Түйткілді мәселелер талқыланды

655 Views

Кеңес отырысынан

Жастарға қатысты мәселелер қашанда өзекті. Осыған байланысты өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиын өтті. Аталмыш жиында аудан жастарына қатысты бірқатар мәселелер қаралып, оған Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысының төрағасы, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов төрағалық етіп отырды. Айта кетейік, кеңес отырысына аудан әкімінен бөлек облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, облыстық мәслихаттың депутаты Уалихан Болатбек, кеңес мүшелері, аудандық жастар ісі жөніндегі инспекторлар, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандар қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібінде үш өзекті мәселе қаралды. Оның ең алғашқысы бойынша яғни, «Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы» аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Әбіләшім Мырқасымов баяндама жасады. Мекеме басшысы өз баяндамасында ағымдағы жылы аудан аумағында өткен іс-шараларды атап өтіп, жастар жеткен жетістіктерді жіпке тізіп берді.Кеңес мүшелерінің назарынан шалғайда жатқан шағын ауылдардың да мәселесі тыс қалмапты. Сондықтан да күн тәртібінің екінші мәселесінде Қорағаты ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы барысы баяндалды. Сондай-ақ, жиында жастардың жұмыспен қамтылуы оның ішінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы кең көлемде мәлімет берілді. Аталмыш жұмыстар бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков баяндама жасады.
Регламент бойынша сөз сөйлеп, баяндама жасаған басшылардан кейін мінбеге облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа көтерілді. Басқарма басшысы облыс көлемінде «Әулиеата жастары» бағдарламасының жүзеге асырып барысын баяндап, «Жастар саясаты туралы» арнайы Заң қабылданғанын жеткізді. Соның аясында кешенді жоспар да бекітілгенін алға тартты. Сонымен қатар, Серікбол Берікқожа ауданда дұрыс деңгейде іске аспай жатқан бағыттар бойынша кеңінен сөз өрбітті. «Жалпы Тұрар Рысқұлов ауданында «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша жұмыс өз деңгейінде іске асып жатқан жоқ деп топшылауға болады. Неге десеңіздер?! Соңғы жылдары солтүстік өңірлерге оқуға түскен ауданның бірде-бір жасы жоқ. Осыған сәйкес осы жұмыстар бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандырып, бақылауға алуды ұсынамын. Себебі, аудан оқушылары аталмыш бағдарламаның жеңілдіктерімен жақсылап танысуы қажет. Екіншіден, біз бірнеше жыл бұрын салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Тауға өрмелеу» спортын дамытуды қолға алған болатынбыз. Бірақ, бұл жұмыстар да сіздерде бір деңгейде тұр. Тау бөктерінде орналасқан ауданда аталмыш спортты дамытуға мүмкіндіктер жетерлік. Сол себепті осы бағытқа да мықтап көңіл бөлу керектігін айтқым келеді. Сондай-ақ, жастарымызды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға үйрету – аса маңызды.
Жалпы тұрғын үй қажеттілігі бойынша облыста 4400 жас тіркелген. Оның 105-і осы ауданның жастары. Сондай-ақ, аймақта жер кезегіне 6500 жас тіркеліп тұрса, оның 360-ы тұрарлық жастар. Мүмкіндігінше осы бір қос мәселенің де шешу жолдарын қарастыруды сұранамын» деп өз тарапынан өтініштерін жеткізді. Ал ұсыныс ретінде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еріктілердің санын 100-ге дейін көбейту, іс-шара ұйымдастыруға қосымша қаржы бөлу және аудан әкімінің грантын тағайындау сынды жұмыстар керектігін алға тартты.
Ал аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өз сөзінде басқарма басшысының кейбір сын-ескертпелерімен келіспейтінін айтты. «Иә, кейбір бағыттар бойынша жұмыстар өз деңгейінде жүрмей жатқан болар. Бірақ, өз басым жастардың мәселесіне келгенде мықтап көңіл бөлуге тырысамын. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын арнайы экспедиция ұйымдастырып, аудан жастарымен бірге тауға өзім шыққан болатынмын. Тіпті, арнайы жоспар бекітіп, апта сайын тарихи жерлерге саяхат ұйымдастыруды тапсырған едім. Одан бөлек жастар жылында жастар орталығымен бес бірдей бөлім арнайы келісімге келіп, меморандумға отырған еді. Бұл баянды бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз» деп өзге де мәселелер бойынша бақылауды күшейтіп, қаржы мәселесін қарастыруды жауапты мамандарға тапсырды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: