МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ДИНАРА ЗӘКИЕВАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

16 Views

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ
ТОҚАЕВҚА БАЛА
ҚҰҚЫҚТАРЫН
ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДА
АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР
ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
БЕРІЛДІ.

Динара Зәкиеваның айтуынша, биыл
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы
қабылданды. Денсаулық сақтау, білім
беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік
салаларындағы бала құқықтарын
қамтамасыз ету шаралары жүйеленді.
Жағдайды жіті сараптау негізінде бес
жылға арналған іс-қимыл жоспары
әзірленді. Құжат әлеуметтік қолдауды
және бала құқықтарын қорғауды
күшейтетін 158 шараны қамтиды.
Мемлекет басшысына облыс әкімдіктерінде Балалар құқығын қорғау
басқармаларын құру жұмысы аяқталып,
олардың құзыреттері ұлттық заңнамада
бекітілгені жөнінде баяндалды. Қазіргі
уақытта қажетті ұйымдастыру рәсімдері
қолға алынған.
Биыл 9 өңірдегі ахуалға мониторинг
жүргізіліп, балалардың психологиялық
саламаттылығын қамтамасыз
етуге және олардың құқықтарының
бұзылуының алдын алуға бағытталған
іс-шаралар сапасы зерделенді. Президентке
Психологиялық қолдау
орталықтарын құру және психологиялық
саламаттылықты айқындаудың
бірыңғай бағдарламасын енгізу
жөнінде ақпарат берілді. Бұл жергілікті
деңгейде ерекше назар аударуды және
қолдауды қажет ететін балаларға
жүйелі көмек көрсетуге септігін тигізді.
Сондай-ақ, Динара Зәкиева 111
мемлекеттік байланыс орталығына
түсетін өтініштер бойынша жүргізілген
жұмысқа тоқталды. Мектептерде QR-
111 жүйесінің енгізілуі балалармен
тікелей байланыс орнату және олардың
құқықтарының бұзылу фактілерін
анықтау барысында тиімді болғанын
көрсетіп отыр. Аталған құрал іске
қосылғаннан бері, яғни 2024 жылдың
қазан айынан 2026 жылдың маусым
айына дейін балалардан 167 мың
хабарлама мен 4 523 қоңырау келіп
түскен.
Балаларға арналған инфрақұрылымды,
соның ішінде ауылдық
жерлердегі нысандарды дамыту мен
жақсарту, сондай-ақ, ата-аналарды
қолдау және балалар қауіпсіздігі үшін
олардың жауапкершілігін күшейту
мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Президент «Қазақстан балалары»
тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру
мақсатында Бала құқықтары жөніндегі
уәкілдің, Үкіметтің және жергілікті
атқарушы органдардың күш-жігерін
жұмылдыру маңызды екенін атап өтті.
AKORDA.KZ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий