Цифрлық технологиялар мен креативті тәсілдер инклюзивті кітапхана қызметінің аясын кеңейтуде. Қоғам дамып, ақпараттық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сайын кітапхана қызметіне қойылатын талаптар да өзгеріп келеді. Бүгінде кітапханашы тек кітап қорын сақтап, оқырманға қажетті әдебиетті ұсынатын маман ғана емес, сонымен қатар ақпараттық кеңістікті меңгерген, цифрлық құралдарды тиімді пайдаланатын, шығармашылық ізденіске бейім әрі әрбір оқырманның жеке қажеттілігін ескеретін кәсіби маман болуы тиіс. Әсіресе көру қабілеті бұзылған азаматтарға қызмет көрсететін кітапханалар үшін заманауи технологияларды меңгеру мен инклюзивті ортаны қалыптастырудың маңызы зор.
Осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және кітапхана мамандарының кәсіби құзыретін жетілдіру мақсатында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Кітапханашының жаңа бейнесі: цифрлық құзырет және креативті қызмет» атты облыстық семинар өтті. Тағылымды шараға облыстың аудандарынан келген кітапхана қызметкерлері қатысып, кітапхана ісіндегі жаңа үрдістерді, цифрлық мүмкіндіктерді және ерекше қажеттілігі бар оқырмандарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жолдарын ортаға салды. Бүгінгі кітапхана – білім мен ақпараттың, руханият пен мәдениеттің тоғысқан ортасы. Оның қызметі заман талабына сай жаңарып, оқырманның ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы керек. Бұл ретте кітапханашының кәсіби біліктілігімен қат ар, жаңа технологияларды игеруі, шығармашылық әлеуеті мен оқырманмен тіл табыса білуі де маңызды.
Семинарды кітапхана директоры Жанна Алшинбаева ашып, шараның мақсатына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер мамандардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, өзара тәжірибе алмасуына және көру қабілеті бұзылған оқырмандарға ұсынылатын қызмет түрлерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
– Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында республикада алғаш рет 4 форматты инклюзивті ертегі кітаптарын жарыққа шығарды. Бір кітапта үлкен қаріп, Брайль қарпі, бедерлі-тактильді суреттер және QRкод арқылы тыңдалатын аудионұсқа қамтылған. Бұл әртүрлі көру мүмкіндігі бар отбасы мүшелеріне ертегіні бірге оқып, тыңдап, сезінуге мүмкіндік береді. Аудиоертегілер кітапхана жанындағы арнайы студияда кітапханашылардың өз дауысымен жазылып, туындыларға ерекше жылулық пен шынайылық сыйлады. Жоба көзі көрмейтін және әлсіз көретін балалардың кітапты қатарластарымен тең дәрежеде қабылдауына жол ашып, инклюзивті кітап оқудың жаңа үлгісін қалыптастыруда. Бүгінде кітапхана қоры осы ерекше форматтағы 16 кітаппен толықты, – дейді Жанна Тұрарқызы.
Шынында да, қазіргі кітапханашы үшін цифрлық құзырет – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Электронды ресурстармен жұмыс істеу, аудиоматериалдар әзірлеу, ақпаратты қолжетімді форматта ұсыну, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану – кәсіби қызметтің жаңа бағыттары. Осындай құралдарды орынды қолдану кітапхана жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқырманның ақпаратты өзіне қолайлы тәсілмен қабылдауына жол ашады.
Семинар аясында осы мәселелер жан-жақты қарастырылып, қатысушылар кітапхана қызметін жаңғыртуға бағытталған тың идеялармен танысты. Кәсіби басқосу мамандардың жаңа білім игеруіне ғана емес, күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын іздеуіне де ықпал етті.
Ізгі қарым-қатынас пен психологиялық қолдаудың маңызы
Кітапхана қызметінің басты өзегі – оқырман. Сондықтан кез келген технологиялық жаңашылдық адамға бағытталып, оның қажеттілігі мен мүмкіндігін ескеруі тиіс. Әсіресе көру қабілетінен айырылған немесе көруі нашар азаматтармен жұмыс істеуде кәсіби әдеп, түсіністік және психологиялық қолдау айрықша рөл атқарады. Семинар барысында нейропсихолог Гүлжамал Жайлыбаева осы мәселелерге арналған тренинг өткізді. Ол көру қабілетінен айырылған жандармен дұрыс қарым-қатынас орнату, олардың психологиялық ерекшеліктерін ескеру, қолдау көрсету және қоғамға бейімделуіне ықпал ету тақырыптарын қамтыды.
Мұндай бағыттағы білім кітапханашылар үшін аса маңызды. Өйткені оқырманға көмек көрсету барысында оның дербе стігін құрметтеу, қажет кезде қолдау ұсыну және өз мүмкіндігін еркін пайдалануына жағдай жасау қажет. Әдепті қарым-қатынас пен сенімді байланыс адамның өзін жайлы сезінуіне, қоғамдық ортаға белсенді араласуына ықпал етеді.
Инклюзивті қызмет дегеніміз – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жай ғана жағдай жасау емес, олардың қоғамның мәдени және рухани өміріне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беру. Осы тұрғыдан алғанда, кітапхана мамандарының психологиялық сауаттылығын арттыру – сапалы қызмет көрсетудің маңызды шарттарының бірі.
«Алтын қор» – әдеби мұраны сақтаудың жаңа мүмкіндігі
Кітапхана қызметінің тағы бір маңызды бағыты – ұлттық әдеби мұраны сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу. Осы орайда семинар барысында «Алтын қор» жобасы таныстырылды. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – өңір ақын-жазушыларының дауысын аудиожазбаға түсіру арқылы әдеби мұраны сақтау. Әр қаламгердің өз шығармасын өз даусымен оқуы – әдеби туындының мазмұнын ғана емес, автордың сезімі мен шығармашылық болмысын да жеткізетін құнды дүние. Ақынның өлеңді нақышына келтіріп оқуы, жазушының шығармасына тән интонациясы мен дауыс ырғағы тыңдарманға ерекше әсер қалдырады. Мұндай жазбалар уақыт өте келе өңірдің рухани шежіресін толықтыратын мәдени мұраға айналуы мүмкін.
Аудиокітаптар мен дыбыстық жазбалардың зағип және әлсіз көретін оқырмандар үшін де маңызы зор. Көркем әдебиетті тыңдау арқылы олар әдеби шығармалармен танысып, білім көкжиегін кеңейтіп, рухани құндылықтарға жақындай түседі. Сонымен бірге дыбыстық қор кітапхана қызметін пайдаланудың мүмкіндіктерін арттырып, ақпаратты қабылдаудың балама жолын ұсынады.
Бұл ретте «Алтын қор» жобасы әдеби мұраны сақтаудың дәстүрлі тәсілдерін заманауи технологиялармен ұштастырудың жарқын үлгісі ретінде ерекшеленеді. Өңір қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын дыбыстық форматта жинақтау болашақта зерттеушілерге, әдебиет сүйер қауымға және кітапхана оқырмандарына пайдалы ресурс қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект – кітапханашының көмекшісі
Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы кітапхана саласына да тың мүмкіндіктер әкелді. Соның ішінде жасанды интеллект құралдарын пайдалану ақпаратты іздеу мен өңдеуді жеңілдетіп, шығармашылық жұмыст арды ұйымдастыруға жол ашып отыр. Семинарда Камила Абдуалиева жасанды интеллектіні кітапхана қызметінде тиімді қолданудың жаңа тәсілдерін көрсетіп, ақпарат әзірлеу, мәтінді өңдеу және шығармашылық идеяларды жүзеге асыру жолдарын тәжірибе жүзінде таныстырды.
Жасанды интеллект кітапханашыға түрлі тақырыптағы материалдарды әзірлеуге, іс-шаралардың мазмұнын жоспарлауға, мәтіндерді жүйелеуге және оқырманға арналған ақпараттық өнімдерді дайындауға көмектесе алады. Сонымен қатар оны аудиоматериалдармен, цифрлық ресурстармен және шығармашылық жобалармен жұмыс істеу кезінде де тиімді пайдалануға болады. Дегенмен технологияны қолдануда ақпараттың дұрыстығын тексеру, деректердің сенімділігіне көз жеткізу және кәсіби жауапкершілікті сақтау маңызды.
Жасанды интеллект маманның орнын басатын құрал емес, оның мүмкіндігін кеңейтетін көмекші ретінде бағалануы керек. Ал оны сауатты пайдалана білу кітапханашының кәсіби шеберлігін арттырып, оқырманға ұсынылатын қызметтің мазмұнын байыта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, семинар барысында ұсынылған тәжірибелік тәсілдер қатысушыларға цифрлық жаңашылдықтарды күнделікті жұмысқа енгізу жолдарын түсінуге мүмкіндік берді.
3D технологиялар және ақпараттар ағыны
Семинардың тәжірибелік бөлімінде 3D принтер мен PIAF құрылғысы арқылы әзірленген жұмыстар таныстырылды. Бұл технологиялар көру қабілеті бұзылған азаматтарға қоршаған ортадағы нысандардың пішіні мен ерекшеліктерін қолмен сипап сезу арқылы тануға көмектеседі. 3D принтер арқылы әртүрлі көлемді макеттер мен нысандардың үлгілерін жасауға болады. Ал PIAF құрылғысы арнайы дайындалған суреттерді бедерлі бейнеге айналдыруға мүмкіндік береді. Мұндай материалдар зағип оқырмандардың ақпаратты сипап сезу арқылы қабылдауына жағдай жасайды. Мәселен, бедерлі суреттер мен көлемді макеттер белгілі бір заттың пішінін, құрылымын немесе кеңістіктегі орналасуын түсіндіру кезінде пайдалы. Олар кітапханадағы танымдық сабақтарда, мәдени-ағартушылық іс-шараларда және түрлі тақырыптағы көрмелерде қолданылуы мүмкін. Әсіресе жазық бейне арқылы елестету қиын нысандарды сипап сезу арқылы тану оқырманның түсінігін кеңейтуге көмектеседі. Мұндай технологиялардың құндылығы – ақпаратты қабылдаудың жаңа мүмкіндігін ұсынуында.
Егер дәстүрлі кітапханалық қызметтің негізгі бөлігі мәтін мен бейнеге сүйенсе, бедерлі суреттер мен үшөлшемді үлгілер ақпаратты тактильді жолмен қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл инклюзивті қызметтің мазмұнын байытып, кітапхананың әртүрлі қажеттілігі бар оқырмандарға қолайлы орта қалыптастыруына ықпал етеді.
– Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында зағиптар кітапханалары арасында алғашқылардың бірі болып Creality Ender 3 3D-принтерін қызметіне енгізді. 3D-технология арқылы кітапханада тарихи-мәдени ескерткіштер, сәулет нысандары, белгілі тұлғалардың бюсттері, түрлі танымдық үлгілердің тактильді макеттері жасалады. Бұл макеттер зағип және әлсіз көретін оқырмандарға нысандардың пішінін, көлемін және құрылымын қолмен сезіну арқылы тануға мүмкіндік береді. Осылайша, көру арқылы қабылданатын ақпарат саусақ ұшымен сезіну арқылы бейнеге айналады. Бүгінде кіт апхана қорында Қарахан баба, Айша бибі кесенелері мен Тектұрмас тарихи кешенінің тактильді макеттері бар. Олар зағип оқырмандармен қатар, өзге азаматтарға да тарих пен мәдениетті тәжірибе арқылы танып-білуіне мүмкіндік беріп отыр. 3D-технология – инклюзияны дамытып, білімді сезіну арқылы меңгеруге жол ашатын заманауи құрал, – деді кітапхана директоры Жанна Алшинбаева.
Тәжірибелік жұмыстармен танысқан семинар қатысушылары заманауи құрылғылардың мүмкіндіктерін көріп, оларды кітапхана қызметінде қолданудың жолдары жөнінде ой бөлісті. Мұндай таныстырылымдар жаңа технологиялардың теориялық мүмкіндігін нақты тәжірибемен ұштастыруға жол ашады.
Заманауи кітапхана – баршаға ортақ рухани кеңістік
Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Кездесу барысында көтерілген мәселелер кітапхана қызметкерлерінің кәсіби дамуына, жаңа технологияларды меңгеруіне және инклюзивті қызметті жетілдіруіне қатысты маңызды ойларды ортаға салды. Бүгінде кітапхананың қоғамдық рөлі кітап қорын сақтаумен ғана шектелмейді. Ол – адамның білімге ұмтылуына, шығармашылық қабілетін дамытуына, ақпарат алуына және рухани дүниесін байытуына мүмкіндік беретін маңызды мәдени орта. Ал осы ортаның баршаға қолжетімді болуы қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидатын нығайта түседі. Көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған кітапханалардың қызметі де осы ұстаныммен сабақтас.
Аудиокітаптар, дыбыстық жазбалар, бедерлі суреттер, үшөлшемді макеттер және цифрлық ресурстар оқырманның ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтіп, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы кітапханашылардың кәсіби біліміне, технологиялық сауаттылығына және адамға деген жанашырлығына тікелей байланысты. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында өткен облыстық семинар осы міндеттердің маңызын айқындады. Шара барысында цифрлық құзырет, психологиялық қолдау, әдеби мұраны сақтау және заманауи құрылғыларды пайдалану мәселелерінің бір арнада тоғысуы кітапхана ісінің жаңа бағыттарын көрсетті.
Заман өзгерген сайын кітапханашының да кәсіби бейнесі жаңарады. Бірақ оның басты мақсаты өзгеріссіз қалады, яғни оқырманға жол көрсету, білімге бастау және рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жаңаша бағытта жалғасады. Ал осы мақсатты заманауи технологиялармен ұштастыру кітапхананы баршаға қолжетімді, мүмкіндігі мол әрі шығармашылыққа толы кеңістікке айналдырады.
Қамар ҚАРАСАЕВА