Өзекті мәселелер талқыланды

544 Views

Бүгінде Жамбыл облысы әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық қабылдау кеңесі аудандарға өз iссапарларын жалғастыруда. Бекітілген кестеге сәйкес, аталмыш кеңес мүшелері өткен аптаның жұмасында Луговой ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, қарапайым халықтың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Жиынға облыстық қоғамдық қабылдау кеңесінің мүшелері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов пен «Радонеш» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин және Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысты.
Аталмыш жиында ауыл тұрғындары өздерінің көкейлерiнде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың қатарында электр тарифінің қымбаттылығы, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі және «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысқан луговойлық екі жасөспірімнің мәселесі қаралды. Сондай-ақ, жиында ауыл аумағындағы жұмыссыздық мәселесі кеңінен сөз болды. Ауыл ақсақалдары бұрынғы теміржол саласына қарасты мекемелерді қайта іске қосу керектігін айтса, жастар ауылдан жаңа кәсіпорын ашу керектігін ұсынды. Сонымен қатар, жиында мектеп оқушыларының тәрбиесі жайында айтылып, жасөспірімдердің қоғамдық тәртібіне жауапты мамандардың жетіспейтіні туралы мәселе көтерілді.
Жиын соңында қоғамдық қабылдау кеңесінің мүшелері азаматтардың өтініштерін облыс әкіміне жеткізетіндерін айтып, бірқатар азаматтардың мәселесін құпия сақтау мақсатында жеке сұрақтарымен қабылдады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: