ҚАЗІРГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТІЛІН қалай табамыз?
«Біздің кезде бұлай емес
еді…» Бұл сөйлемді қазіргі атааналардың аузынан жиі еститін
болдық. Үйде тоңазытқыш
толып тұр. Ет бар, нан бар, дайын тамақ бар. Бірақ бала: «Жейтін ештеңе
жоқ», – дейді. Анасы таңырқайды. «Қалай жоқ?
Тоңазытқыш тамаққа толып тұр ғой!» Кейбір
жасөспірім ет жемейді. Кейбірі таңғы ас ішпей-ақ
мектепке кете береді. Бірі күні бойы тамақтанбай
жүріп, кешке бір ғана бургер немесе йогуртпен
шектелуі мүмкін. Ал ата-анасы үшін мұның бәрі
түсініксіз. Олар тағы көп нәрсеге таңғалмайды.
Бұрын бір жерге саяхаттау, жаңа телефон, шетелден
келген зат немесе үлкен экранның өзі баланың
қызығушылығын оятатын. Қазір бала әлемнің
түкпір-түкпіріндегі дүниені интернеттен көріп өсті.
Жаңа нәрсе оған бірнеше секундта-ақ экран арқылы
жетеді. Ең қызығы – олар өз шекарасын жақсы
біледі. Зумерлер «мен мұны қаламаймын», «маған
бұлай сөйлемеңіз», «бұл – менің жеке затым»,
«мен шаршадым», «қазір сөйлескім келмейді» деп
ашық айтады. Біздің буын үшін мұндай сөздер кейде ерсі естіліп жатады. Өйткені бізге «үлкеннің
алдын кеспе», «айтқанды істе», «қонақ келсе көңіл
бөл», «тамақты таңдамай же», «бала үндемейді,
тыңдайды» деген тәртіппен өмір сүру үйретілді.
Ал бүгінгі ұрпақтың дүниетанымы басқа. Сонда
кімдікі дұрыс? Мәселе, бәлкім, «кімдікі дұрыс?»
деген сұрақта емес шығар. Мәселе – бір үйдің
ішінде әртүрлі дәуірде қалыптасқан адамдардың
өмір сүріп жатқанында. Миллениалдар кімдер? Миллениалдар, яғни Y ұрпағы, әдетте 1980
жылдардың басы мен 1990 жылдардың
ортасы аралығында туған адамдарға
қатысты қолданылады. Бірақ ұрпақтардың нақты шекарасы барлық зерттеушілерде бірдей емес. Миллениалдар
– аналогтық әлемнен цифрлық
әлемге өткен буын. Олар балалық
шағында кассетамен музыка тыңдады.
Телефонның сымына байланып отырды.
Компьютердің интернетке қосылғанын
күтті. Бір-біріне хат жазды. Кітапханаға
барып ақпарат іздеді. Ал кейін әлеуметтік
желі, смартфон, онлайн төлем, YouTube,
мессенджерлер, жасанды интеллект
пайда болған заманды көрді. Яғни
миллениалдардың ерекше тәжірибесі
бар. Олар технологиясыз өмірді де
біледі, технологиямен өмір сүруді де
үйренді. Сондықтан бұл буын ата-ана
ретінде бір жағынан дәстүрлі тәрбиеге,
екінші жағынан жаңа заманның
талаптарына бейімделуге мәжбүр.
«Біздің кезде бәрі басқаша еді…»
Иә, басқаша еді. Бірақ біздің балалық
шағымыздың әлеуметтік ортасы да
басқа болды. Ақпарат та, таңдау да аз
еді. Қазіргідей мың түрлі тағам, киім,
ойынсауық, видео, ойын, қосымша сабақ,
үйірмелер болмады. Біз бір теледидарды
бүкіл отбасы болып көрдік. Ал бүгін
әр баланың қолында жеке экран
болуы мүмкін. Біз бір үйдегі жалғыз
компьютерді кезекпен пайдаландық.
Олар смартфонды жеке кеңістік
ретінде қабылдайды. Біз ата-анадан
көп нәрсені сұрадық. Олар Googleдан, TikTok-тан, YouTube-тан немесе
басқа платформадан бірден ақпарат
таба алады. Сондықтан қазіргі балаға
ата-анасы «сен мұны білмейсің» деген
кезде, оның ішкі реакциясы: «мен өзім
тауып ала аламын» болуы мүмкін. Бұл –
ата-ананы қажет етпейді деген сөз емес.
Бұл – білімге қол жеткізу тәсілі өзгерді
деген сөз.
Зумерлер кімдер? Зумерлер немесе
Z ұрпағы – көбіне 1990 жылдардың
соңы мен 2010 жылдардың басында
туғандарға қатысты қолданылатын
атау. Олар интернеттің кең таралған
кезеңінде өсті. Олардың өмірінде
әлеуметтік желі – ерекше жаңалық
емес, күнделікті ортаның бір бөлігі.
Сондықтан зумерлердің қарымқатынасы да өзгеше. Олар жұмыс
пен жеке өмірдің аражігін бөлуге,
психологиялық жайлылыққа, жеке
шекараға, өзін-өзі көрсетуге көбірек мән
береді. Бірақ мұнда бір маңызды нәрсе
бар. «Барлық зумер осындай» деу дұрыс
емес. Ұрпақ теориясы – адамдардың мінезін анықтайтын заң емес. Бір
буынның ішінде де мінезі, тәрбиесі,
әлеуметтік ортасы, тұрмыс
жағдайы әртүрлі миллиондаған
адам бар. Сондықтан «зумерлер ет жемейді», «зумерлер жұмыс істегісі
келмейді», «зумерлер жалқау» деген
жалпылама пікірлер шындықты толық
көрсете алмайды. Ал Альфа ұрпақ
ше? Альфа ұрпағы – шамамен 2010
жылдардың басынан 2020 жылдардың
ортасына дейін туған балаларды
сипаттау үшін қолданылатын атау.
Бұл – экрандық технологияны балалық
шағынан бастап табиғи орта ретінде
қабылдаған буын. Олар үшін сенсорлы
экран – таңғажайып жаңалық емес.
Дауыспен іздеу, онлайн ойын, қысқа
видео, бейнеқоңырау, цифрлық карта
– қалыпты нәрсе. Ал енді жасанды
интеллект те олардың өміріне кіріп
жатыр. Сондықтан Альфа ұрпағының
баласы «компьютер деген не?» деп
өспейді. Ол технологиямен бірге
өседі. Бұл ата-ана үшін жаңа сұрақтар
туғызады. Балаға экранды қанша уақыт
ұстауға болады? Ақпараттың дұрысын
бұрысынан қалай ажыратады?
Жасанды интеллектіні оқу үшін
қалай пайдаланады? Интернеттегі
қауіпсіздігін қалай қамтамасыз
етеміз? Ең бастысы – технология
б а л а н ы ң а т а — а н а с ы м ен қ а р ы м —
қатынасын алмастырып кетпей ме?
Неге олар «ештеңеге таңғалмайды»?
Шын мәнінде, олар таңғалмайды
емес. Олардың таңғалатын дүниесі
өзгерді. Біздің буын үшін шетелдік
мультфильмнің бір кассетасы үлкен
жаңалық болуы мүмкін еді. Қазір
бала әлемдегі ең биік ғимаратты да,
мұхиттың түбін де, ғарыштағы көріністі
де смартфоннан көре алады. Бұрын адам
алыстағы туысын жылына бір рет көрсе,
қазір бейнеқоңырау арқылы күн сайын
сөйлесе алады. Сондықтан физикалық
жаңалықтың құндылығы төмендеп,
эмоциялық және интеллектуалдық
тәжірибенің маңызы арта түсті. Қазіргі
балаға таңғалу үшін жай ғана «жаңа
зат» жеткіліксіз болуы мүмкін. Оған
жаңа тәжірибе, қызықты оқиға, ерекше
идея қажет. «Тоңазытқыш толы, бірақ
жейтін ештеңе жоқ». Бұл сөз қазіргі
ата-ананың жүйкесін жұқартатын
классикалық жағдайға айналды. Алайда
мұның да түсіндірмесі бар.
Бұрын үйде бір тамақ дайындалса,
отбасының бәрі соны жейтін. Қазір
баланың таңдауы көп. Ол белгілі бір
дәмге үйренген. Бірі ет жемейді, бірі сүт
ішпейді, бірі көкөністі ұнатпайды, енді
бірі тек белгілі бір тағамды қалайды.
Бірақ мұнда екі шектен сақ болған жөн.
Біріншісі – баланың кез келген талабын
орындап, отбасының бүкіл тамақтану
тәртібін соған бейімдеу. Екіншісі –
«біздің кезде таңдау болмады, сен де
талғамай же» деп баланың қажеттілігін
мүлдем елемеу. Ең тиімді жолы –
отбасылық ереже мен баланың таңдауын
қатар ұстау. Мысалы үйде пайдалы
негізгі тағам болады. Бала соның ішінен
өзіне ұнайтын нұсқаны таңдай алады.
Бірақ «маған ұнамайды» деген себеппен
күн сайын тек тәтті, фастфуд немесе
жеңіл тағаммен өмір сүру қалыпты
жағдайға айналмауы керек. Ал бала
ұзақ уақыт бойы тамақтанудан бас
тартса немесе тамақтануы қатты
өзгерсе, оны тек «зумерлер сондай»
деп түсіндіру дұрыс емес. Мұндай
жағдайда оның денсаулығына, көңілкүйіне және тамақтану әдеттеріне назар
аудару қажет. «Менің шекарам бар».
Міне, ұрпақтар арасындағы ең үлкен
айырмашылықтардың бірі осы.
Біздің буынның көпшілігі үшін
отбасы, үлкенді сыйлау, ұжымның
пікірі өте маңызды болды. Жеке шекара
дегенді білмедік. Бауырлар бірінің киімін
бірі киіп өсті. Бір бөлмеде ұйықтады
дегендей. Ал қазіргі жастар «мен»
деген ұғымды көбірек алға шығарады.
Бірақ жеке шекара деген – ата-ананы
сыйламау емес. Шекара дегеніміз – жеке
аймағыңды қорғау. «Менің бөлмеме
кірерде есік қағыңыз». «Менің затымды
рұқсатсыз алмаңыз». «Менің пікірімді
тыңдаңыз». «Маған айқайламай
сөйлесіңіз». «Менің де демалуға
құқығым бар». Бұл – отбасындағы
жаңа мәдениетті қалыптастыруы
мүмкін. Бірақ шекараның екінші жағы
да бар. Шекара – жауапкершіліктен
бас тарту емес. «Бұл менің шекарам»
деп үйдегі барлық міндеттен қашу,
ата-ананың еңбегін бағаламау немесе
өзгелердің шекарасын бұзу – жеке
шекара ұғымының мәніне қайшы.
Сондықтан балаға тек «шекараңды біл»
деу жеткіліксіз.
«Өз шекараңды қорға, бірақ басқа
адамның шекарасын да құрметте»
деген қағиданы қатар үйрету керек.
Біз олармен қалай тіл табысамыз?
Мүмкін, ең алдымен оларды өзгертуге
тырысуды тоқтату керек шығар. Біз
баламыздың «Менің кезімдегі баладай
болғанын» қалаймыз. Ал ол бала –
біздің заманымыздың баласы емес.
Ол – басқа әлемнің баласы. Сондықтан
«сен біздің кезде…» деген сөйлемді
азайтып, «сенің ойың қандай?»
деген сұрақты көбейткен жөн. Бала
телефоннан басын алмай отыр ма?
«Телефонды қой!» деп бірден ұрыспай
«Қазір не көріп отырсың?» деп сұрап
көруге болады. Оның қызығушылығын
түсінгеннен кейін ғана шектеу туралы
сөйлесу әлдеқайда оңай. Бала белгілі
бір тағамды жемей ме? «Біздің кезде
талғамай жейтінбіз» деудің орнына
«Нені ұнатпайсың? Неге?» деп сұрау
керек. Бала өз бөлмесіне жалғыз
қалғысы келе ме? «Бұрын балалар атаанасынан қашпайтын» деудің орнына
«Саған қазір тыныштық керек пе?»
деп сұрау. Кейде тіл табысу үшін үлкен
өзгеріс емес, бір ғана дұрыс сұрақ
жеткілікті. Ұрпақтар сабақтастығы
үзілмеуі керек.
Д е г ен м ен ж а ң а ұ р п а қ т ы ң
ерекшелігін қабылдаймыз деп өз
құндылықтарымыздан бас тартуға
болмайды. Үлкенді сыйлау, кішіні
қорғау, еңбек ету, уәдеде тұру, адал
болу, отбасын қадірлеу, білім алу,
қиындыққа төзе білу, өзгенің еңбегін
бағалау. Мұндай құндылықтардың
ескіретін түрі жоқ. Тек оларды жеткізу
тәсілі өзгеруі мүмкін. Бұрын ата-ана «мен айттым – болды!» дейтін. Қазір
«мұның себебі мынада, сен қалай
ойлайсың?» деп сөйлесуге тура келеді.
Бұрын бала ата-ананың тәжірибесін
тыңдайтын. Қазір ата-ана да баланың
цифрлық әлемдегі тәжірибесінен үйренуі
мүмкін. Демек, ұрпақтар сабақтастығы
– бір буынның екіншісіне ақыл үйретуі
ғана емес. Бұл – екі жақтың бір-бірінен
үйренуі. Альфа ұрпағынан кейінгі
буынды кейбір демографтар мен
зерттеушілер «Бета ұрпағы» (Generation
Beta) деп атай бастады.
Бұл атау негізінен 2025 жылдан бастап
дүниеге келген балаларға қатысты
қолданылатын болжамды жіктеу ретінде
таралып келеді. Егер бұл атау орнықса,
бета ұрпағы жасанды интеллект,
автоматтандыру, ақылды құрылғылар
және цифрлық жүйелер бұрынғыдан
да терең енген әлемде өседі. Бірақ бұл
жерде бір нәрсені ұмытпау керек. «Бета
ұрпағы міндетті түрде осындай болады»
деп бүгіннен нақты айту мүмкін емес.
Өйткені болашақты технология ғана
жасамайды. Экономика, қоғам, білім,
отбасы, мәдениет, саясат, жаһандық
өзгерістер – бәрі адамның мінезі мен
құндылығына әсер етеді.
Бүгін дүниеге келген бала ертең
қандай адам болатынын оның туған
жылы ғана анықтамайды. Ең үлкен
айырмашылық – жаста емес, тәжірибеде.
Миллениалдар да, зумерлер де, альфа
ұрпағы да бір қоғамның мүшелері.
Олардың айырмашылығы – өмірге
келген тарихи және технологиялық
жағдайында. Миллениалдар өзгерісті
көріп өсті. Зумерлер цифрлық әлемнің
ішінде қалыптасты. Альфа ұрпағы
технологияны қалыпты орта ретінде
қабылдады. Ал Бета ұрпағы жасанды
интеллектпен одан да тығыз байланыста
өсетін болуы мүмкін. Бірақ олардың
барлығына ортақ нәрсе бар. Олардың
бәріне адамдық қарым-қатынас қажет.
Балаға қанша технология берсек те,
ата-ананың жылы сөзі, бірге ішкен
шай, бірге күлген сәт, тыңдай білетін
құлақ, қауіпсіз отбасы атмосферасы өз
маңызын жоғалтпайды. Мүмкін, бүгінгі
ата-ананың ең үлкен міндеті – баланы өз
заманына қайтару емес, өзінің өзгеріп
жатқан әлеміне бірге бейімделу шығар.
Өйткені ұрпақтар арасындағы көпір бір
жағынан ғана салынбайды.
Үлкендер жастарға қарай бір қадам
жасайды. Жастар үлкендерге қарай бір
қадам жасайды. Ал ортасында – отбасы
қалады. Біздің «біздің кезде» деген
өткеніміз бен олардың «қазір» деген
бүгінінің арасындағы ең маңызды көпір
де – осы. Бір-бірімізді өзгертуге емес,
түсінуге тырыссақ, әр ұрпақ өз орнын
табады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА.
