Азаматсың, Ерсін!
Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінуге жарар ол!
Ауданымызда 16 жасында «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген атаққа ие болған спортшыларды білесіз бе? «Аламан» айдарына қанша мақала жазып жүрсек те, кешіріп қойыңыз, біз, бұған дейін білмей келіппіз. Білдік деп те ақталмай-ақ қояйық. Енді біліп жүретін боламыз. Ол жігіттің есімі – Ерсін Станбек. Шынында да Ерсін бар болғаны 16 жасында «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанған таңдаулы жастардың бірегейі. Осыдан 4 жыл бұрын ба екен, Ерсін Станбек мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер арасында үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында топ жарғанын аудан жұртшылығына сауын айтып жазған едік. Одан кейін Ерсін тағы 2 мәрте чемпион болыпты. Сонда ол үстел теннисінен Қазақстанның 3 дүркін жеңімпазы болып тұр ғой. Ал әйтпесе! Ерсінге үстел теннисінің қыр-сырларын алғаш үйреткен Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жансерік Төреқұлов екенін айтайық. «Қазір үстел теннисімен айналысып жүрген жоқпын» дейді жас спортшы. Себебі аяққа салмақ түсіреді. Арғысы түсінікті деген ойдамыз. Қазір ол қол күресіне ден қойған. Әлем жұртшылығы бұл спортты «армрестлинг» дейді. Бір спорттан екінші спортқа ауысқандардың жылдам оған бейімделе қоюы екіталай. Ерсін өзінің еңбекқорлығының арқасында оған да жетті. Жай жетіп қойған жоқ, биікке көтерілді. Ол осы спорттан Қазақстанның және Азия чемпионатының жүлделі I орын иегері атанып та үлгеріпті. Айтпақшы, арасында жүзу спортынан да бақ сынайды Ерсін. Бір спортты мандытпай жүргендер қаншама?.. Міне, нағыз еңбекқор спортшы.
Ерсін қазіргі таңда Тараз қаласындағы №3 спорт мектебінде оқиды. Осында аға жаттықтырушы Ескендір Рысбековтен тәлім алады. Сәрсенбі күні Ерсін армрестлингтен Швеция астанасы Стокгольм қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанды. Ол 55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Жастар арасында емес, ересектер арасында. Ал, ол бар болғаны – 16 жаста. Ойлап көріңізші. Соқталдай жігіттермен қол күрестіреді Ерсін сонда. Көбісін жеңіп те қойып жүр. Айтуынша, өз салмағында 92 спортшы бар екен қазірдің өзінде. Бабы келісіп тұр жерлесіміздің. Енді бағы жанса дейміз. Оны өзі туып өскен Көкдөнен ауылының жұртшылығы әрдайым көкке көтеріп, құрмет тұтады. Ол осы ауылдың мақтанышы.
Бір күн бұрын, яғни сейсенбі күні Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәрім Ағыбаев және осы ауылдың жастарына үлгі болар ақсақал Ораз Үкібаев, аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі бұқаралық спорт іс-шараларды дамыту орталығының Көкдөнен ауылдық округі бойынша аула клуб жетекшісі Аят Құлманов Ерсін Станбекке ақжарма тілектерін айтып, сәт сапар тілеп, шығарып салды. Ауыл әкімі өз сөзінде алдымен биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағанын тілге тиек етті. «Ерсін Станбек армрестлингтен әлем чемпионатына жол жүріп барады. Ерсін ауылдың ғана емес, мемлекетіміздің абыройын көтеруге аттанып бара жатыр. Сондықтан өздеріңіз секілді ауылға сыйлы ақсақалдардың ақ батасы жас спортшыға үлкен қолдау береді деген ниетпен осы жерде бас қосып отырмыз. Жортқанда жолың болсын Ерсінжан» деді ауыл әкімі. Ал, Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәрім Ағыбаев пен ауылдың сыйлы ақсақалы Ораз Үкібаев жас спортшының жастайынан өжет болып өскендігін айтып, Ерсінге ақ баталарын берді. Әттең, жазарымыз көп еді. Дегенмен, осы жерден тізгінді тартайық. Бұйыртса Швециядан оралған соң, арнайы «Аламан» айдарына Ерсіннен сұхбат алатын боламыз. Сәттілік жолдас болып, Стокгольмнен чемпион болып оралуын тілейміз жерлесіміздің. Ендеше қарсыластарыңа қарға тамырлы қазақтың бұла күшін көрсетіп, Алаштың абыройын Көкте желбіретіп қайт ер Ерсін!
Марат Диханбай.