«Шаңырағым – шаттығым»

20 Views

Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылық, береке мен бірліктің бастауы. Осы орайда 13 қыркүйек – Отбасы күніне арналған «Шаңырағым – шаттығым» атты отбасылық кездесу Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шара аясында ауылымыздағы жас, көпбалалы әрі жеке кәсіпкерлікпен айналысып отырған Барменовтар отбасына арнайы барып, мерекемен құттықтап, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, еңбек пен кәсіп жайында сыр-сұхбат жүргізілді.
Бақдәулет Барменов 1993 жылы туған. Ал жары Сәуле Мамырова – 1997 жылы туған. Бүгінде олар 6 баланы тәрбиелеп отырған өнегелі жас отбасы. Жастарына қарамастан, ерлі-зайыптылар он жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып, ауыл тұрғындарын табиғи әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп келеді. Атап айтқанда, өз еңбектерімен өндірілген таза сүт, қымыз, құрт, қаймақ, ірімшік және ет өнімдерін ұсынып, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосып отыр.
Барменовтар отбасы – еңбекті бала тәрбиесімен ұштастырып, үлкен жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан жанұялардың бірі. Олар алты перзентіне мейірім мен ізгілікті,
еңбексүйгіштік пен адамгершілікті бойына сіңіріп, отбасылық құндылықтарды берік ұстанып келеді.
Сұхбат барысында Бақдәулет пен Сәуле отбасының берекесі – өзара түсіністік пен сыйластықта. Ал бала тәрбиесінің негізі – ата-ананың жеке өнегесінде екенін атап өтті. Еңбек пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген жас жұбайлардың өмір жолы – ауыл жастарына үлгі боларлықтай.
«Шаңырағым – шаттығым» атты кездесу барысында Барменовтар отбасының қарапайым тіршілігі мен мағыналы әңгімесі отбасы бақытының үлкен дүниеден емес, күнделікті сыйластықтан, адал еңбектен және бала күлкісінен құралатынын тағы бір мәрте көрсетті.
Осындай өнегелі отбасылардың өмір жолын насихаттау – кейінгі ұрпаққа отбасы құндылықтарын дәріптеп, ауылымыздағы берекелі шаңырақтардың үлгісін көрсетуге жол ашады.
Азиза ИСАЕВА,
Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің мәдени іс-шара ұйымдастырушысы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий