябағына жеміс талдарын отырғызды.
Көпті көрген қарияларымыз елімізде болып жатқан саяси оқиғалардан да қалыс қалып көрген емес. Ардагерлер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауларын насихаттауда болсын, Мемлекет басшысы қолға алып жатқан саяси және экономикалық реформалардың мәні мен маңызын түсіндіруде болсын, көпшілік ортасынан табылып өздерінің ұлағатты сөздерімен алғы шептен көрініп келеді.
1мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні мерекесінде Құлан ауылы зейнеткерлерінің қатысуымен аудандық мәдениет үйінде өзге ұлт өкілдерімен кездесу өтті. 9 мамыр – Жеңіс күні «Жеңіс» саябағында ауыл ардагерлерінің қатысуымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.Тыл ардагері Шадилбеков Райзо 7 мамыр күні Астанада өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған үлкен әскери шеруге қатысты.
Аудан әкімімен, білім бөлімі және де Құлан ауылдқ ардагерлері Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің жас түлектерін құттықтап, сәт сапар тілеп, баталарын беріп, түлектерге ақ жол тіледі.
Ауыл-аймақтарда тұратын, әлеуметтік көмек көрсететін орталықта тіркеуде тұратын қариялармен Құлан ауылдық ардагерлер үйінде кездесу өткізілді. 31 мамыр – «Қуғын-сүргінге» гүл шоқтарын қою рәсіміне де белсенді ардагерлер қатысты. Ардагерлер арасында бильярдтан турнир өткізілді.Мұндай спорт жарыстары,атап айтқанда, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақтан сайыстар тұрақты түрде өткізіліп отырады.
4 маусым – Қазақстан Республи­касының Рәміздер күніне аудандық әкімшілікте ардагерлердің қатысуымен әнұран шырқалып, іс-шара өткізілді. Аудандық ардагерлер Кеңесінің жанында «Аналар кеңесі», «Әкелер кеңесі», «Билер кеңесі» жүмыс істейді. Олар өз салалары бойынша көптеген іс-шаралар өткізіп жатады. Бұлардың барлығына да біздің ардагерлеріміз белсене қатысып, парасатты түрде ой пікірлерін ортаға салып отырады.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің жұмыс жоспарында тек қана даталы күндер емес, ауданның әлеуметтік дамуына орай барлық іс-шаралардан тыс қалмау үшін жоспарлы жұмыс жүргізіліп отырады. Басты мақсат – әр зейнеткер назардан тыс қалмауы керек. Оның тұрмыс жағдайы, денсаулығы, отбасына қажетті мәселелерді шешуде ауылдық кеңес тұрақты түрде зейнеткерге қамқорлық көрсету болып есептеледі.
Әрине аудан орталы­ғында болғандықтан біз­де зейнеткерлердің барлығы дерлік су, газ, жарық, жол, транспорт мәселелеріне бас ауыртпайды. Сондықтан ауылдық Ардагерлер кеңесі олардың денсаулығына қажетті дәрі-дәрмек, профосмотр өткізілуіне басты назар аударады. Белсенді зейнеткерлер әрбір көшеге бекітіліп, тұрақты түрде жасы ұлғайған, жүріп-тұруы қиын азаматтарға жолығып, олардың мұң мұқтаждарын тиісті органдарға хабарлап, орындалуын бақылауға алады. Әр тоқсан сайын аудандық ардагерлер үйінде дәрігерлер келіп зейнеткерлердің денсаулықтарын тексеріп тиісті ем шараларын белгілейді. Сол секілді ардагерлер аудан көлемінде өтетін Тазалық күндеріне, су көздерін ашу, түрлі тәрбиелік, өндірістік шаралардан тыс қалған емес.
Ұлттық құндылық­­тарды дәріптеу, ұлттық тәрбие жұмыстарын саралап, ол туралы ардагерлер бірнеше рет мәдениет үйінде, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенттері арасында кездесулер өткізіп ой-пікірлерімен бөлісті. Соңғы кезде коғам алдына Экология мәселелері шығып отыр. Себебі осы экология талаптарын сақтамаудан ел арасында түрлі аурулардың зиянды әсерлердің орын алуы көріне беріп келеді. Экологиялық тепе-теңдікті флора мен фаунаны сақтау – әр адамзаттың болмысы, ал оны әр жасөспірімнің бойына сіңіріп тәрбиелеу барлық аға буын өкілдерінің міндеті.
Ауданымызда «Таза Қазақстан» акциясына ауыл тұрғындары, жастар белсене қатысып аллеяларға ағаш, гүл отырғызып оған ардагерлер де өз үлестерін қосты. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.Жеке ардагерлер өз қаражатына мектеп ауласын қылқан жапырақты ағаштар, гүлдер отырғызып игілікті істер атқарды.
Аудандық әлеуметтік қамсыз­дандыру бөлімінің тарапынан дәрігерлер ардагерлер үйі­не шақырылып зейнеткерлерге дәрі­гер­лік консультативтік көмек көрсетілді.
Экология талаптарын сақтау дегеніміз тек көше, саябақ тазалау емес, барлық қоршаған ортаны қорғау, су көздерін таза ұстау, қажетсіз заттарды жинап, оларды мүмкін болса ұқсату, жайылым жерлерді өз мақсаттарында пайдаланып оны реттеп сақтап дұрыс пайдалану.
Жалпы қоғамымызда және аудан өмірінде кездесіп жататын міне осындай өзекті мәселелерді оңтайлы шешуде ардагерлеріміз өздерінің мол тәжірибелерін ортаға салып, белсенділік танытып ықпал етіп отырады. Біз алдағы уақытта да аттан түспей осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізе беретін боламыз.

Берік Әліпбаев,
Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: