Аудан басшысы Құмарық ауылында тұрғындармен кездесті
Жақында ақниеттіктермен
кездескен аудан басшысы өткен
бейсенбіде Құмарық ауылына
арнайы ат басын бұрып, Мемлекет
басшысының №826 Жарлығына
сәйкес, тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында ауданда
атқарылып жатқан жұмыстарға
тоқталып, көтерілген мәселелерге
ерекше мән берді.
Жалпы Құмарықта соңғы үш
жылда ауыз толтырып айтарлықтай
жұмыстар атқарылған. Атап айтар
болсақ, 5тен астам көшеге жол
төселсе, 4 көшеге көше жарығы орнатылған.
Одан бөлек Ұлы Отан
соғысының ардагерлеріне арналған
ескерткіштер қайта жаңғыртудан өтіп,
«Өңірлерді дамытудың 2025 жылға
дейінгі бағдарламасы» бойынша ауыл
орталығында орналасқан саябақта
абаттандыру жұмыстары кезең
кезеңімен жүргізілген.
Ауыл аумағында инвестжобаларға
да қолдау шаралары тиісті деңгейде
атқарылған. Мәселен тау бөктерінде
орналасқан «Сарым» шаруа қожалығына мемлекеттік бағдарламалар
арқылы электр жарығы жеткізіліп,
туристік нысан желіге қосылған.
Бұдан бөлек демеушілер, жомарт
түлектердің есебінен атқарылған
жұмыстар да баршылық. Бірақ аудан
әкімі Ернар Серікәліұлы осыншама
абаттандыру жұмыстары жасалса
да, тұрғындар тарапынан ауыл
аумағын, әсіресе орталық саябақты
ластауға арланбайтын кейбір
азаматтардың барын айтып, барша
жиынға қатысушыларды Мемлекет
басшысының «Таза Қазақстан»
акциясына өзіндік үн қосуға шақырды.
Тіпті, жуырда өзі бастаған коммуналдық
қызметкерлер, еріктілер мен бөлім
басшылары ауыл аумағында жүргізген
сенбіліктің бейнеролигін арнайы
экраннан көрсетті. Тұрғындар да аудан
әкімімен келісетінін айтып, қоғамдық
орындарды ластаған азаматтарға заңдық
тұрғыда тиісті бағасын беруді сұрап,
бірбірін тазалықты сақтауға шақырды.
Жиында тұрғындар тазалықтан бөлек
ауыз су және ағын су мәселесін көтерді.
Тіршілік нәрінің жетіспеушілігін айтқан
тұрғындар осы проблеманы тез арада
реттеп беруді өтінді. Аудан басшысы
бұл мәнді мәселе тұрақты бақылауда
тұрғанын айтып, жуық арада шешуге
бар күш-жігерін салатынын айтты.
Кездесу барысында арық-атыздарды
ретке келтіру, шамадан тыс жүк артып,
ауыл арасымен өтетін көліктерге
тосқауыл қою сынды мәселелер
көтеріліп, назарға алынды.
Жәнібек Базылбек.
