БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ –ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

49 Views

БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ –ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ
Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамның дамуына жаңа серпін беруге бағытталған. Осы маңызды өзгерістердің бірі – 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі.
Біз, ардагерлер буыны, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының талай белесіне куә болдық. Сондықтан ел ішіндегі тұрақтылықтың, татулық пен бірліктің, өзара құрметтің маңызын ерекше бағалаймыз. Өйткені кез келген оң өзгеріс қоғамдағы келісім мен ортақ жауапкершілік болған жағдайда ғана өз нәтижесін береді.
Құрылтайдың құрылуы – мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Оның басты мақсаты – қоғамның түрлі саласының өкілдерін бір алаңға тоғыстырып, ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға және заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасау. Заңдардың сапасы, ашықтығы және халық мүддесіне сай қабылдануы – кез келген мемлекеттің өркендеуінің басты алғышарттарының бірі.
Қазіргі таңда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, қоғамдық пікірді ескеруге және азаматтардың ұсыныс-бастамаларын қолдауға ерекше мән берілуде. Мұндай қадамдар елдегі қоғамдық келісімді нығайтып, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне оң ықпал етеді.
Ардагерлер әрдайым ел бірлігі мен қоғамдық татулықты басты құндылық деп санайды. Өскелең ұрпаққа Отанға адал қызмет етудің, жауапкершіліктің және ел мүддесін бәрінен биік қоюдың маңызын насихаттау – біздің ортақ міндетіміз. Өйткені мемлекетіміздің болашағы бірлікке, өзара сенімге және ортақ мақсатқа ұмтылған қоғаммен тығыз байланысты.
Еліміздің саяси жаңғыру жолындағы әрбір қадамы тұрақты даму мен тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыруға бағытталған. Мұндай өзгерістердің түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық келісімді нығайту және Қазақстанның одан әрі өркендеуіне берік негіз қалау.

Қожайхан Бижанов, Тұрар Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий