Қарақатқа жаңа мектеп салынса ғой, шіркін!..

498 Views

Өткен жұмада Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров 2021 жылы атқарылған жұмыстары туралы халық алдында қорытынды есебін берді. Құлан ауылдық округіне 2 елді мекен қарайтынын білесіздер. Оның бірі – Қарақат ауылы болса, екіншісі – Шөңгер елді мекені. Ауылдық округте қанша халық тұратынын, елді мекендерді абаттандыру, бюджет және салық түсімдері жөнінде көп әңгіме қозғамай-ақ қояйық. Олардың тезистік нұсқасы газетімізде жарияланды. Сондықтан әңгімені бірден «төтесінен» бастайық.

Есепті жиналысқа Еркін Серікханұлы тыңғы­лықты дайындалыпты. Пандемия салдарына қарамастан, өткен жылы Құлан ауылдық округінде толайым тірліктер атқарылғанын жіпке тізді ол. Қарақат ауылындағы көшелерге асфальт төселінген. Көше жарықшамдары да рет-ретімен қойылып жатыр. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығының арқасында былтыр тау аңғарынан келетін ағын судың бұлақтары да тазартылған екен. Әкім өз тарапынан осы іске білек сыбана кіріскені үшін қарақаттықтарға ризашылығын білдірді. Округ әкімі биыл Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып еді, қарақаттықтар шулап қоя берді. Олар: «Осыдан 3 жыл бұрын ба екен, мектепке күрделі жөндеу жүргізілді ғой. Биыл күрделі жөндеу жүрсе, ол тағы кемінде 20 жылға шегеріледі деген сөз емес пе? 60 жыл болған мектепті несіне әрлей бересіздер. Не спорт залы, не асханасы жоқ. Кабинет саны да аз. Онымен қоймай СЭС келіп, «штраф» салады. Олай болса, біздің ауылға жаңа мектеп салынсын. Тұрғындардың бар қалауы сол» дейді. Бұл ойды сол сәтте менің жанымда отырған Мейрамкүл Есболова да қолдайтынын айтты. Ол «Менің жасым 68-де. Осы ауылға келін болып түскелі 52 жыл болды. Мен келгенде осы қалпында еді. Әлі сол күйі тұр. 60 жылда «сносқа» кететін уақыты болған жоқ па бұл мектептің?» дейді ол ашуға булығып. Ал Исмайыл Гериков болса, «Б.Момышұлы көшесінің жоғары тұсындағы бейіт қоршалмаған. Соны қолға алсаңыз?» деді. Еркін Сейтжапаров алғашқы мәселені блокнотына түртіп алып, аудан әкімі мен аудандық білім бөлімі басшысына жеткізетінін айтты. Ал, Исмайыл Гериков көтерген мәселеге «Ағымдағы жылға қаражат бөлінсе болды, бейіт сыртын қоршайтын боламыз» деді ауылдық округ әкімі. Содан соң жарыссөзге шығып сөз сөйлеген Үмбет Жанаділов кез келген мәселе ауызбіршілікпен шешілетіндігін айтып, ауылдық округ әкімінің жылдық қорытынды есебін «қанағаттанарлық» деп бағалады.
Түс мезгілінен соң дәл осындай есепті жиналыс Шөңгер елді мекенінде өтті. Бұл ауылға газ келді былтыр. Оған олар дән риза. Ауыл тұрғыны Жамал Омарова елді мекендегі балалардың ойын алаңы ескіріп, тозғандығын айтты. Соны жаңа үлгіге сай салу қажеттігін мәселе етіп көтерді ол. Еркін Сейтжапаров бұл мәселе назарға алынып, алдағы күндері жобалық сметалық құжатын әзірлеп, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: