ҚАРАСОРАҒА қарсы күрес жүргізілді
17 ViewsБүгінде аудан аумағында «Қарасора – 2026» жедел- профилактикалық іс-шарасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен аптада осыған сәйкес аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі…
«Жасыл экономика» – жаңа ғасырдың термині және жетістігі. «Жасыл экономиканы» дамыту нәтижесінде табиғи ресурстар да ысырап болмай, тиісті деңгейде пайдаланылады. Жаңа технологиямен бірқатар баламалы қуат көздері пайда болуда. Күннің қызуы да, желдің қуаты да, судың ағысы да кәдеге асып, баламалы қуат көздерінің қатарын арттыруда. Бүгінде көптеген елдер энергия тиімділігі деген ұғымның да мәніне терең бойлап, игілігін көре бастады. Осыған сай ізденістерін шыңдап, көптеген ауқымды бастамаларды қолға алуда. Баламалы қуат көздері «жасыл экономиканың» тиімділігін арттырып, энергия көзін үнемдеуді қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда әлем «жасыл экономикаға» бет бұрды. Бұл бағытта әлемнің бірқатар елдері өзге мемлекеттерге үлгі болатындай тың бастамаларға қадам басып үлгерді. Мәселен, Оңтүстік Корея, Германия көш бастап тұр. Аталған елдер «жасыл экономиканы» дамыту аясында белгілі бір табыстарға қол жеткізіп отыр. Олардың тәжірибесі өзге елдерге үлгі алуға әбден лайықты.
«Жасыл экономиканы» дамыту ісінде біздің еліміздің де ізденістері көңіл сүйсінтеді. Мемлекет экономикасының дамуымен энергия ресурстарына деген қажеттіліктер де артуда. Елімізде энергия ресурстарын негізгі тұтынушы бағыт – өнеркәсіп саласы. Мәселен электр энергиясының 67 пайызы ірі өнеркәсіп тұтынушыларына тиесілі екен. Қазіргі уақытта энергия тиімділігі – технологиялық дамудың, экономиканы жаңғырту мен әртараптандырудың барлық аспектілерін, ең бастысы, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігінің өсуін қамтитын әлемдік экономиканың басты тренді.
Елімізде қабылданған «Жасыл экономика» тұжырымдамасындағы міндеттемелерге көз жүгіртсек, Қазақстан 2050 жылдары қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуді 50 пайызға жеткізуі тиіс. Ал бүгінде 6 миллион тонна қалдықтың тек 2 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Бүгінде ел үкіметі бұл көрсеткіштерді еселеу бағытында кешенді жұмыстарды қолға алып жүргізуде. Қоқыстардың қайта өңделуі табиғатты қорғауға да оң ықпалын тигізеді. Қоршаған ортаны сақтау – табиғатты қорғау. Бұл экологияның ластанбауын қамтамасыз етеді. Таза қоғам – адами капиталдың сапасын арттыруға септігін тигізеді. Мұның бәрі дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеген еліміздің де негізгі мұраты. Шетелдік сарапшы мамандар да Қазақстанның бұл мақсатқа оңай-ақ қол жеткізетініне сенімді. Соңғы он жылда Қазақстанда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатының негізгі құралдары құрылды.
Осыған орай бірқатар маңызды құжаттар бекітіліп, бүгінде өз жемісін бере бастады.
Олар:
– энергия үнемдеудің заманауи жүйесінің негізі болып табылатын 2012 жылы қабылданған жаңа заң;
– энергия үнемдеуге алғашқы қадам болған Қазақстан Республикасының энергия тиімділігін арттырудың 2012-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары, құжатта энергия сыйымдылығын төмендету бойынша бірінші мақсаттар айқындалды;
– «Энергия үнемдеу – 2020» мемлекеттік бағдарламасы, онда 9 бағыт бойынша экономиканың түрлі секторларында энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды жеделдетуге бағытталған қосымша шаралар көзделген;
– энергия үнемдеудің өңірлік кешенді жоспарлары;
– Ұлттық энергия үнемдеуді дамыту институты анықталды;
– Жапонияның тәжірибесі бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылды. Оның субъектілері 200 миллиард теңгеден астам мөлшерде үнемдеуге қол жеткізді;
– жыл сайын 2 миллиард теңгеге бағаланатын энергия аудиті жаңа нарығы құрылды;
– «Бес институциялық реформаны іске асыру бойынша 100 қадам» Ұлт жоспарының 59-қадамын іске асыру шеңберінде энергия сервистік қызметтер нарығы дамуда, оны іске асыру құралы энергия тиімділігі картасы болып саналады;
– Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму бағдарламасы, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Герман энергетикалық агенттігі және басқалар сияқты стратегиялық серіктестермен ынтымақтастық жолға қойылған.
Энергия тиімділігі мен энергия сыйымдылығы терминдері бір тақырып шеңберінде бірге айтылып жүргенімен, мағынасы екі бөлек ұғымдарға жатады. Энергия тиімділігі – белгілі бір жұмысты атқаруға жұмсалатын қуат көлемін кеміте отырып, дәл сондай немесе одан да тәуір нәтижеге қол жеткізу. Қарапайым тілмен айтқанда, аз энергия жұмсап, көп өнім алу. Энергия тиімділігі саясатына үлес қосуды әр адам күнделікті өмірде өз отбасынан бастап кеткені жөн. Мысалы үйдегі ескі лампаны жарықдиодты жаңа LED шамға ауыстырдыңыз делік. Бұрынғы шамыңыз 100 Вт энергия тұтынса, LED шам небәрі 10 Вт тұтынады, алайда екеуінің шашатын жарығы бірдей. Міне қарапайым тұрғыда түсіндірсек, энергия тиімділігі деген осы. Ал энергия сыйымдылығы – өнім өндіруге қолданылған қуаттың жалпы мөлшері, «нақты бір нәрсені жасауға қанша энергия кетті?» деген сұраққа жауап беретін көрсеткіш. Әдетте шикізатқа тәуелді, технологиясы ескірген елдерде энергия сыйымдылығы жоғары келеді.
Өз кезегінде энергия сыйымдылығы төмен елдер жаңа технологияларға, қызмет көрсету секторына, IT саласына иек артады. Қысқасы энергия сыйымдылығының неғұрлым төмен, энергия тиімділігінің неғұрлым жоғары болғаны жақсы. Дегенмен екеуінің де басты мақсаты – ресурсты шақтап пайдаланудың арқасында қаржыны үнемдеу, қоршаған ортаға тиетін зиянды азайту. Халықаралық энергетика агенттігінің шолуы бойынша, Қазақстанда ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы әлемдегі орташа көрсеткіштен 1,5 есе, ЭЫДҰ елдерінен 3 есе жоғары. Сәйкесінше энергия тиімділігі тура осындай мөлшерде төмен деген сөз. Ысыраптың ең үлкені тұрғын үйлер мен ғимараттар секторында дейді сарапшылар.
Жылудың сақталмауынан, автоматты жүйенің жоқтығынан энергияның 35- 40 пайызы сыртқа кетуі ықтимал. Ал өнеркәсіп пен зауыт-фабрикаларда бұл көрсеткіш – 25-30 пайыз. Өндірістегі ескі құрал-жабдықтар, тозған технологиялар шамадан тыс көп қуат жеп, шикізатты текке рәсуа қылады. Тағы 20-25 пайызы ЖЭО мен жылу желілеріне тиесілі. Жылу мен жарық өндіретін орталықтар қатты көнергендіктен, қуат көзі түпкі тұтынушыға жеткенше жолда жоғалады. Көлік саласында энергия ысырабының үлесі – 15-20 пайыз. Мұнда да сол ескірген автопарк және тиімсіз логистика деген сияқты факторлардың кері әсері болуы мүмкін. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды міндеттер қолға алынды. Мәселен 2012 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» салалық заң қабылданып, нормативтік база қалыптасты.
Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылып, жылына 1,5 мың тонна шартты отыннан артық тұтынатын ірі кәсіпорындарға міндетті энергия аудиті кіргізілді. 2015 жылы энергия аудитін өткізу мерзімдері нақтыланып, энергия үнемдеуге қатысты кешенді шаралардың рөлі күшейтілді. Бюджеттік мекемелерге мемлекеттік сатып алу арқылы энергия үнемдейтін құрылғылар (мысалы, LED жарықтандыру) орнату міндеттелді.
2022 жылы бақылау жүйесі цифрландырыла бастады. Заңға жаңа түзетулер енгізілді. Энергия аудитінің мерзімі бұзылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылды. Сондай-ақ, еліміздің үкіметі «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Аталмыш құжатта проблеманы шешу жолдары белгіленді. Өнеркәсіпті қайта жаңғыртуға, ESCO келісімшарттарын дамытуға, құрылыс нормаларын қатаңдатуға негіз қаланды. Осы шаралардың нәтижесінде, қазір біршама бағытта ілгерілеу байқалады. Мәселен мемлекеттік энергетикалық тізілімге енген 20 мыңнан астам субъектінің 90 пайыздан астамы энергия аудитінен өтті.
«ҚазМұнайГаз», ERG кәсіпорындары сияқты алпауыт трансұлттық һәм отандық өнеркәсіп компаниялары ISO 50001 халықаралық стандартына сәйкестендірілді. Бұл өндірістегі басқару үдерістерін оңтайландырып, шығындарды 3-5 пайызға азайтуға көмектесті. Алматы, Астана, Шымкент тәрізді ірі қалаларда көпқабатты тұрғын үйлердегі ортақ жылу есептегіштер көбейіп, халықтың пайдаланған нақты қуат көлеміне ғана ақы төлеуіне жағдай жасалды. Осылайша ЖІӨ-дегі энергия сыйымдылығы 2015 жылғы базалық көрсеткіштермен салыстырғанда 11,8 пайыз, соңғы бес жылда 7,2 пайыз төмендеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Үкімет 2029 жылға қарай экономикадағы энергия тиімділігін 15 пайыз арттыруды жоспарлап отыр. Әйтсе де, әлемдегі дамыған елдердің деңгейіне жетеміз десек, құрылымдық, технологиялық реформаларды әлі де жеделдету керек. Өйткені мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына кедергі келтіретін іргелі проблемалар жойылған жоқ. Бір назар аударарлық жайт, елімізде ең көп энергияны кәсіпорындар емес, тұрғын үйлер де ысырап етеді екен. Осы орайда ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 55 мыңға тарта көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқаны 33 пайыз болса, 25 жылдан асқаны – шамамен 60 пайыз.
Жартысынан көбі заманауи жылу қорғау талаптарына сай келмейді. Ондай ғимараттардың тұтыну көрсеткіші ЕО-дағы үйлерге қарағанда 2,5 есе жоғары. Жылуды сақтау қасиеті де нашар. Жертөлелерде автоматтандырылған жылу тораптары жоқ. Соның салдарынан көктем-күз айларында пәтерлер ысып кеткенде тұрғындар терезелерді ашып қояды да, ЖЭОдан жөнелтілген қымбат қуатты далаға жібереді. Сондықтан күнделікті тіршілікте, әсіресе жылыту маусымы кезінде тұрғындар энергияны ұтымды жұмсаудың осындай қарапайым тәсілдерін де білгені артықтық етпейді. Көлік секторындағы отын-энергетика ресурстарын тұтыну көрсеткіші қандай? Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметіне жүгінсек, бұл саладағы қуат көздерін пайдалану көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 40 пайызға жуық ұлғайған. Мамандардың пікірінше, екі есеге жақын орасан өсім автопарктің тозғанын, логистикалы тізбектің тиімсіздігін дәлелдейді. Халықтың төмен тығыздығы, сапалы жаңа көліктердің қолжетімсіздігі, елді мекендердің бір-бірінен қашықтығы да үстеме себептер ретінде айтылады. «Жасыл экономиканың» негізінде бірнеше маңызды қағида жатыр.
Біріншіден, табиғи ресурстарды ұтымды пайда- лану және қалдықтардың көлемін азайту.
Екіншіден, жаңартылатын энергия көздерін кеңінен енгізу арқылы көмір мен мұнайға тәуелділікті төмендету.
Үшіншіден, өндіріс орындарында экологиялық таза технологияларды қолдану және көмірқышқыл газының атмосфераға бөлінуін қысқарту. Сонымен қатар халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру да «жасыл экономиканың» маңызды бағыттарының бірі. Баламалы қуат көздерін дамытуда күн, жел, су және биомасса энергиясын пайдалану ерекше орын алады. Мұндай энергия көздері қоршаған ортаға зиян келтірмейді және табиғи ресурстарды сақтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан да «жасыл экономикаға» көшуді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Елде күн және жел энергетикасын дамытуға арналған көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу, энергия тиімділігін арттыру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қолайлы. Әсіресе Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында күн энергетикасын, ал Ақмола мен Қарағанды облыстарында жел энергетикасын дамытуға мүмкіндік мол.
2013 жылы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында арнайы тұжырымдама бекітілген еді. «Жасыл экономика туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл бойынша баламалы энергия қорын тұтынушы халықаралық ұйымдар арнайы стандарттық жүйеге орай энергия менеджменті жүйесін енгізуге тиісті. Демек заң табиғи ресурстарды өз орнымен қолданып, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмысын арттыру, сондай-ақ соңғы кезде әлем болып алаңдап отырған су қауіпсіздігі мәселесін шешуді қарастырады. Шын мәнінде «жасыл экономика», су мәселесі – ғаламдық түйткіл. Осыдан екі жыл бұрын БҰҰ өзінің тұрақты даму бағдарламасын қабылдаған кезде бүкіл дүниежүзін қауіп-қатерден сақтау, қорғау мәселесіне басымдық берді.
Атап айтқанда, әлемде өмір сүріп жатқан халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты жиырмаға жуық міндет жүктелді. Мұның ішінде біз айтқан жайттардан бөлек, ғаламшарды ұстап тұрған бірқатар басымдықтар бар. Ол әлгінде ғана айтқан су тапшылығын жою, жер бетіндегі халықтың әлеуметтік тұрмысын арттыру, энергия көзін ұтымды әрі тиімді пайдалану. Яғни, Қазақстан да бұл мәселені БҰҰ қабылдаған қарарлар мен бағдарламадан тыс шеше алмайды.
2016 жылдың басында БҰҰ-ның тұрақты даму ғаламдық мақсаты қабылданды. Әлемдік көшбасшылар тарапынан ғаламшарды сақтауды қамтамасыз ету мен оның халқының әлеуетін арттыруға бағытталған 17 негізгі мақсат айқындалған. Қазақстан «жасыл экономика» принципін тек елдің ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде де жемісті түрде енгізуде. Осы жобаны сәтті жүргізу үшін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы қолға алынды. Мұндағы мақсат – экологияны басымдыққа ала отырып, су, жер, сол сияқты табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Яғни, жергілікті халықтың жағдайын ескере отырып, жаңа экологиялық технологияларды енгізуге күш салу.
Бүгінде еліміздегі мамандар осы бағдарлама аясында түрлі жобалар ұсынуда. Бұған халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін белгілі мамандар да көмекке келуде. Әрине, кез келген жобаның астарында халықтың әл-ауқаты, жергілікті жердің экологиялық ахуалы, қауіпсіздік мәселесі жатыр. Басты назарда – экологиялық технологияларды елдің ішінде енгізу.
Осыдан үш жыл бұрын халықаралық деңгейдегі ұйымдар елімізде «жасыл экономикаға» өту үлгісіне байланысты жобаларға мықтап кірісті. Сондықтан елімізде «жасыл экономикаға» қадам басу сатылап жүзеге асуда. Мәселен, 2013-2020 жылдарға арналған бірінші кезеңде инфрақұрылым құру, 2020-2030 жылдарға бекітілген екінші кезеңде жаңартылған қуат технологиясын пайдалану шарасы қарастырылған. Сол сияқты 2030-2050 жылдарға бағытталған келесі кезеңде үшінші өнеркәсіп төңкерісіне біртіндеп көшуді жүзеге асыру жүктелген. Сонымен қатар тұрғын үйлерге жылы су жеткізуді қамтып, көшеде соңғы еуростандарттағы көліктерді жүргізу, энергия саласына жауапты мамандар даярлайтын арнайы академия ашу жоспарға іліккен. Егер аталған жоба кезең-кезеңімен жүзеге асса, алға қойған мақсатқа жететін күн жақын. Сондықтан, әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған бағдарламаны да, әлгінде сөз еткен тұжырымдаманы да келешек ұрпақтың қамы деп ұққан жөн. «Жасыл экономика» – жаңашылдыққа ұмтылу.
Халықаралық энергетика агентігі 2050 жылға дейін күн мен күн жылу энергиясы әлемдік сұраныстың 27 пайызын қамтамасыз ететіндігін есептеп шығарған. Сондай-ақ, аталған агенттік 2050 жылы пайдалы қазбаларды өндіру ісі біржолата тоқтайтынын да болжап отыр. Осы тұрғыдан алғанда «Жасыл экономика» – қазіргі заманның ең маңызды даму бағыттарының бірі. Германия, Швеция, Дания, Жапония және Нидерланд сияқты дамыған мемлекеттердің тәжірибесі экологиялық таза технологияларды енгізудің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тиімді екенін дәлелдеп отыр. Бұл елдер жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы тұрақты дамуға қол жеткізуде. Қазақстан үшін де бұл тәжірибелердің маңызы зор. Әлемдік озық үлгілерді тиімді пайдалану еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан «жасыл экономиканы» дамыту – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы да маңызды міндеттердің бірі.
Қысқасы, «жасыл экономиканы» дамыту арқылы энергияны үнемдеу – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, қоршаған ортаны қорғаудың және экономикалық шығындарды азайтудың маңызды жолы. Электр энергиясын қажетсіз жұмсамау, энергия тиімділігін арттыратын технологияларды қолдану және жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы табиғатқа түсетін салмақты азайтуға болады. Энергия үнемдеу – уақыт талабы. Себебі күннен шуақ, желден қуат алатын «жасыл экономика» технологиясын тиімді пайдалану керек. Ол үшін тұрғындардың жадына энергия үнемдеуді өз отбасынан бастау қажет екендігін ұдайы естеріне салған артықтық етпейді. Энергия үнемдеуге қатысты БҰҰ Даму бағдарламасы арнайы сауалнама жүргізген екен. Сауалнамаға жауап берген респонденттердің үштен бірі ғана (сұрау салынған 2500-дің 35 пайызы) энергия үнемдейтін өмір салты жайында аз-кем хабардар екендігін айтып жауап берген көрінеді.
Энергияны үнемдеу тек мемлекет пен арнайы мекемелердің міндеті емес, әрбір адамның күнделікті өмірінен басталатын маңызды іс. Үйде, мектепте, жұмыста электр құрылғыларын тиімді пайдалану, жарықты қажетсіз жақпау және жылуды ысырап етпеу – қарапайым болғанымен, нәтижесі зор әрекеттер. Сондықтан энергияны бүгіннен бастап ұқыпты пайдалану – табиғатты қорғауға, қаржыны үнемдеуге және болашақ ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыруға жасалған маңызды қадам. Әр адам энергияны үнемдеуге өз үлесін қосса, қоғамның да, елдің де тұрақты дамуына үлкен мүмкіндік туады.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА.