Музыканың әлемі – Төлебаев мектебі!
25 ViewsӨткен сенбіде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің 50 жылдық мерейтойларын атап өтті. «Шығармашылық пен еңбектің жарты ғасыры» деген тақырыпта өткен Мэлс…
ҚАРАСАН – ЖҰҚПАЛЫ АУРУ
Қарасан ірі қараның жіті түрде өтетін жұқпалы ауруы. Малдың бұлшық еттері ісінеді, оны қолмен басқан кезде сықырлайды. Көбінесе қарасан ауруы ірі қара малдары арасында жиі кездеседі. Қарасан мен көпшілік жағдайда 3 айлық бұзаудан 4 жасқа дейінгі ірі қара ауырады.
Ауру жіті түрде өткен жағдайда мал денесінің қызуы 41-42 градусқа дейін көтеріледі. Малдың жамбасында, санында, алқымында, кейде аузында және тамағында 8-10 сағаттың ішінде үлкейіп, ісіп шыға келетін түйіндер пайда болады. Олар алғашқы кезде қатты, ыстық келеді. Саусақпен басып қарағанда сықырлап тұрады.
Қарасан жіті түрде өткен жағдайда ауру малды емдегеннен пайда бола бермейді. Ауру малды емдеу үшін пенициллин, биомицин және дибиомицин сияқты антибиотиктер қолданылады. Пенициллинді малдың тірілей салмағының әрбір килограмына 5-9 мың ЕД мөлшерінде новокаиннің 0,5 проценттік ертіндісімен араластырып егеді. Емдеуді малдың жалпы жағдайы жақсарғанша жалғастыра береді. Биомицинді малдың тірідей салмағының әрбір килограмына 3-5 мг мөлшерінде тәулігіне бір реттен қатарынан 3-5 күн егеді. Дибиомицинді глицериннің 40 проценттік ерітіндісіне араластырып егетін болса, нәтижесі өте жақсы болады. Бұл препаратты малдың тірідей салмағының әрбір киллограмына 40 мың ЕД мөлшерінде бұлшық етке жіберетін болса, оның емдік концентрациясы мал организмінде 9 күндей сақталады. Сонымен қатар малдың ісініп, қабынған жеріне карбол қышқылының немесе лизолдың 3-5 проценттік ерітіндісін, сутегі тотығының 1-2 проценттік немесе марганец қышқыл калийдің 0,1 проценттік ерітіндісін де егуге болады. Ауру малды клиникалық белгілері біліне бастағаннан емдеуге кірісетін болса нәтижесі жақсы болады.
Аурудың алдын алу үшін малды ағынсыз шалшық сулардан суармау керек. Оларды сулы, батпақты жерлерге жаймайды. Шөп, пішен топырақпен былғанған болса, оларды малға беруді тоқтатады. Мал қорасы төңірегінің, жайылымының санитарлық жағдайын үнемі бақылап, қадағалап отыру керек. Малды жарақаттанудан сақтау қажет. Шаруашылыққа жаңадан алып келген малды сақтандыру үшін оларды бір ай карантинде ұстайды. Егер қарасан ауруы тіркелген болса, 3 айлық бұзаудан бастап 4 жасқа дейінгі ірі қараға арнайы формальвакцина егеді. Оларға алғашқы вакцина егілген күннен 6 ай өткен соң, екінші рет арнайы вакцина қолданылады. Бұзауларды 3 айға толған соң, екінші рет вакцина еккеннен кейін 6 ай өткенде тағы бір рет қайталап вакциналайды.
А.Тлепов, «Қазақ ғылыми — зерттеу ветеринария институты»
Жамбыл облысы филиалының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.